«Славян базары» байқауының аясында ШЫҰ елдерінің ұлттық мәдениет күні өтті

13 Шілде, 00:29 1597

Беларуссияның Витебск қаласында XXXIII халықаралық «Славян базары» өнер фестивалі өтіп жатыр. Аталған байқау аясында ШЫҰ елдерінің ұлттық мәдениет күні өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанды Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртістері таныстырды. 

Ел мәдениетінің үздік шығармаларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Ардақ Елеусіз, Дарын Құдайберген, Халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақерке Тәжібаева, Дидар Абдухалық және әйгілі «Гүлдер» ансамблі көпке паш етті. Қазақстандық шығармашылық делегация құрамында «Славян базары – 2019» байқауының жеңімпазы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әділхан Макин өнер көрсетті,-делінген Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан хабарламада.

ШЫҰ елдерінің ұлттық мәдениет күніне орай павильонда  қазақстандық стенд ұсынылды. Қазақстандық стендті  Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Игорь Петришенко, ШЫҰ  Бас хатшысы Чжан Мин және Беларусь Республикасының Мәдениет министрі Анатолий Маркевич тамашалады. 

Айта кетейік, «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі көптеген жылдар бойы елдер арасындағы мәдени  диалогтың дамуына ықпал етті. Биыл аталмыш іс-шара ШЫҰ елдері мәдениетінің алуан түрлілігі мен мұрасын таныстыруға арналған бірегей алаңға айналды.

Зарина Арман
Бөлісу: