Сирия режимі мен халықаралық қауымдастық арасындағы өзара айыптаулар

13 Ақпан 2023, 07:00 1175

Ақпанның 6-да Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек жеткізуге байланысты Сирия режимі мен халықаралық қауымдастық арасындағы өзара айыптаулар орын алды. Атап айтқанда, arabiya.net сайтының хабарлауы бойынша, Сирия үкіметі ел аумағына кірген гуманитарлық көмектің жартысын тәркілейді екен. Іс жүзінде, әңгіме бұл ел аумағына кіріп жатқан барлық гуманитарлық көмекке қатысты емес, тек  автономды әкімшілік аймақтарына немесе күрд Қызыл жарты айы және Алеппоға, яғни үкімет бақылауында емес аудандарға баратын көмектің жартысын тәркілеу туралы болып отыр.

 Сирияның адам құқықтарын бақылаушысы санкциялар үкіметтің бақылауындағы аймақтарда орналасқан әуежайларға гуманитарлық көмектің кіруіне кедергі жасап отырмағандығын атап өтті.

Осы орайда бұл көмектің оған мұқтаж адамдарға жетуін қамтамасыз ету маңызды мәселеге айналып отыр. Еуропа одағы Сирия үкіметінен көмек мәселесін саясаттандырмауды талап етті. Бұны үкіметке қарсы топтарға қарайтын аудандарға көмектің өтуіне кедергі жасамау жөніндегі талап деп түсіну керек.

Екінші жағынан, кейбір бақылаушылар Дамаскті өзіне адал аудандарға ғана көмек жіберді деп айыптайды. Сирияға көмек негізінен араб елдерінен келіп жатыр және оның ұрлануына жол бермей, қайта оның мұқтаж адамдарға жеткізу механизмін құру күнтәртібінде тұр. Тек Сауд Арабиясының көмегі тіркелген зардап шеккен аймақтарға жеткізілді.

Көмектің оған мұқтаж адамдарға жетуін қамтамасыз етуде Сирияның солтүстік-батысында жер сілкінісі салдарынан жоғалған адамдардың санын есептеу мүмкін болмай отырғандығы тағы бар. Ресми ақпарат көздері іс-түзсіз, хабарсыз кеткендердің саны өте көп екендігін айтып отыр.

Қазіргі Сирияның құтқару қызметінің мүмкіндіктерінің шектеулі болуы үйінділердің астында қалғандарды уақытында құтқара алмауға әкеліп соқтырды.

Соңғы мәліметтер бойынша, Сириядағы жер сілкінісі 5200-ден астам адамның өмірін қиды, ал 12 жылға созылған азамат соғысы қазірдің өзінде жүздеген мың адамның өліміне және миллиондаған адамдардың ел ішінде және одан тыс жерлерге көшуіне әкеліп соқты.

Батыстың санкциясына ұшыраған Сирия режимінің үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымынан көмек сұрады, сонымен бірге ел аумағына кіретін барлық көмек онымен үйлестіріліп, түрік шекарасы арқылы көтерілісшілер бақылауындағы аймақтарға емес, Сирияның үкімет бақылауындағы жерлерге жеткізілуі керек деп мәлімдеді.

Осыдан екі күн бұрын Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жолдаған болатын. ҚР Ұлттық ұланы ұшағының төрт рейсімен Сирия жеріне жеткізілген көмек негізінен мемлекеттік резервтен бөлінген азық-түлік, жылы киім, шатыр мен төсек-орындардан тұрады.

Қайрат Сәки
Бөлісу: