Спортшылар Жақсылық Үшкемпіров ескерткішіне гүл шоғын қойды

6 Мамыр, 22:07 973

Астанада қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің туған күніне орай балуанның есімі берілген жекпе-жек сарайының алаңындағы ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараға Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.

Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен балуанның туған күніне орай ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым етті.

Қазақтан шыққан Тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атамыздың туған күні. Бұл биік белестерді бағындырған әрі айтулы жеңістер сыйлаған спортшылар үшін қасиетті күн. Батырымыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қою — Олимпиада ойындары қарсаңында еліміздің даңқын өрлеткен спортшылар қауымына жасалған құрметіміз. Жақсылық атамыздың ел спортын дамытудағы ұстаздық рухы мен табандылығы көкейімізде мәңгі сақталады, тіпті спортшыларымызды жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырары анық. Біздің олимпиадашыларымыз биыл да ерлік жолын жалғап, жеңіске жетеріне үмітім зор. Олимпиада даңқына тұңғыш даңғыл жол салған Жақсылық атамыздың салып өткен сара жолы спортшыларымызға даңғыл жол болсын, олар ел мерейін арттырсын. Біз жеңісті жолды еш ұмытпаймыз! - деп атап өтті комитет төрағасы Ербол Мырзабосынов.

(Фото: Туризм және спорт министрлігі)

Еске сала кетейік, Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, спорт саңлағы Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысының Свердловск ауданы Дихан ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын спортқа арнаған палуан грек-рим күресімен шұғылданып, 1971 жылы спорт шебері, 1975 жылы халықаралық спорт шебері атанған. 1980 жылы Мәскеуде өткен байрақты бәсекеде қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанса, 1981 жылы Әлем чемпионы атанған.

Зарина Арман
Бөлісу: