Спутниктік интернеті бар пойыздар алғаш рет жолға шықты

Кеше, 11:28 437

«Астана-Алматы» бағыты бойынша жүретін №3/4 поездарының жолаушылары интернетке қосылды. Бұл рейс теміржол көлігінде заманауи цифрлық технологияларды енгізу бойынша пилоттық жобасы аясында іске асты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл ЦДИАӨМ мен Eutelsat-OneWeb компаниясы арасындағы келісімнің арқасында жүзеге асты. Бұлжоба интернетке дәстүрлі қосылу тәсілдері шектеулі немесе ондай мүмкіндік жоқ елдің шалғай өңірлерінде тұрақты және жоғары жылдамдықты қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Ануар Ахметжанов жаңа технологияны Wi-Fi көмегімен желіге қосылу бойынша сынады.

Пойыздардағы Интернет заманауи спутниктік технологияларды пайдалана отырып қосылады, бұл жолаушыларға сапар бойы мессенджерлерді, бейне хостингтерді және басқа да онлайн-сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Біз Eutelsat-OneWeb компаниясымен спутниктік байланысты қосу бойынша ынтымақтастық аясындағы жоспарларымыздың жүзеге асырылып жатқанына қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміздің аумағы үлкен және дала бойынша интернет қолжетімсіз, енді пойыздарда оған қосылу және сапар барысында онлайн сервистерге қол жеткізуді пайдалану мүмкіндігі бар, - деді цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жолаушылармен кездесуде.

Көптеген жолаушылар WhatsApp бейне қоңырауы арқылы туыстарына бірден қоңырау шалып, YouTube бейнелерін көріп, басқа да танымал қызметтерді пайдалана алды.Жолаушылар жаңа қызметтің сапарды,әсіресе ұзақ маршруттарда ыңғайлы ететінін атап өтті.

Интернеттің қосылу жылдамдығы 50-100 Мб/с болды, бұл интернетті ыңғайлы пайдалануды қамтамасыз етеді, бірақ торренттер мен ағындық жүктеулерге қол жетімділік шектеулі болады.

Айта кетейік, аталмыш жоба № 3/4 «Астана-Алматы» пойызының бір құрамында іске асырылды және пилоттық кезең сәтті аяқталғаннан кейін басқа бағыттарға кеңейтілетін болады, бұл «ҚТЖ» АҚ Ұлттық тасымалдаушысының заманауи технологияларды енгізу және сервис сапасын жақсарту жөніндегі стратегиялық бағытына сәйкес келеді.

Eutelsat-One Web спутниктік желілерін басқару Орталығы «Көктерек» ОКЖ-де орналасқан және тек Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірін қамтуды қамтамасыз етеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: