Өскеменде қазақ халық ауыз әдебиетінің облыстық фестивалі өтті

4 Қараша 2019, 11:26 2912

Өскемендегі Достық үйі-Қоғамдық келісім орталығында «Бабалар мұрасы» атты қазақ халық ауыз әдебиетінің облыстық фестивалі өтті.


Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, аталған тың жоба біздің заманымызға дейінгі қазақ халқының мәдени мұрасынан сыр шертеді. Қатысушылар тарихқа сапар шегіп, көне ән мен күйге бөленіп, қазақтың тұрмыс-тіршілігінен сусындады. Фестиваль қонақтары тарихқа оралып, ата-бабалар рухына тағзым етті.


Әр орындаушының өнері терең мағына ие болды. Көне әндер бабалар даналығын көрсетіп, тарихи оқиғаларды баяндады. Ал домбыраның қоңыр үні тыңдаушылардың жүрегіне жетіп, рухани азық болды. Біздің ата-бабаларымыз мәдени мұраның болашағын ойлап, халық ауыз әдебиеті арқылы жас ұрпаққа мирас қылып қалдырды. Жыршы-термешілердің күйі мен ұлттық әндері – бізге жеткен баға жетпес байлық, дейді Достық үйдің өкілдері.

Фестиваль аясында ұйымдастырушылар үлкен зерттеу жұмысын жүргізіп, айтылмаған әндер мен ашылмаған тарихи дастандарды ұсынды. Іс-шараға оқушылар мен студенттер тартылып, жас ұрпақ бойына тарихи мұра дәріптелді. Фестиваль-концертте өнерпаздар өнерімен ғана емес, ұлттық киімдердің керемет үлгілерімен көзге түсіп, қала тұрғындарының, әсіресе арнайы келген америкалық профессорды тәнті етті.


«Мен қазақ халқының мәдениетіне тәнті болдым. Керемет ұлттық киімдер мен қазақ халық музыкасы маған қатты әсер етті». Дейді өз серімен бөліскен Эрик Фридман.


«Бабалар мұрасы» фестивалі аясында түрлі номинациялар бойынша сайыстар ұйымдастырылып, бірнеше күнге созылды. Одан бөлек қазақ халқының мәдени мұрасы мен өнеріне арналған семинар, лекциялар өтті. Тың іс-шараның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтар мен сайыс жеңімпаздары кеш соңында салтанатты түрде марапатталды.

Бөлісу: