Соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары

6 Мамыр 2019, 13:30 21874

Қан майданға аттанған нәзікжандылар туралы не білеміз?

Ұлы Отан соғысы аяқталғанына биыл тура 74 жыл толып отыр. Осы қанды жылдары КСРО 26 млн. аса адамынан айырылған болатын. Жау бетін қайтаруға Қазақстаннан жалпы 1 млн 400 мың адам аттанып, 600 мыңы елге қайта оралған жоқ. Оның ішінде тек жүрек жұтқан ерлер ғана емес, 1571 нәзікжандылар да бар еді. Олар майданның әр тұсында, түрлі әскери құрамаларда жүрді. Ұшқыш, радист, танкист, партизандар мен барлаушы қыздарымыз ел басына түскен ауыр күндері ұрыс алаңынан табылды. Олардың ішінде гвардия лейтенанты, штурман Хиуаз Доспанова, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, зенитті артиллерия расчетінің командирі Ақлима Ақжолова, танкистер Күлкен Тоқбергенова, Жамал Байтасова, пулеметші Жәмила Бейсенбаева, зенитші Ажар Оразғалиева, десантшылар Қалзия Асанова мен Жәмилә Бейсенбаева, барлаушы Жәмилә Сәлімовалар бар-тын.

Гвардия атқыштар дивизиясының сержанты болған Шағила Құсанова, әуе бақылаушылары міндетін адал атқарған Раушан Мазитова, Нұрғайын Хамитова, Бибінұр Тынысбекова, майданда дәрігер болып талай жанның өміріне араша түскен Мәрия Сырлыбаева, Роза Момынова, Рәпия Мақашова, Гүланда Түсіпханова, Қызыл Крест Комитетiнiң «Флоренс Найтингейл» медалiмен марапатталған лейтенант Рәзия Ысқақова, байланысшы Раиса Абдуллина, авиамоторшы Әқима Ақжолова, I және II дәрежелi Даңқ орденiнiң иегерi зеңбiрекшi Қалзия Асанова тағы да басқа қазақ қыздарын тізбектей беруге болады. Олардың майданда көрсеткен ерліктерін айтпай кету кейінгі ұрпаққа сын.

Штрафортта қызмет еткен жалғыз қазақ қызы

Халида Маманова Алматы облысы, Ақсу ауданында өмірге келген. Текті отбасыдан шыққан Халида он жасында әкесімен бірге қуған-сүргіннің қармағына ілініп, Перьмге жер аударылып кеткен екен. Қапал қаласының құрылысында еңбек еткен әкесі Есенқұл граф деген атаққа дейін жете білген. Білімге жаны құштар Халида алдымен техникумға оқуға түссе, кейіннен медицина институтына барады. Алайда, «феодал отбасының қызы» деген сылтаудың кесірінен оқудан шығуға мәжбүр болыпты. Кеңестік келеңсіздікті жеңе білген ол қайта медициналық білімін жалғастыруға мүмкіндік алыпты. Халида 1941 жылдың 31 желтоқсанында Қазақ медицина институтын аяқтап, емдеуші-дәрігер дипломын алған. Одан кейін Ғылым академиясының физиология институтының аспиранты болады.

Фотода: Халида Маманова

Х.Маманова 1942 жылдың ақпан айында әскер қатарына алынып, медицина институтын бітірген маман ретінде лейтенант атағына қол жеткізуі керек болатын. Десе де, қазақ қызына ол шен түгілі, медбикелік қызмет атқару бұйырмапты. Бұл бассыздыққа төзбеген Халида Сталинге ашық хат жазып жібереді. Өкінішке қарай, мұның арты оның есімі сотталғандар мен саяси тұтқындардың арасына түсіп кетуіне түрткі болған. Кез келген келеңсіздіктен жол таба білетін қайсар қызды авиабатальонға ауыстырып, сондағы амбулаторияның басшылығына тағайындайды. Халида 821 батальонмен бірге Сталинград түбінде өткен шайқастың басынан соңына дейін қатысқан. Содан кейін 4-Украина, 3-Беларусь майданы сапында Балтық жағалауын, 1 мен 2-Украина майдандарының құрамында Польша, Чехословакия, Австрияны азат етті. Көп ұзамай, Германия жерін дейін жетті. Осы жылдары көрсеткен ерлігінің арқасында 1943 жылы лейтенант шенін алып, бірнеше медальдармен, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды. 1945 жылы майданда алған жарақатының кесірінен елге оралды. Медицина ғылымының докторлығына дейін жеткен Халида Есенқұлқызының атында еліміздің ірі қалаларында көшелер бар.

Партизан отрядының байланысшы қызы

Нұрғаным Байсейітова 1923 жылы 8 наурызда БҚО, Жәнібек ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте жасында айырылған ол інісі екеуі балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс басталғанын естіген Нұрғаным тыныш жата алмай, қалалық әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырып, ақыры 1942 жылдың сәуір айында бір топ қазақ қыздарымен бірге Мәскеуде орналасқан радиобайланысшылар дайындайтын курсқа жіберілген екен. Курста білім алған олар әскери өмірдің қатаң ережелерімен танысып, жоғары деңгейде есте сақтау қабілетін талап ететін Морзе құрылғысымен жұмыс жасауды еркін меңгеріп шығады. Сол жылдың күзінде өз қатарластарынан ерекшелене білген Нұрғаным жау тылындағы радиобайланысшыларды әзірлейтін арнайы мектепке жіберілген. Ол жерде бір жылдай білім алған қазақ қызына Беларусь жерін азат ету үшін құрылған «Концерт» операциясында орталықпен байланысты қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Алайда, ол жерге жету үшін парашютпен түскен Нұрғаным белгіленген нүктеден ауытқып, батпақты орманнан бір-ақ шығады. Іздеуге шыққан партизандар төрт күннен кейін ғана оны әбден шаршаған күйінде тауып алыпты. Осылайша, радиобайланысшы Нұрғаным Орталыққа жау тылынан маңызды мәліметтер жеткізіп, 8-партизан бригадасы мен Могилев облысында құпия жұмыстарды жүргізуші партия мен топтардың «Концерт» операциясына дайындығын мәлімдеп отырады.  

Фотода: Нұрғаным Байсейітова

Бізге жеткен мәліметтер арқылы бұл операцияның өте сәтті өткенін көреміз. Бір неміс күзетшісі Орталықтағы әскер штабына жіберген хабарламада партизандар бұған дейін болмаған кең көлемде операция жүргізгенін айтады. Осындай операцияның бір күнінде Нұрғаным Байсейітованың рациясы тұрған партизандар бөлімшесі жау қоршауында қалып қойған екен. Байланысшы қазақ қызы тез арада эфирге шығып көрші отрядтарға шұғыл хабарлама айтып, рациясын мұқият жасырып, автоматын алып, жауға қарсы оқ жаудырады. Оның берген хабарламасының арқасында көмекке келген басқа отрядтар жаудан олардың бөлімшесін азат етеді. Нұрғаным осы секілді ситуацияларға тап болып, жаумен талай бетпе бет келген. 8-партизандар сапында ерлік көрсеткен Байсейітова «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Отан соғысың партизаны» медаліне ие болған.

Еліне аман-есен оралған Нұрғаным 1998 жылы өмірден озды.

«Эфирдің сұрмергені»

Майра Мақатова 1922 жылы БҚО, Тайпақ ауданы, Сайқұдық ауылында шаруа отбасында өмірге келген. 1942 жылдың сәуірінде Комсомолдың шақыруымен Мәскеу радиомамандар мектебіне барып, жарты жылдан соң, Карел майданына партизан қозғалысының орталық штабына екінші класты рабиооператоры болып жберілді. Өзінің жазған естелігінде бірінші кездері орыс тілін білмегендіктен көптеген қиындарға тап болады. Алайда, алғыр Майра бір жылдың ішінде бұл мәселенің шешімін тауып, партизан отрядымен еркін байланыс ұстап отыратын дәрежеге жетеді. «Мәтінде шифрланған хабар тараттым, радиостанциядан өз радиооператорын тауып, кесте бойынша жұмыс істедік. Кейде күтпеген жерден таралымдар шығып қалатын еді», – дейді байланысшы қыз. Майра Мақатова өз жұмысын белсене атқарғанның арқасында «эфирдің сұрмергені» деген атқа ие болған.  

Майданда көз жұмған дәрігер

Роза Момынова 1919 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 7-сыныпты аяқтаған соң, 1934 жылы төрт жылдық медициналық фельдшер мектебіне түседі. Төрт жылдық білімге қанағат етпеген Роза Алматы қаласындағы медициналық институтқа түсуді жоспарлайды. Десе де, құжатының дер кезінде дайын болмағаны кесірінен оқудан қалып қойып, қаладағы аурухананың біріне жұмысқа тұрған. 1941 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына алынып, 473 медициналық батальонының стоматологиялық бөлімшесінің меңгерушісі және 391 атқыштар дивизиясында қызмет етеді. Медициналық білімінің арқасында лейтенант шенін алған.

Өз ісіне шын берілген Розаны жайында жауынгерлер «жау қай жақтан шабуылды үдетіп, оқ көп жаудырса, Роза сонда жүреді. Ол жүздеген адамды ажалдан алып қалып, сапқа қайта қосқан жан» – деген естелік қалдырған. Өкінішке қарай, 1944 жылы дәрігер қыз ауруханада қайтыс болып, Арское зиратында жерленеді. Роза Момыноваға «Мәскеудің қорғаныс медалі» мен «Қызыл Жұлдыз» ордені берілген.

Қан майдандағы хирург

Рәпия Мақашева 1920 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдап, өз еркімен майданға аттанған. Волховтағы 1148 әскери далалық госпитальға ординатор-хирург болып орналасып, Ленинградты қорғауға өлшеусіз үлес қосты. Жарақаттанған жауынгерлерге ашық аспан астында да ота жасай беретін. Қыс мезгіліне дейін осы госпитальда жүздеген адамның өміріне араша түсіп, Беларусь майданының жылжымалы госпиталіне жіберілді. Өз ісіне шын берілген маман 1946 жылдың ортасына дейін соғыс отынан зардап шеккендерді емдеумен болды. Тіпті, Рәпия орналасқан госпитальді жау нысанаға алып, өміріне аса қауіп төндіргенде де өзіне артылған міндеттен бас тартпай, қол астындағы жаралы жандарға ем жүргізе берді. Жеңіс тойы жеткенде қазақ қызы Пруссиядағы Швинет қаласында қызметте болатын. Елге оралған соң, медицина саласының дамуына ерекше үлес қосып, профессорлық дәрежесіне дейін жете білді. Рәпия Мақашева ІІ дәрежелі «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Республикамызға еңбегі сіңген дәрігер жүзден аса ғылыми мақалалар жазды.  

Берлин түбінде ерлікпен қаза тапқан Баян

Баян Байғожина 1923 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол 18 жасында өз еркімен қан майданға аттанып, қыздардан құралған көпірді күзету бөлімшесіне жіберіледі. Бұлар тұрған көпірді басып алу үшін жасалған жау шабуылында, бір өзі 9 немістің көзін құртады. Осы ерлігінен кейін Шыңғыстау қызы «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендерімен марапатталады.

Фотода: Баян Байғожина

Баян Байғожина Беларусь, Литва, Польша жерін азат етуге қатысқан. Гинденбург іргесіндегі қатты ұрыста снаряд жарықшағы бетіне кірген Баян жарақатына қарамай, сол жерде қалып, он бес немісті атып өлтірген. Қаршадай қазақ қызының бұл ерліктері майдан даласын аралап, оның аты көпке таныла бастайды. Алайда, ол Ұлы Жеңіске бар болғаны 12 күн қалғанда, 24 сәуір күні ерлікпен қаза табады. Баянның денесі  Гинденберг қаласында жер қойнына тапсырылған.

Қазақ қыздарының ерлігі ел жадынан шықпайды!

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: