15 Қазан 2015, 03:33
Біз қарастыратын бүгінгі мәселенің бірі – әскери терминологияның жай-күйі болмақ. Қазақ тілінің байырғы тілдік құрамынан орын алған әскери лексика қай замандарда болсын әскери мазмұнның танымдық сипатына ие болып келгені белгілі.
Әскери терминология бүгінде жан-жақты толысу үстінде. Өйткені бүгінгі ел қорғау саясаты, соғыс өнерінің стартегисы мен тактикалық методологиясы әскери мазмұнға жаңа сөздерді әкеліп отыр. Сондай-ақ әлемдік әскери ғылым негізі жаңа терминологияны әскери құрылым мазмұнында жаңа әскери ғылымға тән терминдермен байытып отырғаны мәлім. Әскер саласының түрлі кәсіби түрлерінде пайда болған жаңа қолданыстардың ішінде әскери болмысты нақтылап, тіпті, қоғамның өзге салаларынан ерекшелеп тұратын әскери атау сөздердің қатары әскери құрылымда өз алдына терминологиялық қатарды құрап отырғаны баршамызға аян.
Еліміздің қорғаныс шебі негізінен құрлық әскерлерінен құралғандықтан әскери құрылымда қолданыс тапқан әскери терминдердің құрамы да негізінен осы бағытта екенін байқадық. Бүгінгі сөз етер мәселеміздің ең негізгі қыры – әскери терминология. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Тіл комитеттері мен түрлі жоғары білім орындарында терминология мәселесі жиі қаралып, түрлі талқылаулардың өткізілуі Мемлекеттік терминкомның құрылуына себеп болғаны еді. Мемтерминкомның құрылуы еліміздегі түрлі ғылым саласымен экономика сондай-ақ нарықтық қоғамға тән тілде өріс тапқан терминдердің тілдік тұрғыдан бірізділік жолға түсуіне баспасөзде көпшілікке түсінікті болуын көздегені анық.
Сондықтан өзге ғылыми салалар терминология мәселесін бірінші орынға қойып, оның мемлекеттік тілдегі қыр-сырын нақтылап көрсетіп, терминология мәселесін шешу жағдайына жеткенде, бүгіндері әскери терминологияның шешілуге тиіс түйінді түйткілдеріне бей-жай қарамайық деген мақсатпен осы кеңесті жүргізуге тура келді.
Бұған дейін де аталған мәселенің біраз қырлары осыдан бірнеше жылдар бұрын қаралғаны анық болар. Өйткені оған куә 1999 жылы «Қазақша әскери терминдердің түсіндірме сөздігінің» жарық көруі. Авторлары: К.Аманжолов, А.Тасболатов. Аталған сөздік тілімізде қолданыс тауып жүрген әскери сөздерге түсінік береді. Сөздіктің қажеттігі өз рөлін атқарып келе жатқанын күнбе-күнгі әскери өмірде танылып жүргенін байқаймыз.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігінің 2007 жылғы 15 желтоқсанындағы № 402 бұйрығы – «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпанындағы №550 Жарлығына сәйкес 2008 жылғы 1-қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі іс жүргізу мемлекеттік тілге көшіріледі»-деп аталатын бұйрығы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарындағы барлық әскерилер мен қызметкерлерге арналған Мемлекеттік тілді барынша әскери салада нақты жағдайда іске асыру міндетін артып отырғаны мәлім.
Сондықтан терминология мәселесі тек сөздіктік болмыстан ғана танылмай ендігі жерде мемлекеттік тіліміздің әскери құрылымның сан түрлі жүйе-құрылымдарынан танылуды қажет етіп отыр.
Әскери терминологияның әскери ғылым тілінде де сондай-ақ әскери өмірдің практикасында да күн сайынғы қолданысы артып келе жатқанын шамалап отырмыз. Дегенменде әлі күнге дейін әскери терминологияның мемлекеттік тілдегі баламалық табиғаты оңтайлы түрде түгелдей шешім тауып жатыр деп те айта аламаймыз. Біріншіден - әскери мазмұнды айғақтайтын қазақ тіліндегі оқу құралдары мен оқулықтарының жоқтығы, екіншіден қазақ тілінде жарық көрген әскери техника тілі мен бүгінгі өркениеттік заман талабынан туындайтын әскери ғылым тілінің мемлекеттік тілде даярланбауы әскери терминологияның мемлекеттік тілде орындалуына өріс алып кетуіне байлау болып отырғаны белгілі.
Әскери құрылымда мемлекеттік тілде іс жүргізу, қару-жарақ аталымдары мен түрлі әскери құрама қызметтеріне сай атаулардың сондай-ақ, түрлі команда-тактикалық жүйе-құрылым қызметтерінің ішкі мазмұндарына сәйкес атаулардың мемлекеттік тілде берілуін әлі де әскери мамандар мен тілші ғалымдардың бірлесе отырып шешетін мәселесі күйінде қалып отыр.
Әскери терминология қандай лингвистикалық методологияны негізге алу қажет сияқты бағыттарға тоқталып өтейік. Терминология мәселесі қай тілде болмасын күрмеуі көп лингвистикалық күрделі мәселе. Өйткені терминология мазмұны жаңа ғылыми негіздерден түзілетін жаңа ұғым және оның функционалдық тұрғыдан шеті мен шегі бар екенін әрдайым еске ұстау қажеттігін міндет етеді. Екіншіден қазақ тілінің сөзжасам үдересіндегі терминжасаудың аналитикалық, синтетикалық, семантикалық тәсілдерін нақты әрі оңтайлы логикалы түрде пайдалана білу көзделеді.
Үшіншіден аударма жұмысына тән аударудың теориялық және практикалық негіздері мен екі тілдің мағыналық мазмұндық қырларына терең бару арқылы қарастырылуы қажет. Төртіншіден тіл теориясының формальдық қырын ғана емес сонымен қатар мазмұндық табиғаты тұрғысынан да байыпты қарауды міндеттейді.
Биғат ТАМАЕВА
Құрлық әскерлері әскери институты
Мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі