Смағұл Елубаев: Толғауы тосын жолдау

6 Қыркүйек 2022, 11:17 1417

Жазушы Смағұл Елубаев Президент жолдауына қатысты пікір білдірді

Тарихта есесі кеткен, тәуелсіздік көшіне кенжелеп  жеткен ел едік. Кешігіп те болса  қол жеткен тәуелсіздікке халық талабы да  толағай.  Үш ғасыр ұдай  еңсені  езіп мойында  салпақтаған  отарлық қамытынан кеше құтылған халық. Көңіл-күйін осылай түсінеміз. Халық енді терезесі тең делінген   әлем  елдеріне қарайды. Қазақстанды солармен салыстырады. Сөйтсе, бізде анау да жоқ, мынау да жоқ, содан, жан дауысы шығады.  Дамыған елдер көші қайда, біз қайда? 

Дамыған елдер көш ілгері кетіп қалған! Тарих аламанында.  Өгіз аяңмен  оған жете алмайсың. Ол көшке жету үшін  желмаядай зулау керек. Осы ащы ақиқат бізді, Қазақстанды, айналып өтуге болмайтын  аламан реформаға  алып келді.   Бұл ақиқат не дейді?  Ащы да болса, алапат болса да реформа асуын алмадың  екен өмірем қабасың! Тарих көшінің  шаңында  қаласың!  Дейді ащы ақиқат. Осы ащы ақиқатқа көзі жеткен жапондар да, корейлер де, қытайлар да, сингапурлықтар да  өткен ғасырда  ащы да болса  алысып, арпалысып жүріп  айлапат реформалар  жасады. Тарих көшінің алдына шықты. 

Дипломат Қ.Ж. Тоқаев Қытай мен Сингапур бастан кешкен сол  реформалар тұсында сол елдерде қызметте болды. Сол елдердің көсегесін көгерткен реформалар үдерісін жылдар  бойы  көзбен көрді. Осынау реформаларды көзбен көрген тұлғаның қолына  тарих Қазақстан тағдырын  тапсырған  тұста оңай жолды таңдап  отыра алмасы анық еді. Ауыр да болса әділет жолын таңдайтыны анық еді.  Ал, әділет жолы  ауыр жол. Бұл жол — достан да, дұшпаннан да мемлекет тағдырын, ұлт тағдырын  биік  қоятын ең күрделі  жол. «Әділетті Қазақстан» ұғымы сондықтан да, жолдау тақырыбына шыққан.

Әділетсіздікті көрудей-ақ  көрген халықтың жанайқайына жауап ретінде тақырыпқа шыққан. Әділет туралы халық талабына берілген жауаптар көп жолдауда. Оларды біз санамалап жатпадық. Дегенмен, тамам жүртты жалт қаратқан бір-екеуін атап өтелік. Мысалы, Ұлттық қор табысынан әр баланың болшағына арналып ашылатын есепшотты алыңыз!  Мұнайлы араб елдерінде бар бұл  танғажайып  әлеуметтік жоба Қазақстанға да жетті-ау, әйтеуір! Шүкір дедік. Алпауыттар кезінде пышақ үстінен бөліп алған миллиондаған гектер жер байлығымыздың  мемлекетке қайтарылғаны және қайтарылатыны қандай әділетті шешім! Сол тәрізді, Қазақстанның  табиғи ұлттық байлығынан да жалпы ұлт тыс қалмайтыны туралы мәлімдеме! Бұл да осал мәлімдеме  емес. Қазақстанда барлық орта мектепті бітіріп шыққан оқушылардың барлығы да алдымен қазақ тілін, содан кейін орыс тілін толық менгеріп шығуы керек деген мәлімдеме!  Немесе, қаңтар оқиғасы кезінде аса ауыр қылмыс жасамағандарға кешірім болатыны туралы мәлімдеме!  Халық талабын дөп басқан мәлімдемелер  емес пе?!  Сондай-ақ, алдағы жарты жыл ішінде биліктің барлық тармағы  толық сайлау сүзгісінен өтетіні туралы  мәлімдеме! Осы жерде бір оқыс  ой келеді. Неге президент  әлі өкілеттігі бар президенттік билігін  сайлауға салғалы отыр деген! Бұл өзі  президенттің өз билігі  үшін қауіпті қадам  емес пе деген ой келеді. Реформатор президент сайлаудан өтпей қалса не болмақ  деген ой келеді. Ол бастаған реформа тағдыры сонда  не болмақ?!  Президент тым батыл нартәуекелге барып отырған жоқ па деген ой келеді! Өйткені, қаңтар оқиғасынан кейін президент  Қ.Ж. Тоқаевқа деген көзқарас  ала-құла болып  кетті емес пе?!  Осыны біліп отырып  президенттік билікті  де сайлау салмақ  президент Тоқаев, сөзсіз, әділет үшін нартәуекелге барып отырса керек. Билік иесі — халық. Ендеше, президент президентті  таңдауды да  халық еркіне беріп, халықтың  өзі шешсін деп отырса керек.  Демек бізге, Қазақстан халқына,, тарихи таңдау мүмкіндігі беріліп отыр! Әділетті жаңа Қазақстанды таңдайық,  ағайын!

Смағұл Елубаев

Бөлісу: