Соғыстың сызын сезінген ардагерлер

9 Мамыр 2017, 11:25 10476

Тыл ардагерлері

Екінші дүниежүзілік соғыс халқымыз үшін ең қасіретті кезең болып тарихта қалды. Майданға аттанған 1,3 миллион ұл-қызымыздың тең жартысы қайтып келмеді. Сұм соғыс қайғы жұттырмаған бірде-бір отбасы болмады. Көздің жасы, жүректің қанымен келген жеңіске бүгін міне 72 жыл толып отыр. Жылдар жылжып, сол сұрапыл кезеңнен алыстаған сайын, бейбіт күн сыйлаған батыр бабаларымызға деген құрметіміздің еселене түсері анық. Зымыраған уақытпен бірге аңызға айналып бара жатқан соғыстың ақиқатын айтатын ардагерлеріміздің де қатары тым сиреп барады. Осыған орай, майданды көзімен көрмесе де, бар ауыртпалығын жанымен сезініп, мойнымен көтерген, балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген қос қариямен сұхбат құрған едік. Солардың бірі Алматы облысы, Ескелді ауданы, Алдабергенов ауылының тұрғыны Махметов Қыдырбек Байқалықұлы.

Бәрі де майдан үшін...

– Ата, қай өлкеде дүниеге келдіңіз? Отбасыңыз жөнінде айтып өтіңізші.

– Енді ауылда туып, ауылда өстік. Бұрынғы Гвардия ауданы, қазір Кербұлақ дейді, Көксай бөлімінде туып, ержеттім. Әкеміз соғысқа кетіп, оралған жоқ. Майданда қаза болды. Шешеміз бізді асырап жеткізді. Мен Ақжар ауыл советінің жеті жылдық мектебі бар, соны бітірдім. Ол кезде Гвардия ауданында көбісі орыстар, қазақ 7-8 шағын колхозда ғана болған.

– Соғыс жылдарындағы тылдағы еңбек, жалпы ауыл өмірі қандай болды?

– Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы өмір өте қиын болды ғой енді, оны бәрі біледі. Асты да, киімді де, барлығын ұрыс даласына жөнелттік. Бәрі де майдан үшін... Ал біз өлместің күнін кешіп жүрдік. Өңшең жетім бала балық аулаймыз Көксудың басына барып. Сонда көпбалалы бір ноғай болатын. Бір баласының аштан өлгені әлі есімде. Сол ноғайдың менімен құрдас ұлын елу жылдан кейін Алматыда жолықтырдым. Мені көріп еңіреп тұрып жылады: «Менің жанымды алып қалған сенің апаң ғой, қасқа сиырдың сүтін беріп» деген еді. Шешем таң атпастан, бозторғай шырылдаған уақытта жұмысқа кететін. Соқа айдайды, астық дайындайды, шөп шабады, егінді орады. Қоғалы жақтың жұмысы сол. Көз көрмеген уақытта жұмыс тоқтайды. Ол тек Қоғалыда емес, жалпы Кеңес Одағына ортақ жағдай. Батыр аналарымыздың сол кездегі өлшеусіз еңбегі мен қайсарлығының арқасында тірі қалдық, соның арқасында жеңіске де жеттік.

– Азық-түлік, киім-кешек бәрі майдандағы әскерге жіберіліп отырды. Ал сіздер нені қорек еттіңіздер?

– Таңертең болып жатса қуырылған бидаймен шай ішеміз. Ал түсте жұмыс істейтін 200 адамға арнап, үлкен тайқазанға бір шелек арпаға жарты шелек тұз салып қайнататын. Арпаны езілгенше қайнатып түскі тамаққа беретін. Соны қуана-қуана жейтінбіз. Нан деген жоқ. Қоладан жасалған сары ожау бар еді. Сол ожау күні бүгінге дейін менің көз алдымнан кетпейді.

– Саналы ғұмырыңызды Кеңес дәуіріне арнаған адамсыз. Социалистік заманда қандай жетістіктерге жеттіңіз?

– Мен енді жылдар бойы бас зоотехник болып қызмет еттім. Біз кеңес одағының тұсында үнемі алдыңғы қатарда болдық. Мысалы, 120 қойдан орташа 120 қозы алып отырдық. Сауынды сиыр 3000, 4000 литрге дейін, жаңағы менің бәйбішем 4000 литрден астам сүт сауды. Қойдан 4 кг жүн алып отырдық, мал шаруашылығында үлкен табысқа, жетістікте жеттік.

Бүгінде бейнеттің зейнетін көретін шақтамыз. Қазір бес баламыз бар, үлкен баламыз оқымады кішкене аурушаң болды да, ол кісі – кәсіпкер. Жанымызда тұрады оның төрт баласы бар, үлкен баласы үйленген, үш шөбереміз бар.

Бәрі де жеңіс үшін...

Соғыс жылдарының ауыр зардабын тарқан ардагеріміздің тағы бірі Алматы облысындағы  Бесмойнақ ауылының тұрғыны – Асқарбек Желдікбайұлы. Қанды соғыс бұл кісіні балалығынан ғана емес, ата-ана, туған-туыстан да ерте айырады. Тағдыр тауқыметін көтере білген нар тұлғалы азамат бүгінде тамырын терең жайған алып бәйтерекке айналған.

Соғыс жылдарында сіз өскен өңірдің бейнесі, күнделікті өмірі қандай болды?

– Ауылдағы бүкіл еркек кіндіктіні соғысқа алып кеткеннен кейін, қалған қатын-қалаш, бала-шағаның көрген күні қайдан жақсы болсын?! Еңкейген қартты да, бала демей, жас демей кішкентай ойын балаларын да жұмысқа салды. Сол егін егу, оны ору, мал бағу сияқты шаруашылық жұмыстар ғой. Ол уақытта комбайн да жоқ, бар жұмысты қолмен жасаған, қыстай соны тазалаған. Шетінен тазалап, мемлекетке өткізіп отырған екен. Сол уақыттарда 8-9 жасар балалар өгіз айдайды екен. Техника жоқ қой енді. Өгіз арба, өгіз соқа, өгізбен бидай бастырған. Сол 8-9 жасар балалар өгіздің үстінде ұйықтап қалады екен ғой. Қазіргі 8-9 жастағы балаға есік алдын сыпыр деп айтып көр! Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін деген ұран үлкенге де, кішіге де жігер беріп, алға жетеледі. Сондай халықтың бірлігінің арқасында жеңді деп ойлаймын. Әскер ғана жеңген жоқ, халық жеңді деп есептеймін. Аш-жалаңаш жүрсе де, сегіз жастағы балаға дейін еңбек етті ғой, солардың да үлесі бар. Сонда шешеміз марқұм: «Күні бойы жұмыстамыз, түнде қолғап, шұлық тоқитынбыз, жіп иіретінбіз» деп айтып отыратын. Сонда айына «пәленше шұлық, пәленше қолғап өткізуің тиіс» деп салық салады екен. Ол енді дайын жіп емес қой, жұмыстан шаршап келсе де, жүнді жуады, оны иіреді, тазалайды. Солай жаз болса айдың, қыс болса пештің жарығымен тоқыған. Сұм соғысты көзбен көрмесек те, үйдегілердің аузынан естіп өстік қой.

– Кезінде «Ұлы Отан соғысының ардагері» атаныпсыз. Бұл марапатқа қалай жеттіңіз?

– Кеңес үкіметінің әскери құрамында болдым, сол кезде мен халықаралық ракета сынағы жүргізілетін «Капустин яр» полигонында болдым. Қазір «Азғыр полигоны» деп аталады. Ол халықаралық әскери полигонда Кеңес үкіметінің әскері тұрды. Чехославакия, Германия әскерлері ядролық ракета сынағын өткізетін үлкен полигон болды. Сол жерде қызмет еттім. Чехославакия мен Кеңес үкіметі жасаған екі ракеталық сынаққа қатыстым. Ол енді әскери борыш, міндет болды. Осыдан кейін бізге «Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілетін» статус берілді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен халықаралық әскери полигонда болған азаматтар Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестіріліпті. Москва облысы, Подольск қаласында Кеңес Үкіметі әскерлерінің үлкен мұрағаты бар. Сол жерге хат жазып, олар растап, бізді содан Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірді.

– Соғыстан аман-есен оралып, еңбек жолын жалғастырған жерлестеріңіз жайлы не айтар едіңіз? Елге оралғандардың қатары көп болды ма?

– Бесмойнақ ауылынан жаңылмасам үш жүзден астам адам соғысқа қатысқан. Олардың 40% соғыста шейіт болды. Қалғандары қайтып келді. Сол кісілердің көбінің көзін көрдік. Олардың ішінде Жақыпбаев Тілеген, Оразбаев Кәбіржан, Әбдіқадіров Төлеген, Қалиев Мұзапар деген азаматтар бізге сабақ берді. Сол кісілер бізге Отан үшін соғысудың оңай болмағанын айтатын. Тарихты өздеріңіз де білесіздер, КСРО бойынша 20 миллионнан астам адам қайтыс болды. Ол енді бір мемлекеттің халқы деп есептеуге болады. Біздің Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері 18 млн жетіп отыр ғой. Ал сол кезде, бар-жоғы 4-5 жылда жалпы алғанда 40 млн адам қазақ тапқан. Қаншасы соғыс зардабын күні бүгінге дейін шегіп жүрді, түрлі жарақат алды дегендей. Бұл енді алапат соғыс болды. Біздің бір ағамыз 1942 жылы әскер қатарына алынып, 1945 жылға дейін соғыста болыпты. Соғыстан келгенде бұл кісіге үлкен қызмет лайықтап, қамбашы етіп қойыпты. Содан қамбашы болып істеп жүрді. Халық аш. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымаған кез. Дегенмен кеңес үкіметінің заңы қатал, қамбадағы астықты көздің қарашығындай сақтау керек дейді. Ал халық  болса аштықтан қырылуға жақындады. Бұл енді 1945 жыл. Сонда бұл кісі: «Әй, соғыста осылардың күйеулері мен балалары қырылды, енді бұл халық аштан тағы қырылып қалса обал ғой», - деп, қамбадағы тұқымдыққа қойған астықты халыққа үлестіріп жіберген ғой. Бұл ісін жоғарғы жақ естіп қойған. Соңында ағамызды, 1946 жылы он жылға соттап жіберді. Түрмеде отырып келіп, кейін 90-ға дейін осы жерде өмір сүрді. Аты өшкір соғыс жалпы адамзат баласына тілемейтін нәрсе ғой. Қазіргі соғыс тегі қиын шығар. Бұрыңғыдай автоматпен атысып, пулеметпен жарысып жатқан жоқ қой. Қазір ядролық қару. Құдай оның бетін ары қылсын. Жатсақ та, тұрсақ та, қарын аш болса да, киім жыртық болса да, ең бастысы – елімізде бейбітшілік болса екен деп тілейміз.

Міне осылай, бейбіт күнде немере, шөбере сүйіп отырған қариялар заманның тыныштығын тілейді. Өздері басынан өткерген қайғы-қасіретті ұрпағы көрмесе екен дейді. Кешегі өткен батыр бабаларымыз да соғыс майданында ұрпағының азаттығы үшін жанын қиды, қасық қаны қалғанша күресті. Оттан да ыстық Отанын қызғыштай қорғады. Бүгінгі бақытты ұрпақ сол жанкештіліктің қадірін біліп, бейбіт өмірдің артында кімдер тұрғанын жадынан шығармауы тиіс.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: