Өскеменде «Біздің ержүрек жерлестеріміз» әдеби көрмесі ашылды

12 Наурыз 2015, 10:45

Шығысқазақстандық майдангерлердің өмірі мен ерлігін паш ететін «Біздің ержүрек жерлестеріміз» әдеби көрмесі жұмысын бастады.

Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, Өскемен қаласының А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасында соғыста Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған шығысқазақстандық майдангерлердің өмірі мен ерлігін паш ететін «Біздің ержүрек жерлестеріміз» әдеби көрмесі жұмысын бастады. 

Көрмені облыстық Ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері, студенттер мен оқушылар тамашалады. Көрмеге отты жылдардағы халықтың қилы тағдыры мен майдангерлердің ерлігін әйгілейтін кітаптар мен естеліктер қойылған. Қасіретті жылдардың бір белгісіндей, сақталған жауынгерлердің каскалары мен ыдыстары жас өрімдерге тағылымды тарихтан сыр шертеді. Көрмеде сондай-ақ, кітапхана қызметкерлері көпшілік алдында соғыста ерен ерлік көрсеткен шығысқазақстандық батырлардың өмірбаяны, майданда көрсеткен ерліктерін айтып өтті.

Қазақстанның барлық аймақтары ішінен жоғары атақты ең көп алған шығысқазақстандық – 109 солдат пен офицер. Олар соғыстың барлық майдандары мен әскери бөлімшелерінде шайқасқан. Брест қорғаны, Минск, Ленинград, Смоленск, Одесса, Севастополь, Тула, Киев т.б. Бұл тек жаудың жолын бөгеген бекініс-қалалар ғана емес, жүздеген батырдың жанкештілік пен даңқты ерлігінің межесі. Мәскеу үшін шайқаста Панфилов дивизиясының даңқы шықты, оның құрамында болған шығысқазақстандық Төлеген Тоқтаровтың аты аңызға айналды. Сталинград түбіндегі ұрыста 38-атқыштар дивизиясы ерлігімен көзге түсті. Оны басқарған шығысқазақстандық Ғ. Б. Сафиуллин қараусыз қалған көше баласынан Кеңес Армиясының командиріне дейінгі қилы тағдырды басынан өткерген тұлға. Сондай-ақ, Днепрден өткенде ұрыстарға қатысқан 42 шығысқазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған.

Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, көрмеге қажетті материалдар мен кітаптарды, тарихи құндылықтарды іздеу барысында шығысқазақстандық Кеңес Одағы батырларының қай майданда ерлік көрсеткендігі, бірінші болып қай майдангер атаққа ие болғаны сынды деректер табылған. Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, жыл бойы жұмыс істейтін көрмені қызығушылық танытушылар демалыс күндері де келіп тамашалай алады.


Фотолар мен ақпаратты берген – ШҚО Ақпараттық орталығы.

Бөлісу: