Спорттағы жетістік үшін резерв қаншалықты маңызды

6 Шілде, 13:13 762

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов республикалық спорттық мектеп-интернат-колледждердің басшыларымен қызметтік бас қосу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш мекемелер жоғары спортқа РЕЗЕРВ дайындайтын бірден-бір негізгі баспалдақ болып отыр. 

Күн тәртібінде оқушылардың мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, келешек ел чемпиондарын қалыптастырып шығуына ұйтқы болатын  негізгі факторларды дамытудың жолдары қарастырылды. Жұмыс барысындағы олқылықтар мен келеңсіздіктердің алдын алу бойынша маңызды қадамдар айқындалып, бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда:

Біздің министрлікке қарасты төрт мектеп-интернат-колледж бен бір республикалық спорт колледж бар. Бүгінде жоғары спортқа резерв дайындайтын басты баспалдақ мекемелер осылар. Келешек чемпиондар да осы жерде егжей-тегжейлі дайындалады. Демек бастапқы фундамент дұрыс қалыптасу керек. Қазір кейбір интернаттардың дайындық базалары замануи талапқа сай болмағандықтан толыққанды шынығуына қолайсыздық туғызуда. Сол себепті спорт түрлерін жүйелендіру бойынша база мүмкіндіктеріне сай шоғырландыруымыз қажет. Осындай мүмкіндік арқылы қайталанатын спорт түрлерін азайтып, сапалы спортшылар құрамын дайындайтын боламыз. Мысалы  «Шаңырақ» мектеп-интернат-колледжінде семсерлесу спорты ыңғайсыз, тар жерде дайындалып жатыр. Одан да оны базасы қалыптасқан К.Ахметов атындағы мектеп-интернат-колледжінде дамытқан жөн. Сондай-ақ, бұл спорттық мекемеде дзюдо спортынан етене дамыған орталық бар. Ал Риддерде қысқы спорт түрлерін дамытамыз. Қазір ол жерде базасы жоқ болса да жеңіл атлетика бойынша спортшылар дайындалуда. Бұл спорт түрінің дұрыс дамуына кедергі. Одан да оны ШҚО-да базасы қалыптасқан интернатқа бергеніміз жөн. Себебі О. Рыпакова атындағы спорт орталығы сияқты жағдайы жасалған кешендерде шынығады. Бұл бір ғана мысал, – деді комитет төрағасы Е.Мырзабосынов.

Бұл аталған мәселелер келешекте жоғары спорт резервін қалыптастыруда айтарлықтай рөл атқарады. Қазір Республика бойынша жалпы 19 интернат бар. Оның 5-і республикалық, қалғандары жергілікті басқармаға бағынышты.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: