Соңғы кездері жолаушылар тарапынан әуе компанияларына қатысты айтылатын сын-ескертпелер көбейді. Себебі рейстер жиі кешігеді немесе мүлде орындалмай қалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сөйте тұра әуе тасымалының бағасы өзгеріссіз. Бұл мәселені премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында көтерді. Үкімет басшысы авиакомпаниялар жолаушыларға келеңсіздіктердің себебін түсіндіруге де ұмтылмайтынын айтып сынады.
Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Fly Arystan компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында ол рейс мүлдем орындалмай қалды. Өкінішке қарай, авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Рейстердің кешігу себептерін уақытылы түсіндірмейді. Лайықты сервис ұсынылмайды, – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Мұндайда баға саясатында да көптеген сұрақтың туындауы заңдылық. Себебі ел ішіндегі әуе билеттерінің бағасы өзге елдермен салыстырғанда анағұрлым қымбат. Смайылов Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды. Бұлай дейтініміз, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін.
Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс. Алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отыр. Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек. Жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс, – деді премьер-министр.