Спорт мектебінде Қажымұқанның бюсті ашылды

1 Қыркүйек 2016, 11:03

Білім күні

Бүгін елордадағы Қ.Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында Білім күні ерекше тойланды. Күздің алғашқы күнінде мектепте әйгілі палуан Қажымұқанның бюсты мен спорттық даңқ алаңы ашылды.

Спорттық даңқ алаңында осы мектептен әр жылдары бітіріп шыққан дарынды спортшылар, Олимпиада және өзге де спорттық додаларда топ жарған түлектердің есімі жазылған. Ал, қазақ тарихындағы тұңғыш палуанның есімі бұл мектепке әлдеқашан берілген. Енді, міне оның бюсті де ашылды. Мектеп ұстаздары даңқ алаңы мен палуанның мүсіні оқушылардың бойындағы жеңіске деген ұмтылыс пен ерік-жігерін арттыруға үлес қосатынын айтады.

Өткен оқу жылында Қ.Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатын 295 оқушы, 120 студент аяқтаған. Мектеп ҰБТ нәтижесінде барлық республикалық спорт мектептері арасында 74,4 пайыз көрсеткішке ие болып, бірінші орынға шықты. Биылғы 40 түлек  жоғары оқу орындарына түсіп, колледжде мемлекеттік емтихан тапсырған 35 студенттің төртеуі қызыл дипломға ие болды.

Мекеменің басты міндеті Ұлттық құрама командаларына спорт түрлерінен резерв дайындау болғандықтан, 227 спортшы оқушы ҚР Ұлттық құрама командаларына мүшелікке өтті. Атап айтқанда, 110 оқушы жасөспірімдер құрамасына, 72 оқушы ұлттық құрамаға, 45-і негізгі құрамаға өткен. Бұл көрсеткіш мектепте оқитын оқушылардың 57 пайызын құрайды.

Биыл оқу ордасының 5 түлегі биыл Риода өткен Олимпиада ойындарына қатысты. Олар: Алмат Кебісбаев (грек-рим күресі), Артем Захаров (тректегі велоспорт), Екатерина Руденко (жүзу), Айдар Қазов (ауыр атлетика), Зоя Ананченко (ескек есу) және Елдос Сметов (дзюдо). Елдос Сметов байрақты бәсекеде күміс жүлдені қанжығасына байлап, мектебінің абыройын асқақтатты.


Жансая ТӨЛЕГЕН

 

Бөлісу: