Соғымға байланысты дәстүрлі атаулар

20 Қараша 2014, 09:56

Қазақта соғым деп қыстыгүні жата-жастанып жеу үшін алдын-ала сойылған малды айтады.

Қазақта соғым деп қыстыгүні жата-жастанып жеу үшін алдын-ала сойылған малды айтады. Соғымды  көбінде қараша, желтоқсан айларында сойған.  Оған  әр үйдің әл-ауқатына қарай ірі қарадан түйе, жылқы, сиыр, ұсақ малдан қой, ешкі сойылған. Ерте күзде сойылған малды «күздік» деп те атаған.

Қазақ үшін соғым десе «қазы», «қазы» десе соғым еске түсетіні шындық. Семіртілген жылқының майы көбінесе қабырғаның етек жағына жиналады, ол сүбе қабырғаның майымен тұтасады, осы мүшені қазақ қазы деп атайды.

Қол үзік – соғымда, мал сойып қонағасы бергенде, той жасағанда топқа, тойға тілеуге арналған мал етінен мал сойысқан адамның үйіндегілерге кәделі жілік беріп жібереді.

Мал сойғанда ғана емес, қой қырыққанда, жүн сабағанда, қап тоқығанда, киіз басқанда үйде қалғандарға шөптен, жүннен өзіндік сыйлық жібереді. Мұны да «Қол үзік» деп атайды. 

Үлпершек – қазақ соғым сойған кезде соғымның ұсақ еттері мен қалған-құтқандарын тұздап, дәмдеп ұсақ малдың қарнына салып сақтайды. Оның ауызын ауа өтпестей түйреп, белгілі жерге асып қояды. Оны қыстай жемей сақтайды, әбден соғым еті таусылып, қара өзек шақ басталғанда, «ұзын сары» келгенде ауыл абысындары бірін-бірі қонаққа шақырып, қарындағы етті шәугімге салып қайнатады, қара құрым шай ішеді. Оны қазақ әйелдері «үлпершек» деп атайды.

Үлпершекке кәделі жілік болмаған соң, оны жігіттерге, ерлерге бермейді. Оны еркектер жесе өсекші болып кетеді, қатыны қыз туады деп ырымдайды, әзілдейді. 

Қап қағар – қазақ әйелдері жазда ет таусылғанда, қыста соғым етін салып сақтаған қаптың түбін қағып, ондағы сірге жияр етті асады. Көршілерін шақырып, «қаптың түбін қақтық, қалған етті астық, бөлісе жейік» деп ойнап-күліп отырып дастарқан кәдесін жасайды. Оны «қаптың түбін қағу» немесе «қап қағу» деп атайды.

Қазақ кәдесіндегі қап түбін қағудың өзіндік ырымы бар: соғымды әу бастан бөлісіп жедік, енді қалғанын да бөлісіп жейік, басында бірге болсақ, аяғында да бір жүрейік, келер жылғы соғым да шүйгін болады, көпке бұйырады деп асты жалғыз жеуді, жеке жүруді жек көреді. Жамағатпен тату болуды осындай кәде жолына сыйдырып келген. 

Арса жияр – қыстағы соғымнан қалған еттерді жазғытұрым арсадан алады, қапқа салады. Біраз етті таңдап қазанға салып асады, көршілерімен бірге жейді. Осыны «арса жияр» дейді. Арша исі сіңген сүріні жеп отырғандар дастарқан батасын береді, «келер жылы да арса жияр жегізсін» деп  жақсы тілек, дұрыс ниет білдіреді.


Әзірлеген – Досжан Мейірбек.

Бөлісу: