Спорттағы сыбайлас жемқорлық рейтингі: Қазақстан төртінші орында

15 Мамыр 2023, 10:53 828

Спорттағы сыбайлас жемқорлық деңгейін өлшейтін Sportradar-дың антирейтингінде Қазақстан 2022 жылы күмән тудырған 43 ойынмен 4-орынды иеленді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл тізімде біздің алдымызда Бразилия (152 күдікті матч), Ресей (92 матч) және Чехия (56 матч) тұр. Ал Қытайда күмәнді 41 матч, Грекияда 40 матч және Аргентина 39 матч тіркелген.

Макроөңірлер бойынша күдікті матчтардың ең көп саны Еуропада – 630. Одан кейінгі сатыларда Азия мен Оңтүстік Америка келеді: тиісінше 240 және 225 матч. Африкада 93 күдікті матч, Солтүстік Америкада 23 матч мамандардың күдігін тудырған. Африка мен Оңтүстік Америкада осындай даулы матчтар санының айтарлықтай өскені байқалады: тиісінше жылына 82% және 72%.

2022 жылы 1212 спорттық матч күмән туғызған: 2021 жылмен салыстырғанда бірден 307 матчқа артық (+34%). Бұл көрсеткіш 2015 жылы алаяқтықты анықтаудың әмбебап жүйесі іске қосылғалы бері алғаш рет мың спорттық жарыстың мәнінен асып түсті, - делінген зерттеуде.

Ерлер арасындағы жарыста 1188 күдікті матч, әйелдер арасындағы жарыста 24 матч болды. Мамандар спорттағы күдікті матчтардың көбеюін 2022 жылы экономикалық дағдарыспен байланыстырады.

Сыбайлас жемқорлықтың көп бөлігі футбол, баскетбол және теннисте байқалған. Сонымен қатар үстел теннисі, киберспорт және басқа да спорт түрлері де бар.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: