Бұл төбешіктің орнында бір замандарда тірлігі қайнаған үлкен шаһар болған. Тарихта Сығанақ деген атаумен белгілі қала алғашқы қазақ мемлекеті – Ақ Орданың астанасы болды. Сонымен қатар, 2 мың жылға жуық тарихы бар шаһар Әбілхайыр хандығы мен Қазақ хандығының да астанасы болды. Сығанақ сөзі қамал, қорған деген мағынаны білдіреді.
Академик Әлкей Марғұлан еңбектерінің бірінде орта ғасырдағы Сығанақ қаласының тіршілігін, мәдениетін, қала құрылысын Фазулулла Ибн Рузбихан, Шарафуддин Иазди есімді ғалымдар толыққанды жазып кеткен дейді. Ғалымдар Сығанақты дала іргесіне көркем етіп салынған шаһар деп сипаттайды. Өлкенің бай жері, тұрмысы ерекше көзге түскен. Әдемі шаһардың халқы да тығыз қоныстаныпты. Қала базарында әр күні 500-ге тарта түйеге жегілген тауарлар сатылған, - деп келеді жазбада.
Моңғол шапқыншылығы тұсында түгелімен қираған шаһар ХІV ғасырда қайта жөнге келтіріледі. Сығанақты ХV ғасырға дейін Ұлықбек басқарады. Сол кезеңдері Ақ Орда Темір әулетіне енген тұс болатын. Қала Әбілхайырдың (1428-1468) қолына 1446 жылы өтіп, ол шаһарды өмірден өткенше басқарған. ХVІ ғасыр басына дейін сырбойылық қалалар Шайбани әулетінің үстемдігінде болады.
Қазақ хандығы құрылған соң Сыр бойындағы қалаларды кері алу мақсатында қазақ хандары біршама күш сарп етті. Тұңғыш рет Қазақ хандығына енген Қаратау баурайындағы Созақ пен Сырдария бойындағы Сауран қаласы болатын. XV ғасыр соңында Шайбаниға бірқатар қалалар қараған. Қазақ хандығы қарамағында Сауран, Сығанақ, Созақ қалалары мен Түркістанның солтүстігі болатын.
Сол кезеңдегі Сығанақты мекен еткен тұрғындар жайында Рузбихан "Шаһар маңындағы қыстақтар және қаланың адамдары Қазақ хандығына үнемі шынайы көзқарас танытып, ерекше қарсы алған. Қаланы басқарған Қазы Садыр ал-Ислам, Садыр-Шайхтар Бұрындық ханға шаһарды беруді жөн көреді. Осы аймақтың бұрынырақ та Бұрындық ханға қарайтындығын, сол себепті ешқандай қарсылықсыз қаланы табыстаған дұрыс екендігін жеткізген.
Қасым хан заманында Қазақ хандығында ерекше тыныш кезең орнайды. Ол елді билеген тұста хандықтың астанасы Сығанақ болды. Әрі қарай Есім ханның кезінде хандық Түркістанға көшіріледі.
ХV және ХVІІ ғасырлардағы Сығанақ та белгілі қала болған. Бұған археологтар жүргізген жұмыстар дәлел. Мәселен, ғалым П.И.Лерх көне қалаға зерттеу жүргізген. Сондай-ақ, 1899 жылы зерттеуші В.А.Каллаур Сығанаққа барлау жұмыстарын жасады. Ал, шаһар орнын 1906 жылы И.А.Кастанье зерттеді. Кейін А.Ю.Якубовский Ресейлік Ғылым академиясына қарасты институт тапсырмасымен Сығанақты зерттеп шыққан. Оның зерттеу жұмысы 1927 жылы жүзеге асты. Ежелгі қаланы зерттеу қазақ зерттеушілерінің де назарында. Археологтармен қатар бұл мекенге бүгінде туристер де көптеп келеді. Тарих қойнауынан сыр шертетін Сығанақтың құпиялары әлі де зерттеп-зерделене түсіп, келешекке асыл мұра болып қала бермек.