Өскемен тұрғыны жылыжайда ірі қарасора бұталарын өсірген

27 Қыркүйек 2022, 17:39 839

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Өскемен тұрғыны жылыжайда ірі қарасора бұталарын өсірген, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Шығыс Қазақстан облысының полицейлері өз ауласында қарасора өсіріп, марихуана сақтаған өскемендікті ұстаған.  Жедел-профилактикалық іс-шарасы нәтижесінде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі затын сақтаған және өсірген деген күдікпен 44 жастағы ер адамды ұстаған. 

Ұсталған адамның тұрғылықты тұратын жеріне тінту жүргізу кезінде ауладағы жылыжайдан тәртіп сақшылары өсімдік тектес спецификалық иісі бар жасыл түсті зат салынған қорап пен сөмкені тапқан. Сонымен қатар, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері аталған ер адам жылыжайда өсірген екі үлкен қарасора бұтасын тәркілеген. 

Сараптама қорытындысына сәйкес, сөмке мен қораптағы зат кептірілген марихуана болып шықты, оның салмағы 490 грамды құраған. 

 Үй иесі жеке пайдалану үшін марихуана мен қарасораны өсіргенін және сақтағанын айтқан. Оған қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

 Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) және ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бөлісу: