Смайылов "АрселорМиттал Теміртау" басшылығына қойылатын талаптарды атады

1 Желтоқсан 2022, 05:44 2054

Виджай Гоял барлық талаптарды орындауға дайын екенін мәлімдеді

30 қарашада, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының ТМД бойынша вице-президенті Виджай Гоялмен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Премьер-министрі баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу барысында Әлихан Смайылов комбинат жұмысының тұрақтылығын, кеншілердің жұмыспен қамтылуын және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. Үкімет басшысы өндіріс көлемін төмендетуге, сондай-ақ қазақстандық өнімді өткізу нарығын жоғалтуға болмайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Виджай Гоял барлық талаптарды орындауға дайын екенін мәлімдеді.

Кәсіпорынның одан әрі жұмысы бойынша келіссөздер жақын арада жалғасатын болады.

2022 жылы 3 қарашада сағат 03:00 шамасында Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтада қайғылы оқиға орын алды. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы шахтада газ дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен газ шығып қалып, кейінірек туннельде өрт басталғаны белгілі болды. Оқыс оқиға кезінде кәсіпорынның 106 қызметкері жер астында болған, олардың 101-і эвакуацияланды.

Бес кеншіні құтқару мүмкін болмады, тағы зардап шеккен төрт адам шұғыл ауруханаға жеткізілді.

21 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, "АрселорМиттал Теміртау"компаниясындағы жағдай туралы есепті тыңдады.

23 қарашада Ленин атындағы шахтадағы апаттың себебін анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын аяқтады. Ол болған жағдайға жұмыс берушінің 100% кінәсі барын анықтады.

29 қарашада Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кәсіпорын басшылығына өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі олқылықтарды көрсетіп, "АрселорМиттал Теміртаудағы" жағдайды реттеуді талап етті.

30 қарашада "АрселорМиттал Теміртау" Бас директорының жаңа міндетін атқарушы тағайындалды.

EL.KZ
Бөлісу: