8 Мамыр 2015, 11:26
1945 жылдың көктемінде совет халқының және прогресшіл адам баласының көптен күткен арманы – Жеңіс күні жақындай түскен еді. Әсіресе, сәуір айының ішінде гитлерлік Германиядағы фашистік рейхтың астанасы – Берлинге шабуыл операциясы басталған шақ болатын.
Тап сол күні совет солдаты Жолдығали Нұрмақовтың туысқандарына жазған хатында: «Берлинді қоршауға алдық. Жеңіс жақын. Осы күнге дейін алған наградаларым омырауымда. Атқыштар полкіндемін. Фашист астанасына кірген бойда бағытымыз – Рейхстаг болмақ» депті. Соған қарағанда солдат Жолдығали 150-ші және 171-дивизиялар полктерінің бірінде болған.
Рейхстагқа шабуыл кезінде империя канцеляриясын өртеу әрбір совет солдатының арманы болатын. өйткені Рейхстаг соғыс пен қан төгіске бұйрық шығарылған жер болатын. Сол бұйрықпен жазықсыз жазықсыз жандар жапа шекті, концлагерлерде өртелді. Жау ордасын ойрандатып, Жеңіспен елге оралу совет жауынгері үшін қандай бақыт. Соған сай олардың жасаған ерлігі де адам айтқысыз.
Совет солдатының екінші хаты 1945 жылдың 5 мамыр күні жазылған. Онда: «Аса қадірлі көруші қарт анамызға, Қабақама, жеңешеме, жиен Мүгілсінге, қарындасым Марусияға Берлин қаласынан сәлем жолдаймын. Менде аман, бір үлкен кісінің жәрдемі арқасында неміс фашизмін өз жерінде құртып жүрген жайым бар,»-деп басталған.
Қабақа деп отырғаны Ғабдрахим Нұрмақов Жолдығали ағамыздың үлкен ағасы. Сол кезде Ұлы Отан соғысынан ауыр жараланып, ауылға оралған ол Қарақоға ауыл советінің төрағасы болып қызмет жасаған. Екінші ағасы Ғабдрашит Сталинград түбінде 1942 жылы 17 қыркүйекте ерлікпен қаза болған. Нұрмақовтармен немерелес Батыр Боранбаевтың да сүйегі сол Сталинград жерінде жерленген. Ал, Батыр ағамыздың үлкен ұлы Қалиым Берлинді алуға қатысқан совет солдаты соғысты аяқтап аман оралады. Ағайынды екі шаңырақтан бес азаматтың соғысқа аттануы елде қалған шиіттей отбасы үшін кезінде оңай болған жоқ. Бірақ тек олар ғана емес, ел болып қиынды жеңуге тура келді. Совет адамдарының майдан мен тылдағы ерлігі мен еңбегі, бірлігі мен достығы нақ сол жеңістің куәсіндей. «барлығы да майдан үшін, жеңіс үшін» ұраны әрбір қимыл әрекеттің алға қояр мақсатына айналды.
Жауынгер Жолдығали ағамыздың тағы бір хатында: «Ұрыстың нақ ортасында жүріп жазып отырмын. Қасымда ауылдан жалғыз Имақ бар. Басқаларын бөліп жіберді,»-деп жазыпты. Осы хаттың тағы бір жолында ел ахуалын сұрай келіп: «Мариям апай, жиен ақам, үй іштеріне, оқытушы ағайларға мені сұрауышларға сәлем. Апа, уайымдама тілекші болыңдар. Берлинге Қызыл туды тігіп ауылға қайтамыз»,-депті. Апа деп отырғаны анасы. Баласы оған хат арқылы қуат бере сөйлеген. Жолдығали ағамыздың бұл сөздерінен елдің патриот ұлы, антына берік, адал жауынгер екенін аңғаруға болады. Хатты да жеңіс жақындаған сәттердегі жүрек толқуы, көңіл қуанышы үстінде жазып отыр. Бұған куә конверттің «Дала почта. 64178 – 8 май. 1945 жыл» деген белгі бар.
Асыға күткен Жеңіс те жетті. 9 мамыр Ұлы Жеңіс күні болып жарияланды. Бүкіл елмен бірге Нұрмақовтар отбасының қуанышында шек болған жоқ. Жауынгер Жолдығалидың оралуын тағатсыз тосты. Бірақ хабар болмады, өзі де келмеді. Тек әскери штабтан жіберілген көк конверт қана үмітті үздірді. «Құрметті Ғ.Нұрмақов Теңдік селолық Советінде туып өскен Сіздің ініңіз Жолдығали Нұрмақов Ұлы Отан соғысы майданында жүріп, 1945 жылы 8 май күні ерлікпен қаза тапты», -делінген қара қағазда. Осы хабардың көшірмесі сол кездегі Фурманов аудандық әскери комиссиаратының «Ұлы Отан соғысында қаза болғандар» кітапшасының 44-ші қатар санында тігілген. Жолдығали ағамыздың есімі Батыс Қазақстан облысы Жалпақтал ауылында орналасқан орталық саябақтағы Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш тақтада жазулы.
Ия, Жеңіс оңайлықпен келмеді. Тек Берлиннің өзінде біздің әскерилеріміз жанып жатқан жартылай қираған қалада сұмдық қиыншылықтарды ерлікпен жеңді. Сондай жанның бірі совет содаты Жолдығали Нұрмақов Жеңістің соңғы минуттарында Отан үшін оққа ұшты. Оның соңғы демі азаттық эпопеясының соңғы нүктесі іспеттес. Тек өкініштісі сол Жеңіс күнін, Жеңіс салютін, қазіргі бейбіт өмір қызығын көре алмады. Міне, соңғы хаттың жазылғанына да жетпіс жыл.
Тұрарбек АҚМУРЗИН