Спортқа бөлінген қаржының нәтижесін неге көрмедік? - депутат

13 Қараша, 11:40 377

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Мәжіліс депутаттарының назарына ел спортының дамуына қатысты жаңа заң жобасын таныстырды. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев спорт саласына бөлінген қаржы мен жергілікті спорт басқармаларын басқару мәселесін қозғады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев спорт саласына бөлінген қаржының айтарлықтай нәтиже көрсетпегенін атап өтті.

Өздеріңіз білесіздер, спорт саласына бөлінген қаражатқа қатыста ел арасында жиі сын айтылады. Оны мінберден бірнеше рет айтқан едік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сыртқы талдауының қорытындысы бойынша, соңғы 5 жылда спортқа бөлінген соманың көлемі 1,4 трлн теңге екен. Бұл өте көп қыруар қаржы. Көрші мемлекеттермен салыстырғанда едәуір көп. Одан қалса алдағы үш жылда 1 трлн 300 млрд теңгені спортқа бөлуді жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі қайда кетіп жатыр? Олардың нәтижесін неге Олимпиада ойындарында көрмедік? Оған бірнеше жауап бар. Соның бірі – министрлік тарапынан барлық жергілікті деңгейде басқарудың бірізділігінің жоқтығы. Жекелеген әкімдіктердегі басқармалардың басшылары министрлікке бағынбайтынын жақсы білеміз. Өздері шешім қабылдайды. Министрліктің депутаттардың сынына айтатын жауабы мардымсыз болып жатады. Осы заң жобасында осындай мәселелер қарастырылған ба?, - деп сұрады депутат.

Министр Мырзабосынов министрліктің спорт басқарлама басшыларын тағайындауда қабылдаған шешімі туралы айтып берді.

Мемлекет басшысы спорт саласында биліктің бірізділігін орнатуды тапсырған болатын. Осы уақытта заң жобасы аясында біз бірізділікті жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Министрлік аймақтық спорт басқармасы басшыларын тағайындауда уәкілетті органның оң қорытындысын алу шартын енгізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда арнайы комиссия құрылып, жергілікті әкімдіктер ұсынған кандидаттарды, одан бөлек министрлік тарапынан жеке адамдар келіп, өңірдегі спортты дамыту бағдарламаларын көрсетіп, комиссия саралап, сол өңірлерге ұсыныс жолдайды, - деді Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров министрге сауал жолдап, елімізде тіркелген 180 спорттың бәрін қаржыландыру мәселесі ақылға қонымсыз екенін атап өтті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: