20 Маусым 2016, 06:55
Әскери журналистиканың жалпы түсінігі, Қазақстанның, Ресейдің, жалпы Кеңес үкіметі кезіндегі әскери журналистикасының қысқаша тарихы осы тарауды сөз болмақ.
«Әскери БАҚ - бұл маманданған, әскер қызметінің спецификалық жағдайларында жұмыс жасайтын, әскерилердің қоғамдық көзқарасын, саяси пікірін, әлеуметтік рөлін қалыптастыруға әсер ететін, Қарулы Күштердің күнделікті тұрмысын бұқара халыққа насихаттайтын, патриотизмді дамытуға бірден-бір ықпал ететін БАҚ жиынтығы».
Журналистикада әскер тақырыбы деген тек соғыс уақытында ғана қолданылады, бейбіт заманға әскери журналистика ұғымы жат деген жаңсақ пікір бар. Әскер саласы мемлекетті құраушы басты күштің бірі, бірі емес бірегейі. Мемлекетті заңсыз, қоғамсыз елестету мүмкін емес сияқты әскерсіз де елестету қиын. Бір елдің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз етіп отырған сала әскер болғандықтан, оның өз баспасөзі мен радиосы, тіпті телеарнасы болуы да заңды. Сондықтан, әскери журналистика тек соғыс уақытының ғана журналистикасы емес. Әскери сала мамандарының жұмысымен халықты таныстырып, елдегі әскери өмірді тілге тиек етіп жүрген БАҚ-ты әскери-салалық БАҚ деп айтуға толық негіз бар.
Талайлы тарихымызға, оның қатпар-қатпар қойнауына көз салсаңыз, сайын даласы мен айдынды шалқар көліне көз алартушылар қай заманда да аз болған жоқ. Қазақ, қазақ болғалы, қабырғалы жұрт атанып қанат жайғалы жері үшін қан майдан үркіншіліктен көз ашқан емес. Сол себепті қазақ даласында, осынау ұлан-байтақ жерде әскери өмірдің, әскери салттың тарихы тереңде. Журналистика ұғымынан қарасақ әрине, біз ол кезеңдерде айтылған жыраулардың толғауын әсте мойындамауымыз мүмкін. Дегенмен, сол замандағы тарихтан, әскери өмірден сыр шертетін толғауларға қарап отырып, ұлттық әскери журналистикамыздың тарихы тереңде екенін түсінеміз. Журналистиканың басты мақсаты ақпарат жеткізу және қоғамдық пікірді қалыптастыру деп бүгінде айтылып жүр, ал, жыраулар айтқан сөздер сол кезеңде дәл осы журналистика функцияларын атқарған. Батырларға рух сыйлап, ел алдында беделін көтеріп, қарапайым халыққа олардың ерлігін насихаттаған. Соңғысы, бүгінде сол толғаулар арқылы біз сан ғасырлық тарихты көз алдымызға елестете аламыз.
Біздің пікірімізше, батырлық та, батылдық та тектілік табиғатынан арна тартады. Ел ұраншыларының, ақылмандары мен абыздарының қолға қару ұстар азаматқа айтар өсиет әфсаналарының ой түйіні Азамат деген ардақты атқа лайық бол деуден танбайды. Жанға жан, басқа бас, қанға қан деген сұрғылт заманның өз өлшемі де болған. Тектілік табиғатынан нәр алған батырдың рухын көтеру, жігерлендіру халыққа кеңінен танымал болған ақын абыздарымыздың дәстүр. Солардың бірі – Ақтамберді жырау. Өз жырларында қазақтың намысын қайрап, сонымен қатар жауынгерлер сапында өзінің қандай қатерге бас тігіп жүргендігін айтады:
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан,
Жалынды жүрек қан қайнап.
Ел-жұртыңды қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап - деген жолдар батырлыққа шақырады. Осындай үрдіс біздің көптеген жырауларымыздың толғауларынан байқалады. Тәтіқара мен Үмбетей жыраулар майдан даласында жауынгерлерді жалынды жырларымен жорыққа шақырған. Бұл жырлардың майдан даласындағы шешуші ролі шебер қолбасшылардан кем түспегендігі айдан анық.
Қазақтың соңғы ханы Абылайдың кеңесшісі, ақылшысы болған Бұқар жырау толғауларынан біз Абылайдың өмірін, оның әскери жорықтарын, саяси істерін көре аламыз. Бұқар жырау халықтың қилы тағдыры туралы өз ойын білдірді. Халықты іргелі ел болуға үндеді. Қазақ халқына ұлттық бірлік қажет екендігін айқын түсініп, соған қызмет еткен тұлғаларды, халықты жаудан сақтаған батырларды дәріптейді.
Қалданменен ұрысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Абылайдың қасында
Бастарын бай тігісіп,
Сондай ауыр жорықта.
Қанды жаумен соғыста
Бірге болған батырлар
Мыналар еді егесіп:
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгембай,
Беті қайтпас арыстар
Шақшақұлы Жәнібек,
Сіргелі қара Тілеуке,
Қарақалпақ Қылышбек,
Текеден шыққан Сатай, Бөлек,
Шапырашты Наурызбай,
Қаумен, Дәулет, Жәпек батыр қасында,
Бақ-дәулеті басында.
Сеңкібай мен Шойбек бар,
Таңсыққожа, Мамыт бар.
Қасқараудан Молдабай,
Қатарда жақсы қалдырмай,
Есенқұл(Айнақұл) батыр ішінде,
Өңкей батыр жиылып,
Абылай салды жарлықты,
Қалдан ханды қашырып,
Шеп салған жерін бұздырып,
Ұрысты қатты қыздырып,
Қасым ханның шешесі
Хан Абылай алған-ды.
Жабы деген қалмаққа
Тырнағын қатты батырды.
Бұзылып қалмақ кеткен соң,
Өңкей батыр жиыл деп,
Хан Абылай шақырды.
Бір төбеге жиылды,
Құм төбедей үйілді.
Бөліске олжа түссін деп,
Хан Абылай бұйырды - деген жолдардан қазақтың батырларының есімін, Абылай ханның жауынгерлерге берген бұйрығын, әскери қимылдың нәтижесін көре аламыз. Абылай хан қарамағында жауға қарсы тұрған жауынгерлерімізді тани отырып, сол заманғы әскери өмірден ақпарат аламыз.
Өр рух пен өткір тілдің келесі бір өкілі – Махамбет Өтемісұлы. Бар қазаққа жауынгер-ақын ретінде танылған ол, өз жырларында ерлікке, бірлікке, қайсарлыққа шақырады. Замандар өтсе де Махамбеттің өлеңдері ерліктің ұранына айналып, әлі де ел аузында сақталып келеді.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза, қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқан төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас боламай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?! - деп, уақыт пен заманның талаптарына бағынбайтын, өз бағасын жоғалтпайтын мұра қалдырды. Ерліктің ұранына айналған Махамбет өлеңдері әскери мұрамыздың озық үлгісі десек қателеспейміз.
Қазақтың тарихында талай әскери жорықтар, сол жорықтарда жасалған талай ерлік істер бар. Солармен қатар, көршілес жатқан Ресей, Қытай сынды алпауыттармен арада болған тарихи оқиғалардың барлығын біз тарихтың, соның ішінде әскери тарихтың құрамына кіргіземіз. Шекара бөлінісі, әскер аттандыру, бітімгершілік келіссөздер барлығы да әскери тарихымыздың айнымас бөлшегі екені анық.
Тарлан тарихтың парағына көшіп жүріп із қалдырған ата- бабаларымыздың бір белесіне үңілсек, яғни Чиянлуңның 22-жылы 7- айдың 16-сы күні (1757-жылы 30 - тамыз ) айтылған жарлықта: «Шекараны орнықтырушы қосынның оң қол генералы Жаухуи мен кеңесшісі Амбан Фудының мәлімдемесінше: Қазақ ханы Абылай қателігін түзетіп, адал көңілмен бағынды, бекінісімізге сарайға апаратын тарту - таралғыларын алып келген ек. Сөзі мен ниеттерінің шын екеніне көзіміз жеткен соң, біз сол елшілерді Бейжіңге жібердік делінген... Қазақ ханы Абылайдың бағыну хатын аударып, елдің іші - сыртына жариялап, бұл істі күллі жұртқа жариялауы тиіс. Хаттағы сөз былай: «Мархабаты Ежен ханға құзырыңыздағы Абылайдан: бабаларым Есім хан, Жәңгір хан, заманынан бермен кіндік қағанаттың лебізі мен ұлағаты бізге жетпей келіп еді. Енді, міне, Ежен хан біздей қиырдағы ұлыстарға өзіңіздің шапағатыңыз жете бастады. Бұған мен де, қол астымдағы ел жұртым да шексіз қуанады. Мархабатты Ежен ханның шапағатына алғыстан басқа не айтамыз. Қарашаңыз Абылай ел жұртты бастап ұлан-ғайыр мәдениетке бауыр баса отырып, мәңгі бақи кіндік қағанаттың құзырында болуға пейіл. Кіндік қағанаттың аса мәртебелі қағаны өзіңізге адалдығымызды әйгілеу үшін, осы хатты ұстатып жеті елші мен олардың атқосшысы және күтушісі болып жалпы 11 адамды даргайыңызға арнайы жібердім. Сізге әрқашан есендік тілеп тартуға 4 сәйгүлік жөнелттім».
Міне, осы жарлықтан Абылайдай арыстың ел, жер амандығы үшін, мынау байтақ өлкені сақтап қалу үшін, көрші алып елдермен бірде жауласса, бірде достасып, бірде паналап, бірде алыстап күш-жігерін сарқығанын аңғарамыз. Егер дәл осылай саясат қолданбағанда, бір алып балықтың кішкене балықты жұтып жіберуі әбден мүмкін еді. Оның үстіне сахарадағы Моңғол секіліді ескі жаулары да Қазақ елінің күшін бәсеңдеткен. Дәл осы құбылмалы жағдайда парасатты хан Абылай өте дұрыс шешім қабылдады. Қытай елінің қолтығына кіре отырып, өзін қорғады және өзінің ұзақ уақыттан бері келе жатқан ата жауын әлсіретті. Бұл бағыну сол тұстағы Қазақ елінің күй - жайына қарата жасалған ең дұрыс ең кемелді шешім еді. Бұл Қазақ елі мен Қытай империясының алғашқы дипломатиялық келісімінің басталуы еді. Осылайша жалғасып кеткен Қытай-Қазақ, кейіннен Ресей-Қазақ қатынасының барлығында біз ел басшыларының бір-бірімен алмасқан хаттарында әскери-ақпараттық сипат бар екендігін байқаймыз.
Жер-жаһанның қалыптасып, ел мен елдің шекарамен бөлінген сәтінен бастап соғыс тақырыбын сөз етсек болады. Әлем тарихын қарап отырсақ, әскер журналистикаға қатысты деректі толығымен зерттеп, бір арнаға түсіріп, шежірелеп шығу өте қиын дүние екендігін түсінуге болады. Жалпы тарих, нақты ғылымдардың қатарында жоқ. Кей-кездері тіпті қолда бар деректердің өзі тарихтың нақты дәлелі бола алмайтын кездер де кездеседі. Тасқа қашалып жазылған дерек болмаса, кей замандарда құжаттар қолдан жасалып, тарихи шындық бұрмаланған кездер де болған. Тарихтың ақтаңдақтары бірнеше замандар өткеннен кейін ғана анықталып, нақты шындық тіпті кейде жария етілмей жатады. Сол сияқты әскери саланың да ашылмаған қырлары, зерттелмеген сырлары көп. Әскери тактиканың, соғыс қимылдарының қарапайым халыққа қызықсыз екені мәлім. Бейбіт заманда бұл тақырыпты тіпті ешкім де қозғағысы келмейді. Сондықтан, әскери тарихи шындықты зерттеуге ешкім құлықсыз. Әлемдегі алпауыт елдердің әскери журналистика тарихын алып, мынадай деректерді алдық.
Әлемдегі, ең алғашқы әсери тілші ретінде Филлипидтің аты аталады. Марафон түбіндегі шайқастан кейін, ол 42 шақырымды жүгіріп өтіп, «Афиндықтар, қуаныңдар! Біз жеңдік!»-деп айтып, жан тапсырған. Сол екі ауыз сөздің ақпарат беріп тұрғанын ескеріп, ғалымдар тарапынан Филлипид әлемдегі тұңғыш әскери тілші атағына ие болды.
Ал, Ресейде XVIII ғасырдың аяғында әскери басылымдар пайда болды. Олардың жарыққа шығуы 1702 жылдың 16 желтоқсанында Петр І патшаның берген жарлығына тікелей байланысты. 1703 жылдың 2 қаңтарында «Ведосости о военных и иных делах, достойных знания и памяти, случившихся в Московком государстве и во иных окрестностях страны» газеті жарық көрді. Кейіннен газет аты 1728 жылы «Санкт-Петербургские ведомости» деп өзгертілді .
1813-1917 жылдар аралығында Ресейде бірқатар әскери басылымдар шығып отырған. Атап айтсақ, «Русский инвалид» (әскери министрлік басылымы), «Военный журнал» (орыс әскери қызметкерлерінің білімін арттырып, сауаттандыруға арналған журнал), «Солдатская беседа» (көпшілікке арналған алғашқы мерзімді басылымдардың бірі), «Уральские войсковые ведомости», «Кронштадская газета» (теңіз министрілігің газеті) және т.б.
Зерттеушілердің еңбектеріне сүйенсек, «Военный сборник» және «Русский инвалид» басылымдарындағы Қазақстан жайлы жарияланған мақалалардың саны 400-ден асып жығылады. Саны жағынан шағын, бірақ, детальға толы ақпараттық корреспонденциялар алдыңғы орында болған. Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және өмірінен сыр шертетін дүниелер осы газеттерде жарияланған. Қазақстан жайлы тұңғыш корреспонденция 1820 жылы 12 қаңтарда «Русский инвалид» газетінде жарияланған.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезеңінде орыс әскерінде орталық әскери газет «Военная летопись» деген атпен шығып тұрды. Сонымен қатар, 1905-1917 жылдар аралығында бірнеше газеттер жарық көрді. Ақпан революциясынан кейін 170-тен астам әскери газет тіркелген. Олардың бірқатары орталық үкіметтің басылымдары болса, бірқатары шағын аймақты қамтитын басылымдар еді. Олардың ішінде «Армия и флот свободной Росии», «Голос солдата», «Голос фронта», «Солдат», «Солдат и рабочий», «Солдатская правда» газеттерін атап өтуге болады. 1918 жылдың қаңтар айынан бастап, «Рабочая и крестьянская Красная армия и Флот» орталық әскери басылымы шыға бастады.
«Рабочая и крестьянская Красная армия и Флот» газеті өз бойына әскери басылымға тән барлық қасиеттерді жинай отырып, әскери қызметкерлер арасында үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілуіне толықтай ықпал етті. Кеңіс үкіметі тұсында жарық көрген газеттер, әскери құрылымның тақырыбын жетілдіре отырып, әскери адамдардың әлеумет алдындағы борышы мен абыройын жан-жақты көрсетуге тырысты.
1930-40 жылдары Кеңестік әскери журналистиканың тақырыптық ауқымы кеңейе түсті. Оған себеп, әскер ғылымының дамуы мен оқырман сұранысының артуы еді. 1925-37 жылдар аралығында бейбіт заман тақырыбына орай, тарихи шындықтар ашыла бастады. Әлемде сол уақытқа дейін орын алған бірталай қақтығыстар мен шайқастарға байланысы жарыққа шықпаған деректер шыға бастады. Ұлы Отан Соғысына дейінгі жылдарда газет-журналдар елге әскер өмірінен хабар таратып, халық арасында әскерилердің абыройын көтеруге зор ықпал етті. Кеңестік жүйенің жетістіктерін мақтап, бейбіт өмірдің шежірешілері болды.
Ұлы Отан Соғысы басталғаннан бір күн өткен соң, газеттер «Кеңес үкіметінің қаулысын» жариялады. Ол жерде партия бүкіл Кеңес Одағын жауға қарсы соғысқа шақырған болатын. Орын алған жағдайға байланысты, идеологиялық жұмыстың алғашқы мақсаты келесідегідей еді: соғыстың саяси мақсаттарын қарапайым халыққа және әскерилерге түсіндіру; халықтың, Отан қорғаушылардың саяси-моральдық және патриоттық сезімін оятып, жауға қарсы аянбай күресуге шақыру. Осы кездерде әскери газеттер барынша Гитлердің адам аяғысыз соғысты бастауының мақсаттары мен нәтижелерін әшкерелеуге тырысты. «На страже Родины» газеті Гитлерді «сол доңыз саясаткер» деп атады. Себебі, ол кеңес үкіметіндегі барлық елдерге деген өзінің жауыздығын, кемсітушілігін түрлі жаргонизмдермен жеткізген болатын.
1941 жылы жау Мәскеуге қауіп төндіргенде әскери газеттер барынша қызу жұмыс атқарды. Түрлі әскери-патриоттық слогандар ойлап тауып, халықты бір кісідей жауға қарсы соғысуға шақырды. Мысалы, «Отан-анамыз біздің әрқайсымыздан қажымас қайрат пен қайтпас ерлікті күтеді. Отан бізді бір кісідей жұмылып, фашистерге қарсы күресуге шақырады», деп жазды газеттерде.
Ақпан революциясы мен Қазан төңкерісін басынан өткізген әскери газеттер, соғыс қимылының алғашқы күндерінен бастап-ақ, өткен күннің тәжірибесінен мол сабақ ала білді. Ленин қалыптастырған әскери-теориялық мұраны негізге ала отырып, газеттер халықпен қалай жұмыс істеу керек екендігін бірден түсінді. Соның арқасында, жауынгерлер мен командирлер өз бойларынан қажетті қажырлық пен ерлікті таба білді. Ленинград, Мәскеу, Одесса, Киев сынды Одаққа белгілі қалаларды қорғап қалуда жасаған Кеңес әскерінің қайтпас қайсарлығын газеттер жарыса жазды. Халық алдында жауынгерлердің өшпес ерлігін керемет дәрежеде насихаттап, бұқара халыққа соғыс майданының нақты көрінісін көлемді мақала, корреспонденциялар арқылы әкеле білді. «Қызыл жұлдыз» газеті, Дубосеков түбіндегі шайқаста көрсеткен панфиловшылардың ерлігін бас мақала етіп жазғаннан бастап, Панфиловшылар соғыс майданында жүрген барлық жауынгерлерге үлгі бола бастады. Газеттер соғыс алаңындағы ең мықты ерлік көрсетіп, Отан үшін жанын қиғандарды барынша халық алдында марапаттап, үлгі етуге тырысты. Сол газеттердің арқасында, мыңдаған, жүздеген әскерилер өздеріне қайрат-жігер ала білді. Сонымен қатар, жауынгерлерге рух беру мақсатында, ҰОС дейінгі соғыстардан эпизодтар жазылып, біздің елдің, жалпы Кеңес Үкіметі аумағындағы елдердің барлығы батыр болғандығы көрсетілді.
Әскер ғылымында «соғыс психологиясы» деген арнайы термин, арнайы сала бар. Саланың басты көздейтіні жауынгерлерге психологиялық көмек көрсетіп, ерлікке шақыру. Жігерлерін құм етпей, намысын жону. «Адамның өзін-өзі шексіз жақсы көруі – ессіздік, ал өзін сыйламауы – ақымақтық», - деген екен бір қанатты сөзінде Ги де Мопассан. Сол айтпақшы, өзін сыйламаған, өзіне сенбеген жауынгер ертең елін, Отанын қорғап, отқа түсуі екі талай. Осы тұрғыдан келгенде соғыс психологиясының мықты қаруы баспасөз болып табылады. Адамдар үнемі бір мақсатқа жетуге талпынбаса, жігерленбесе олардың еңбектері нәтижесіз болады.
Қазіргі тілде қақтығыс аумағындағы журналистика деп аталатын термин осы ҰОС жылдарынан бастау алды десек қателеспейміз. Себебі, бұл жылдардағы газеттер оперативті түрде жұмыс жасауды үйренді. Қақтығыс аймағынан алынған материалдар тез арада өңделіп, баспаға жіберуді қажет етті. Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы соғыс әскери ғылымның газет арқылы насихатталып, халыққа жеткізілуіне көп ықпал жасады. Бұқара халық әскерге бір табан жақындай түсті.
1942-1943 жылдардағы Кеңес әскерінің көрсеткен қайтпас ерлігінің арқасында Жеңіске біртабан жақындағанын сезген газет өкілдері ендігі кезекте халық арасында мақтан тудыратын материалдар жариялауды қолға алды. Ол дүниелердің ішінде тек үгіт-насихат емес, нақты нәтижелер көрсетілді. Батыр-қалаларды қорғап қалу мақсатында жүргізілген әскери іс пен соғыс қимылдары оң нәтижесін бергендіктен, газеттер сол дүниелер арқылы халықты одан ары рухтандыру керектігін айқын түсінді. Жалпы ҰОС жылдарында майдан алаңына бүкіл Кеңес Одағынан 10000-жуық тілші, 258 кинооператор аттанды. Олардың төрттен бірі сол соғыс алаңында қаза тапты.
Соғысқа дейін әскери тақырыпта жазушы қаламгерлер тіпті, одақ көлемінде некен-саяқ еді. Рас, Финляндямен екі арада қызу ұрыс майданы жүргізіліп жатқан кезде елімізде әскери тілшілер даярлау туралы азды-кем шаралар жасалды. 1940 жылы қаңтар айының өзінде-ақ М.В.Фрунзе атындағы әскери Академия жанынан әскери тілшілердің екі ай мерзімдік курсы ұйымдастырылды. Онда 40-50-дей жазушы мен талапты журналист оқып шықты.1940 жылдың қыркүйек айынан бастап Әскери – саяси академия жанынан әкери тілшілердің тоғыз айлық курсы ұйымдастырылды. Оны да 60-қа жуық шамалы оқып бітірді.
Профессор С. Қ. Қозыбаев өзінің тарихи-публицистикалық еңбегінде төмендегідей деректерді алға тартады: «Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарында 1000 газет және 15 журнал, ал Әскери-теңіз флотында 143 газет пен 4 журнал шығып тұрды. Орта Азияда тұратын ұлттар арасынан жасақталған әскери құрамалар үшін 42 газет пен 7 журнал шығарылса, оның 16 газеті мен екі журналы қазақ тілінде жарық көрген. Соғыс жылдарында бас-аяғы 4,5 мың әскери журналист тер төксе, оның 200-і Орта Азиядан шыққандар. Соғыстың соңына таман жалпы әскери баспасөздің бір реттік шығарылымының таралымы 3,5 миллион дананы құрап, әр жауынгердің қолына емін-еркін тиіп отырды».
Сондай-ақ, 1941-1945 жылдары кеңес радиосының жұмысы соғыс жағдайына сәйкестіріліп ұйымдастырылды. Соғыс барысы, елдегі барлық оқиғалар жайында бүкілхалықты тұрақты жедел ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатымен Куйбышев, Свердлов, Амурдағы Комсомол қалаларында бүкілодақтық радио комитетінің бөлімдерін ашты. Радио арқылы майданның әр тұсынан әзірленген қызықты репортаждар, жауынгерлердің ерліктері, тылдағы еңбекшілердің игі қасиеттері туралы очерктер, әскерлердің ауызекі сәлемдерін, хаттарын тұрақты түрде эфирге шығарды. Радионың арқасында жұрт жоғалтқан туыстары мен достарын тауып алып, хабар-ошарларын біліп жатты. Шет елдерге арналған бағдарламалардың сағаттары ұлғайтылып, аптасына елу сағатқа жетті.
Байқағанымыздай, әскери журналистиканың бейбіт заманға қарағанда соғыс жағдайында атқаратын қызметі арта түседі. Соғыс уақытында журналситика да басқа режимге көшеді. Ол режимді былай сипаттауға болады:
1) Оперативтіліктің екі есе өсуі;
2) Тақырып қоюдағы асқан шеберлік;
3) Материал жинаудағы сақтық;
4) Жеңіске деген талпынысты күшейту;
5) Психологиялық тұрғыдан зиянсыз дүниелер жазу;
Аталған, функциялардың барлығы әскери журналистиканың дамыған тұсы саналатын, Екінші Дүниежүзілік соғыста толығымен орындалды деуге болады. Себебі, Кеңес Одағы жеңіске жетті. Жеңіске деген ұмтылысты, талпынысты, қайрат пен жігерді жауынгерлерге сыйлаған бірден-бір құрал ол әскери, майдан газеттері еді.
Әлем әскери журналистикасын ашып қарасақ, түрлі қызық деректерге тап боламыз. Барлық елдің дерлік журналистикасының тарихында соғыс уақытында қатты дамып, өз шыңына шыққан осы сала тарихы, дегенмен әлі де бір ізге түспеген. Арнайы, әскери журналистиканың тарихы немесе өзекті мәселелері деген оқулық жоқ. Сонда, әскери журналистиканың тарихымен танысқысы келетін адам, өзі ізденуіне тура келеді.
Сонымен қатар мына бір дерек те біздің жұмысымызға енуін жөн санадық. Оқулықтарда арнайы көрсетілмесе де, мұрағаттарда кездесетін бұл факт әскери журналистиканың тарихын білем деушілерге қызықты болуы ықтимал. Себебі, бұл деректерде аты аталған қаламгерлерді біз тек жазушылық қырынан ғана танып, олардың әскери журналистикаға қатысы барын да біле бермейміз. Әскери журналистика саласы бойынша тарихта аты қалған азаматтар аз, сол үшін сала зерттеушілеріне бұл өте құнды деректер болып есептеледі.
1855 жылы шілде айында «Москвитянин» журналына Қырым соғысының майдан шебінен мақала жіберген Николай Бергтің аты әскери журналист ретінде аталады. Кейіннен зерттеушілер Л.Н.Толстойдың да осы тақырыптас дүниесінің шілде емес маусым айында жарық көргенін дәлелдеді. Ал, А.С.Пушкин 1828 жылы патшаға өзін орыс-түрік соғысында Паскевич басқарған құрамға іссапармен жіберуін өтінген. Патша оған рұқсат бермегенімен, Пушкин өз бетінше Кавказға барып, соның ізінше «1829 жылғы Арзрумға саяхат» эссесін жазады. Осыны ескере отырып, Пушкинді де әскер тақырыбына қалам тербеген, алғашқы әскери эссенің авторы деп көрсетеді. Бұл еңбекті ашып оқып отырсаңыз, түрлі әскери терминдердің, әскери шендердің сөз етілгенін көресіз. Бірақ, орыс тілін жетік білетін әрі өресі жеткен кісі ғана еңбекті толық бағалай алса керек. Тілі орамды, ойы нақ келген шығарма Патшаның рұқсатынсыз Кавказға барғанынан болар, Пушкин үшін жасырынып жазылған дүние болған іспеттес. Сондықтан, жұмбақтай сөйлеп, алыстан орағыту байқалады. Дегенмен, атынан да көрініп тұр бұл еңбек майдан даласына барып, ой толғап қайтқан қаламгердің қаламынан туған әскери әрі көркем туынды.
Ал, Кеңес Одағының тұңғыш әскери тілшісі – Исаак Бабель. Ол, Буденныйдың бірінші атты әскерінің құрамында жауынгер болған. 1919 жылы қызыл казактар атаман Шкуродан бронепоезд тартып алады. Поездың бір вагоны казактардың көңілін көтеретін қыздарға толы болады. Сол вагонда Буденныйдың баспаханасы орналасады және Бабель сол баспаханаға ақпарат жеткізуші тілші болады. Себебі, қай заманда болмасын мемлекет өз құпиясын қарапайым халықтың құлағына жетпегенін қалаған. Осыған орай, Буденныйдың да баспаханасы жасырын орналасты.
Тарихтың сахнасынан аластатылып, ақтаңдақтарына айналған талай әскери деректер бар. Оларды зерттеушілер әлі күнге дейін зерттеп жатыр. Жоғарыда көрсетілген мәліметтердің барлығын біз мұрағат деректерінен, әскери орыс тілді оқулықтардан алдық. Осы жерден шығатын шағын қорытынды, ұлттық әскери журналистиканы, әскери тарихты әлі де бір ізге түсіріп, зерттей түсу қажет.
Қазақстандағы әскери журналистиканың қалыптасуы және дамуы
Отанымыздың әскери журналистикасының сала ретінде қалыптасып, өзіндік сүрлеуін тапқан жылдары осы тұста сөз етілмек.
Тәуелсіз Қазақстанның әскери журналистика тарихы 1992 жылдан бастау алады. Сол уақытта егемендігін алған біздің елдің алдында өз Қарулы күштерін құру тапсырмасы тұрды. 1992 жылдың 7-ші мамырында «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы Заңы» қабылданды. Сол сәттен бастап, біздің әскердің тарихы түзіле бастады. Әскер құрылғаннан кейін, оның баспасөзі де заңды түрде қызмет етуін бастады. Мақсатты, тұтас әлеуметтік институт ретінде Қарулы Күштердің өзге салалардағыдай өзінің коммуникативті жүйесін қалыптастыруы қажет болды. Әрине ол жүйе БАҚ жүйесі болып табылады.
Әскери БАҚ жүйесі деген ұғымның аясына біз осы саланың барлық бөлігін қамтитын, өзі өмір сүріп жатқан қоғам мен уақыттың талаптарына жауап беретін, қоғамның белгілі бір бөлігіне ықпалы бар газет-журналдарды, жалпы ақпараттық-коммуникативтік қамтамасыз етуді сыйдырамыз. Жүйе деп отырғанымыз тек әскери БАҚ-тың саны ғана емес, өз алдарына қойылған мақсатқа жетуге тырысатын осы саланың барлық БАҚ кешенінің жиынтығы.
Әскер саласы қатаң тәртіп пен ұйымдасқан қимылдың озық үлгісі болып табылады. Өз даму бағытын айқындаған елдің әскері әрдайым кез-келген оқыс оқиғаға дайын болады. Жоғарғы дәрежедегі дайындық, тек жедел және ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарды орындауды ғана емес, сонымен қатар жеке құрамның ақпараттану деңгейінің мықтылығымен де өлшенеді. БАҚ саласын зерттеушілердің айтуы бойынша БАҚ-тың еркіндік пен жылдамдық деңгейі қақтығыс немесе төтенше жағдайларда шын бағасын дәлелдейді. Осыған орай әлемде қазіргі кезде орын алып жатқан әскери қақтығыстар әскери журналистикаға қатысты көптеген мәселелердің шешілуін талап етуде. Мәселе тек ақпараттың жағымды немесе жағымсыз пішінде берілуінде ғана емес, мәселе демократиялық қоғамда ақпараттың бұқпасыз халыққа жеткізілуінде.
Қазақстан баспасөзінің даму тарихында салалық журналистиканың орны бөлек. Елімізде салалық баспасөздің өркендеуі соншалықты кең танылған үрдіс болмаса да, белгілі бір салалардың газет-журналдары тұрақты түрде шығып тұрды. Бұл басылымдар өздерін жарыққа шығарып отырған саланың қалыптасуы мен дамуына байланысты мәліметтер мен деректерді жинақтады. Еліміздегі іргелі салалардың даму барысындағы үлкен жетістіктер мен сабақ аларлық қателіктер де сол сала баспасөзінің бетінде көрініс тапты.
Журналистиканың осы саласын зерттеп жүрген Қазақстандық ғалымдардың бірі А. В. Рожков әскери басылымдардың, жалпы әскери БАҚ-тың тарихын былайша түзеді:
1) Қазан төңкерісіне дейінгі кезең (1702-1917ж.ж.)
2) Кеңестік кезең (1917-1992ж.ж.)
a) 1917-1923ж.ж.- Азаматы соғысы мен революциялық кезең, аралас басылымдардың қалыптасқан кезеңі (большевиктік басылымдар, әскери басылымдар);
b) 1923-1938ж.ж.- Бейбіт заманда дамыған Флот әскері басылымдарының, таза әскери басылымдардың қалыптасуы кезеңі;
c) 1938-1941ж.ж.-Халкин-Гол мен Финляндияда орын алған әскери қақтығыстарға байланысты дивизиялық көп тиражды басылымдардың пайда болуы;
d) 1941-1945ж.ж.- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кезең;
e) 1945-1992ж.ж.- КСРО аумағында социализмнің қалыптасу кезеңіндегі әскери БАҚ;
3) Тәуелсіз Қазақстандағы әскери БАҚ-тың қалыптасуы (1992-1996ж.ж.)
4) 1997 жылдан бастап қазіргі кезге дейін қалыптасқан БАҚ-тың дамып, кемелденуге талпыныс кезеңі.
Қазақстанның әскері тәуелсіздік алғанға дейінгі сан мыңдаған ғасырлық тарихы бар әскер. Талай зұлмат жылдарды басынан кешірген біздің ержүрек халқымыздың тарихында Тұмар ханша мен Шырақ бастаған, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай сынды батырларымыз бен бертін келе Исатай мен Махамбеттер, одан кейін Бауыржан мен Қошқарбаев сияқты ержүректеріміз болған. Ел тәуелсіздігі үшін жанын қиған Қайрат пен Ләззәт, ең соңында кеше ғана қақтығыс кезінде қаза тапқан Байтасовтың ерлігін айтып кетпеу мүмкін емес. Яғни, ержүректік пен қажымастық қанында