Әскери ойдың оғланы

29 Қазан 2015, 08:31

Тұңғыш әскери ғалым – Ким Серікбаев туралы

Мұндай дауысты, қазаққа тән қоңыр дауысты, әскерилер арасынан шыққанына тосырқай қабылдағандай болдым ба, шын көзім осы ма дегендей сахна төрінде тұрған қарағайдай тұлғаға қарай бердім...

Ортада өзін көрмесем де әскери ғылым мен Б.Момышұлы жайында жазған кітаптың авторы тұрғанына көзім жетті. Ойыма Жоламан Тұрсынбаевтың «Қызқарағай» әні оралды. «Ойы түзудің, бойы да түзу» деген осы шығар. Жаңағы ән осы кісіге арналғандай.

Көп жағдайда бастар сөзін өз ана тілінде бастап, оны да соңынан біреу қуғандай олай бір, бұлай бір жалтаңдап, даусына дірілді қосып алып, болмаған соң, одан  тыңдаушы көпшіліктен «кешіріңіздер мен  жастайымнан көрші елде оқып едім, қазақ тілін білмеуші едім» дейтіндердің қатарынан мүлде басқа  саңлақты әскери ағаның тұрғаны қуанышқа бөледі. Аға сөзі ойға ой қосты.

Сонау албырт жасынан Ресейдің Уфа қаласындағы әскери училищеде өткізген курсанттық кезінен басталған әскери өмір Кеңес Одағына қарасты территорияның әр жерінде түрліше әскери қызметті жасап жүргенде де туған дала мен  ана тілі рухани қазығы болған.  Ата дәстүрі мен әке аманатына берік әрі бір әулеттің мирасы екенін бала жасынан ішіне түйген жанның бір атаның ғана емес елінің тұтқа болар азаматы болғанын күллі қазақ көрді. Өмірді тану күнделікті қызмет етуден тұрмайтынын аға өз жазбалары мен кітаптарынан танытқан. Өмірдің ең қызығы өзің білмегенді өзгеден үйрену. Қалай, қандай жағдайда үйрену әдісін де дер кезінде игере білген. Бар мақсатын оқудан, тоқудан үйренуді мақсат тұтқан ағада бір арман «...қайтсемде ел қорғайтын офицер боламын, ол үшін білмегенімді оқимын, істемегенді үйренемін» – деген пікір тұрақтылығы ғылым әлемінен сыр ұғуға талпындырған.

Әлі есінде 1970 жылы Мәскеудегі М.Фрунзе атындағы Әскери академияны үздік аяқтаған өзін академия жанындағы адьюнктурада  әскери ғылымды игеруді ұсынғанда мақсатының көкжиегі қылаң бергенін байқаған. Жалпы ғылым әлемі дәлелдеулермен нақты гипотезаларды  дәйектеуден тұратындықтан ғылыми    тәжірибелер жинақтау барысында әскери ғылымды ұстаздықпен де жалғастырып адам тану, әскери білімді игерту, сияқты күрделі қызметке ендеп араласқан кезеңде ұлт тәрбиесінің тұлғалы тамыры жадына талайды жаңғыртып, тығырықтан алып шықты.

Аз сөйлеп байыпты сөз жұмсауға, ойын жинақтап таратуға бойын үйреткен аға тұлғасында ұлт мәдениетінің  озық үлгілері айшықтыла көрініс тапқан.

Бір кезде қазақ халқының ардақты біртуар қайраткер ақыны  Сәкен аға жұмысқа келіп есік ашқанда өзге жұртшылық  ағаны көріп сағаттарын түзетеді екен. Ортада сөз мінберіндегі аға бойынан Сәкендей ұлы тұлғаға ұқсас бір сәуле жылт етті. Азаматқа тән мінез болмысындағы жандүниенің саф тазалығы деген осы шығар. Мұндай болмыс – танымның терең иірімін бағындыруға арналған жігерліліктің белгісі. Осы ұғым мені ғана емес залдағыларды да баурағандай.

Жақсы сөз жаныңды жылытып, аға болмыс-бітімі  жоғары  мәдениеттіліктің, парасаттылықтың  парасы  болып жүректерге қуаныш сыйлаған. Адамгершілік болмысы өзіне ғана емес, өзгеге, оның ішінде ұлт болашағына тірек болар ұрпаққа арналған аға шығармашылығы,  әу бастан,  рухшыл дүниелер ретінде оқырманына жол тартып, ел қорғаны болар болашақ офицерлер үшін құнды, әрі деректі дүниелер болып қабылданған.

Қандайда болмасын таным дүниесі алдымен ойлылық пен  салқын сабырды  қажет етеді. Ең бастысы тәлім тәрбие болар белгісімен құнды. Бала күнінен халық ауыз әдебиетімен, кітап оқумен, бос уақытының  көпшілігін  өзін  дамытумен  шұғылданған  машығы  келе-келе өз тұрғысынан да  шешім қабылдап,  қолына қалам алып басынан өткен, көзбен көрген оқиғаларын өмір үшін,  жас ұрпақ үшін қажетті дүниелерді жарыққа шығарды.

Алдыңғы толқын ағалар өмірі оның ішінде Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов жайында жазған аға еңбектері көбіне психологиялық тұрғыдан терең ой салатын,  өр мінезді шығармалар.  Қасым ағаның естелігін (Незабвенный Касым-ага) – «...Мен майданда түрлі ұлттармен жаумен айқастым,  бірақ соның ішінде өз бауырларымның (қазақ) ерлік істерін естіп, тыңдағанда өз жүрегімнің қатты дүрсілдеп, өзімше бір қуанышқа бөленетінмін..

немесе Қасым ағаның лебізін: «...Бауыржан Момышұлы Әзілхан Нұршайықов жазғандай шын мәнінде соғыстың 1418 күні мен түнінде ерлікпен соғысқан батыр. Ол аты аңызға айналған халық батыры. Қолына үстел үстіндегі  Баукеңнің «Соғыс психологиясы» кітабын алып тұрып,  Отан қорғаушысы мамандығын таңдаған әрбір азаматтың үстел үстінен түспейтін бірден бір кітабы осы кітап болу керек деп сөзін  қадап айтты» – деген Ким ағаның төгіле жазған жолдарынан ұрпақ тәрбиесіне деген парызды аңғарамыз.

Арада жылдар өтсе де кандидаттық зерттеу еңбегінен кейін аға қызметі өз ұлтына қызмет көрсету, Бауыржандай  ұлт батырының рухани әлеміне бойлап оны ұрпаққа сіңіру сияқты ұлы істерге бағытталды. Алматы жоғары командалық училещесіндегі ұстаздық қызметі, ҚР Жоғары партия мектебіндегі кафедра бастығы кезіндегі педагогикалық еңбектері азамат тұлғаның  елдік  істеріне  баланды.

2013 жылдың көкек айында өткен Қазақстан Республикасы Ассамблеясының сессиясында Ким Серікбаев ағамыз: «Ұрпаққа тәрбие беруде «Намыс пен абыройдың ерлік сабақтары» бағдарламасында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіндегі әскери-техникалық мектеп базаларында жастарға патриоттық тәрбие беру орталықтарын ашу қажеттігіне тоқталды.

Биік мінбелерден осындай өсер ұрпақтың өз Отанын қорғауы, Отанға деген сүйіспеншіліктен басталатынын баса айтып ол үшін Әскери-патриоттық орталықтардың қажеттігі бүгінгі күні  кезек күттірмес іс-шара екенін баршамызға міндет етуі ел ағасының алдымызға қойған міндеті.

Қай істе болмасын көрегендік танытатын алғырлық қасиет бүгінгі әскери қызметкерге, тәрбиеші мен ұрпақ мүддесіне жауапты қоғамның барша азаматына үлгі өнеге. Тағылымды өмір сүру деген қоғамға адал қызмет еткен жандардың осындай   еңбегі болар.

Әскери ғылым әлемі талай сырлы терең танымдарға бойлауға шыңдады.

Әскери әдебиеттегі түрлі тактикалық әдіс-тәсілдердің теориялық нұсқасын игеру оны курсанттарға білім негізі ретінде ұсыну – әскери ғылым методологиясын жан-жақты меңгеру мүмкіншілігі аға жандүниесін одан сайын кемелдендіріп, ғылыми нәтижелерге қол жеткізуіне  дәнекер болды.

Елдің қорғаныс күші қай бағытта, қалай, қандай ғылыми негізде қалыптасып дамуы керек не болмаса тәуелсіз елдің қорғанын әсте ең басты мақсаты санайтын Ким Серікбаев аға не жазса да, не айтса да шыншылдықпен ақиқатын айтудан жалықпай келеді.  Ұстаздық қызметтің  ең негізгі маңызы шәкірт даярлау.

Әскери педагогиканың бір ерекшелігі терең әскери біліммен қатар ер мінезділікке сай шапшаңдықты, қимыл-әрекет пен білек күшінің сәйкестілігін қажет ететіні даусыз. Міне, осы үдерісті үрдіс ету нағыз ердің ғана қолынан келетіні айқын. Аға өмірі ер азаматқа тән осындай машық-дағдымен ұштасып  өрілгені  баршамызға тағылым.  

Ойтолғауы терең жанның ішкі ниеті батыл әрекетпен астасқанда ғана ерлік әрекеттер тынымсыз сыртқа шығары хақ. Әскери ойдың оғланы Ким Серікбаев ағамыз қазіргі қорғаныс саласында әлемге аты мәшһүр тұлға екені баршамызды қуантады. Түркі тілінде оғлан сөзінің – ұлан, күрескер, жауға шабатын жауынгер сияқты мәні бар. Оғлан азербайжан тілінде  -жауынгер жас дегенді білдіреді. Ерте дәуірде түркі жұртшылығы үшін оғлан сөзі ортақ қолданыста болған. Қазақ тілінде мағынасы сақталып, тек қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сай  ұлан болып тілдік қорымызда төл сөзіміз ретінде қолданыс тапқан. Маңғыстау жерінде қазақ баласының баршасына етене таныс қасиетті Оғланды деген жер атауы бар. Қазақстан энциклопедиясында: Оғланды Түркі кезеңдерінен бері қасиетті, киелі орын деп берілген.( Қ.Э.) Бір кездері Бекет (батыр) бабамыз осы қаиетті орынды таңдап алып, қазақ мәдениетінің киелі мекеніне айналдырғанын тарихтан білеміз. Оғланды батырлар мекен еткен әулиелі мекен.   Сондықтан оғлан сөзінің бүгінге дейінгі мағынасы, семантикалық пәрменділігі өз күшін жоймаған. Әрі күрескер мәні оның ішінде жауына «оқтай қадалар» сияқты ішкі семалық бірліктің күші сөз жұмсалымында одан сайын   күшейте түсетіні айқын байқалады.

Сарабдал сана ұлт мүддесіне осылай бағыт алған болатын. Ел намысын жеке басынан жоғары санайтын тұлға көкейкесті мәселелерді шешуге оны жұртшылық алдына ұсынуы екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс-шаралар. Алматы әскери-интернатына Бауыржан атамыздың есімін иелендіруі, ұлт батырының Кеңестер Одағының батыры атағын алуы, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қорғаныс күштерін құру, әскери доктринаның заңнамалық ережелерін жасау сияқты күрделі іс-шараларды ұйымдастыруы нағыз ердің ісі.


Биғат ТАМАЕВА,

Құрлық әскерлері әскери институты

Мемлекеттік тіл кафедрасының

меңгерушісі, профессор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу: