23 Ақпан 2016, 12:30
ХХІ ғасырда адам баласы ұялы телефон арқылы бір-бірімен сөйлесіп қана қоймай, күрделі операцияларды орындауға үйренді. Технологиялық прогресстің арқасында телефон арқылы оның иесі туралы бүкіл ақпаратты білуге болады. Бұндай мәліметтер пиғылы жаман адамдардың қолына түссе, өміріңізге кері әсер етуі әбден мүмкін. Сол себепті назарларыңызға телефоныңызды ұрылардан және заңсыз ақпарат көшіруден сақтайтын 11 билет ұсынамыз.
Мәліметтерімді не үшін қорғауым керек? Ол ақпарат кімге қажет?
Мысалға, алаяқтарға керек. Олар смартфоныңыздағы мәліметтер арқылы сіздің банк шотыңызға немесе электронды әмияныңызға оңай қол жеткізе алады.
Қандай мәліметтер туралы айтып тұрсыз?
Әр адам қай мәліметті сақтағысы келетінін өзі шешеді. Техникалық жағынан оларды екіге бөліп қарауға болады. Телефоныңыздың жадында сақталатын мәлімет және бұлт жүйесіне түсетін мәліметтер. Ара жікті анықтағанымыз өте маңызды. Себебі екеуінің қорғаныс деңгейі түрлі болады.
Смартфонның жадындағы ақпаратты қалай қорғауға болады?
Біріншіден, смартфоныңызды қараусыз қалдырмаңыз және ұрылар жеңілдікпен шығара алатындай жерде ұстамаңыз. Міндетті түрде экраныңызға құлып (screen lock) қойыңыз. Бұл негізгі қорғаныс көзі. Баптаулар арқылы смартфонды белгілі бір қысқа мерзім ішінде құлыпталатындай етуге болады. Түрлі смартфондар қорғаныстың түрлі деңгейін ұсынады. Олардың қатарында кілт сөз, пин-код, графикалық кілт (оны саусақпен енгізеді), адамның бет-әлпетін немесе саусақ таңбасын танып білу мүмкіндіктері.
Пин-кодтың кілт сөзден қандай айырмашылығы бар?
Пин-код тек сандардан, ал кілт сөз сандар мен әріптерден құралатындығын естеріңізге сала кетейік.
Қорғаныстың қай түрі ең тиімді?
Қорғагыстың ең сенімдісі — сандар мен әріптерден тұратын ұзын әрі қиын кілт сөз. Бұл әрекет барлық смартфондарда да жасалынады. Ашығын айтсақ, қорғаныстың қай түрінде болмасын өзінің жетіспеушіліктері болады. Ұзын әрі қиын кілт сөз есте сақтауға ыңғайсыз және теріп тұруға уақыт алады. Графикалық кілтті экрандағы саусақтың ізі бойынша тауып алуға болады. Тіпті саусақ таңбасын да көшіріп алуға болады. Қысқа пин-код немесе кілт сөзді бөгде адам тез жаттап ала алады.
Егер мен телефонымды жиі жоғалтатын болсам не істеу керек?
Бұндай жағдайда алдын-алу шараларын орындаған дұрыс. Айфондар мен Android телефондарында телефон іздеу функциясы бар. Соны алдын ала қосып қойғаныңыз абзал. Яғни карта бойынша құрылғыңыздың қай жерде екенін көріп, таба аласыз. Соған қоса, айфондарда бұзуға қарсы тағы бір функция бар. Яғни кілт сөзді оныншы рет қате тергеннен кейін автоматты түрде телефондағы барлық мәліметтер жойылады. Алайда үйлерінде кішкентай балалары бар адамдарға бұл мүмкіндік ыңғайсыз.
Ал Android мәліметтерді автоматты түрде жоя ала ма?
Жоқ. Бірақ айфондардағыдай Android смартфондарында ақпараттар шифрланған күйде сақталады. iOS құрылғысы бұл әрекетті автоматты түрде орындаса, Android смартфонында бұл функцияны баптаулардың ішінен қосу керек. Егер ұры телефоныңызды компьютерге қосып, мәліметтерді шығарып алғысы келсе, оның жолы болмайды. Себебі смартфоныңыздағы ақпарат кілт сөз немесе пин-кодсыз ашылмайды.
SD-картадағы мәліметтер де шифрланады ма?
Android смартфондарының кейбіреулері ғана SD-картадағы мәліметтерді шифрлайды. Егер телефон баптауларында бұндай мүмкіндік болмаса, картада маңызды нәрсе сақтамауға тырысу керек. Бұл мәселенің қарапайым шешімі SD-картасы бар смартфонды мүлдем сатып алмау.
Ал бұлттар жүйесіндегі ақпараттар туралы не айта аласыз?
Бұлттар жүйесіне Apple ID немесе Google Account-тағы кілт сөздеріңіз арқылы кіре аласыз. Бұл құпиясөздеріңіздің сенімді болғаны дұрыс. Өз телефоныңызға күрделі кілт сөз қойып, мәліметтеріңізді шифрлап, бірақ Apple ID немесе Google Account-қа жеңіл құпиясөз қойсаңыз, мәліметтеріңізді бір сәтте кез-келген компьютерден оп-оңай шығарып алуға болады. Сондықтан мұқияттық туралы ұмытпау керек.
Тағы неден аулақ болған жөн?
Тексеруден өтпеген күдікті қосымшалардан. Тіпті тексерістен өткен қосымшаны (ойын, фонарик және т.б) жүктеу алдында өзге қолданушылардың пікірін оқып алған дұрыс.
Мен қорғаныс шараларына мүлдем сенбейтін адаммын. Не істесем болады?
Ондай жағдайда смартфонды мүлдем қолданбаңыз. Бұл арзан әрі қауіпсіз. Ал егер смартфон қажет болса Blackphone 2 қолдансаңыз болады. Бұл ұялы телефон бүкіл сөйлесулерді, СМС-терді шифрлап, күмәнді қосымшаларды автоматты түрде бұғаттайды.
Айсауле Нұрлыбек
Дереккөз: meduza.io