Smart Astana: Елордалықтарға қандай қызмет түрлері қолжетімді

11 Желтоқсан, 05:22 270

Smart Astana тегін мобильді қосымшасында елордалықтардың жайлы өмір сүруіне қажетті қызмет түрлері толық қамтылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қосымшадағы 70-тен астам онлайн қызмет арқылы денсаулық пен білім, коммуналдық және қалалық қызметтер бойынша маңызды ақпараттарға бірден қол жеткізуге мүмкіндік жасалған, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы мәліметінше, Smart Astana мобильді қосымшасындағы функционалдығы жоғары әрі өте пайдалы сервистердің бірі ретінде жүргізушілердің күнделікті әрекетін ыңғайлы етуге арналған «Көлік» бөлімін мысалға алуға болады. Мұнда автокөлік құралын техникалық байқаудан өткізу және жолдағы трафик жүктемесі туралы өзекті ақпарат жарияланады.

Ал «Радио» қолданбасы арқылы автокөлік иелері әр күнін көтеріңкі көңіл күйде бастап, жол үстінде сергек отырады. Көліктегі жолаушылар да әлемдегі және еліміздегі маңызды жаңалықтардан құлағдар болып, әсем әуеннің ырғағымен жол қысқартады.

Ал «Көлікті техникалық байқау» бөлімінде автокөлік құралының техникалық тексеру күйі туралы ақпаратты шұғыл түрде алуға болады. Ол үшін көлік құралының мемлекеттік нөмірін енгізу жеткілікті. Техникалық байқау мерзімі қашан аяқталатыны да осы жерде көрсетілген. Сонымен қатар жақын маңдағы көлікті тексеру пунктерін тез табуға мүмкіндік бар.

Ақылы тұрақ картасы бөлімінде қала бойынша ақылы автотұрақтардың орналасуы, тұрақ нөмірі мен жалпы орындар саны көрсетіледі, бұл уақыт үнемдеуге және оңтайлы орынды таңдауға көмектеседі.

Трафик жүктемесі туралы ақпарат бөлімі де жүргізушілер үшін аса тиімді. Жолдағы кептеліс туралы өзекті ақпарат автокөлік иесіне бағытын алдын ала жоспарлауға және жолдағы жағдаймен нақты уақыт режимінде танысуға жәрдемдеседі. Сонымен қатар,аталған бөлімде жол жабындары туралы хабарламалар үнемі жаңартылып отырады, ал бұл қаланың жол жағдайындағы кез келген өзгерістер туралы білуге мүмкіндік береді.

Зарина Арман
Бөлісу: