Смайылов «Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесін аралады

10 Шілде 2023, 19:25 895

Премьер-министр Әлихан Смайылов Ресейдің Екатеринбург қаласына жұмыс сапары аясында «Иннопром» халықаралық өнеркәсіптік көрмесін аралап, іс-шараның «Тұрақты өндіріс. Жаңарту стратегиялары» атты негізгі стратегиялық сессиясына қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл «Иннопром» көрмесінде ұлттық экспозицияларын Армения, Беларусь (серіктес ел ретінде), Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұсынады, ал, Бахрейн, Египет, Үндістан, Иран, БАӘ, Сербия, Түркия сияқты басқа да елдердің ресми және бизнес-делегациялары қатысушылар ретінде жария етілді.

Көрменің негізгі бөлімдері:

металл өңдеу, көлік машинасын жасау, энергетика, автоматтандыру және робототехника, цифрлық өндіріс және т. б. арналған.

Қазақстандық павильонның жалпы ауданы 900 шаршы метрді құрайды – мұнда өнеркәсіптің түрлі салаларындағы жетекші 250 отандық компания орналасқан.

Көрменің экспозициясын аралап көрген Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайыловқа, Беларусь премьер-министрі Роман Головченкоға және Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинге өнеркәсіп өнімдері мен тиісті технологиялардың соңғы үлгілері таныстырылды.

Әлихан Смайылов негізгі стратегиялық сессияда сөйлеген сөзінде өңдеу өнеркәсібіндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының оң қарқынын атап өтті.

Сондай-ақ 2019 жылдан бері екі ел өндірістік кооперация бойынша бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асырып келеді.

Бүгінде біздің бірлескен жобалар пулымыз жалпы инвестиция көлемі $33 млрд-тан асатын 125 жобаға дейін кеңейтілді. Оның ішінде жалпы құны $3,2 млрд құрайтын 30 жобаны жүзеге асырдық, — деді премьер-министр.

Сондай-ақ ол Қазақстан мен «Иннопромның» серіктес елі – Беларусь арасындағы өнеркәсіптік кооперация биыл 11 инвестициялық жобаны қамтитынын атап өтті.

Тұтастай алғанда, біздің елдерімізде бизнестің өсіп келе жатқан белсенділігін ескере отырып, бірлескен жобалардың ағымдағы портфелін кеңейтуге мүмкіндік бар және оны пайдалану қажет. Ол үшін бізде қажетті жағдайдың бәрі бар, — деді Әлихан Смайылов.

Ол Қазақстанда шикізат беруден бастап дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды қолдау шаралары заңнамалық деңгейде бекітілгенін, ал жер қойнауын пайдаланушылар үшін кен орындарын игеру құқығын алудың аукциондық тетігі қарастырылғанын айтты.

Бұл ретте әлеуетті инвесторлар жеңілдетілген несиелендіру құралдарын, ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк-шарттарды пайдалана алады.

«Иннопром» қазірдің өзінде екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны нығайту және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру үшін дәстүрлі шараға айналды, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Берік Арманов
Бөлісу: