Орман өрті салдарынан баспана мен мүліктен айырылған Әулиекөл ауданының тұрғындарына қаржылай көмек көрсету туралы халықтың бастамасын Қарулы күштердің әскери қызметшілері де қолдады, деп хабарлайды EL.KZ.
Қорғаныс министрлігінің мәліметіне қарағанда, олар Қостанай облысында орын алған өрт кезінде зардап шеккендерге көмек көрсететін «Қайырымдылық КZ» бірыңғай қоғамдық қорына 6 млн 200 мың теңге аударды.
Бұдан өзге «Оңтүстік» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметшілері зардап шеккендерге құрылыс материалдары, азық-түлік және жылы киімдер тиелген үш КамАЗ көмек жіберді. Гуманитарлық көмектің жалпы салмағы 23 тоннаны құрады.
Қостанай облысындағы өртті сөндіруге офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатарынан 180-ге жуық әскери қызметші жұмылдырылғанын айта кеткен жөн.
Олар Әулиекөл ауданының Бағаналы, Озерное және Новонежинка елді мекендерінде өрт апатының таралуына жол бермеуге елеулі көмек көрсетті. Өртке қарсы іс-шараларды өткізу барысында инженерлік техника және көлік-жауынгерлік тікұшақтар жұмылдырылып, олар ауданды барлауды және өрт ошағына су шашуды жүзеге асырды.
Қиын сәтте армия әрқашан халыққа көмек көрсетуге дайын. COVID-19 пандемиясы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде әскери қызметшілер уақытша бөгеттер тұрғызып, апатқа ұшыраған аудан тұрғындарын эвакуациялады.