Соңғы үш жылда 270 әскери қызметкер қайтыс болған – Нартай Аралбайұлы

18 Қыркүйек, 12:16 585

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әскердегі сарбаздардың қазасына байланысты мәселе көтеріп, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады. Депутат әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсарту керегін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі депутаттық сауалым қазақ әскеріндегі қазіргі ахуал туралы. Даңқы батыр Бауыржан Момышұлы: «Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр» дейді. Сол жөргектегі тәрбиесі жер көкке сыйғызбай әскер қатарына барып, Отанымды қорғаймын деген балаларға қиянат жасалды. Жауырды жаба тоқығанмен жараның жазылмайтыны белгілі, оның айғағы бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаңда ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан, - дейді депутат.

Мәжілісмен Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтардың оқиғасына тоқталды.

2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы Ербаянды шетелге емге әкетуге қам жасауда, - дейді Нартай Аралбайұлы.

Одан өзге Ақтаудағы әскери гарнизонда сарбаздың офицер қолынан қаза тапқанын айтты. Депутат әскери бөлімдердегі бейнекамералардың неліктен дұрыс жұмыс істемейтінін сұрады.

7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда сарбаз Марат Барқұлов есімді бауырымыз көз жұмды. Оны офицер атып тастаған. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», - деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма?, - дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың айтуынша, әскердегі әлімжеттік мәселесін АМАНАТ партиясы 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың  армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес.

Осы тұста тағы бір түйткіл бар, әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен. Олардың айлығы шайлығына жетпейді, себебі соңғы рет әскерилердің жалақысы 2008 жылы ғана көтерілген. Уағында берілген әлеуметтік қолдау шараларының біразынан шет қалған. Бұл жағдайды түзету кезек күттірмейтін мәселе, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды және әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді талап етті.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: