Спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жүктемесі азаяды

25 Қаңтар 2023, 13:44 1631

Спорт мектептерінің педагогтері мен жаттықтырушылары үшін апта сайынғы оқу жүктемесі 24 сағаттан 18 сағатқа дейін қысқартылады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Министр мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына олардың біліктілігіне қарай 6 мың теңгеден 22 мың теңгеге дейін әр категория үшін үстемеақы енгізілетінін айтты. Бұл өзгерістер биыл күшіне енеді.

Асхат Оралов дене шынықтыру және спорт саласындағы қолданыстағы нормативтік құқықтық база талаптарға толық сәйкес келмейтінін және бұл ретте саланың нақты қажеттіліктері ескерілетінін, сондықтан министрлік қолданыстағы заң жобасына түзетулер енгізуді қолға алғанын айтты.

«Мемлекет басшысы балалар спортын дамытуға және педагог мамандығына қызығушылықты арттыруға көп көңіл бөледі. Осы ретте спорттық бағыттар назардан тыс қалмайды. Біз жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды басқарғаны және спортшыларды жоғары тұрған спорт ұйымдарына, сондай-ақ спорттық атақтарға ұсынғаны үшін үстемеақылар мен қосымша ақылардың жаңа түрлерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз және сала қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін жаңа шешімдер қабылдаймыз», деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.     

EL.KZ
Бөлісу: