Синтетикалық есірткі аз уақытта әлемдік дертке айналып отыр

31 Қазан, 10:28 370

Синтетикалық есірткі аз уақытта әлемдік дертке айналып үлгергені белгілі. Интернеттің қарыштап дамуы улы заттың кең тарауына өз кесірін тигізіп отыр. Салдарынан есірткінің бұл түрін сатушылар да, оны қала көшелеріндегі түрлі орындарға жасырып кетушілер де артып келеді. Көпшілік арасында «закладчик» деп аталып кеткендердің көбі – жастар. Олармен күрес қалай жүріп жатыр? Қылмыстың бұл түрін жасағандарға берілетін жаза қандай? Синтетикалық есірткіні тұтынушылар емделе ме? El.kz-тің бүгінгі материалында осы және өзге де сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбітетін боламыз.

Шымкент қалалық прокуратураның мәліметінше, биыл 9 айда шаһарда есірткіге қатысты қылмыс 447-ге жеткен. Ал былтыр тиісті кезеңмен салыстырған тіркелген қылмыс саны 5 фактіге өскен. Ал сотталғандар саны – 397. Сотталушылардың басым көпшілігі 18-19 жас аралығындағылар жас жігіттер екен. Ал қалған 215 адам 40-тан жоғары жастағылар.

2024 жылдың 9 айдағы жұмыс қорытындысына сәйкес, Шымкентте есірткі дайындайтын төрт лаборатория анықталған. Бұл туралы қала прокурорының орынбасары Ержан Мараттың Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтқан болатын. Оның үшеуі синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана, біреуі - фитолаборатия. Аталған фактілерге қатысты күдіктілердің барлығы ұсталған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс материалдарын жақын арадағы сотқа жолданатын болады. 

Полицейлердің айтуынша, бүгінде есірткімен байланысты қылмыс санының артуына   интернет жүйесінің қарыштап дамуы да өз себебін тигізіп отыр екен. Мәселен, бұған дейін есірткі сатушы мен оны сатып алушы арасында тікелей байланыс болған. Есесіне бұл қылмыстың тез ашылуына ықпалын тигізген. Ал қазір интернет парақшалардағы түрлі есірткі жарнамалары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап келеді. Құзырлы органдар бұл парақшаларды бұғаттап отырғанымен, бірі жабылса, екіншісі қайта ашылып, бақылау тіптен қиындаған.

Кейінгі кездері есірткі қылмысына қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқандардың 70-80 пайызы интернет желісінде сауда-саттық жасағандар. Цифрландыру жүйесі есірткі бизнесінің кеңінен таралуына да өз кесірін тигізбей қоймады. Интернет желісін теріс пиғылда пайдаланушылар түрлі парақшалар ашу арқылы сауда-саттықты осы ғаламтор арқылы жүзеге асыруда. Елімізде мониторинг жүргізу жұмыстары аясында 2000-нан астам осындай парақша жойылған болса, бірақ бұғаттау шараларына қарамастан мұндай парақшалар қайта ашылуда. Өйткені интернеттің шекарасы жоқ. Ол үлкен мұхит сияқты, бір ғана ақпарат  тарату нүктесі өзгертіліп, жаңа парақшалар ашылуда. Бірақ соған қарамастан күнделікті бұғаттау жұмыстар жүргізілуде. Бұл жерде қылмысты ашуда, тергеп-тексеруде өзіндік қиын тұстары бар. Себебі есірткі сатушы, сатып алушы, есірткі жасырып кетуші бір-бірін танымайды. Бірақ соған қарамастан полиция мен прокуратураның бірлескен іс-шараларының арқасында биыл 400-ден астам есірткіге қатысты қылмыс анықталды. 150 келіге жуық есірткі заттары тәркіленсе, соның 29 келісі синтетикалық есірткі заттары,-деді  Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман-Арун Бейсенбиев.  

Сонымен қатар небір өрімдей жас осы қылмыстың жетегінде кетіп отыр. Әсіресе жұмыссыз жүрген жастардың кейбірі екі қолға бір күрек табу үшін ғаламтордағы жарнамаларға тап болады. «Жалақысы аптасына бір рет» деген жарнама кімді болса да қызықтыра қоятыны анық. Ал қойылатын талап – бір затты екінші нүктеге жеткізіп, фото есебін жолдап отыру. Бұл - есірткі жасырып кетушінің жұмысы. Өкінішке қарай, жастардың көбі бұл жұмыстың қылмыс екенін тереңінен ұға қоймайды.

Өкініштісі, жастар жеңіл жолмен ақша табу мақсатында осы жолға түсіп жатады. Интернет желісі арқылы да есірткі сатқандарға берілетін қылмыстық жауапкершілік аз емес. 10 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Себебі бұл аса ауыр қылмыс санатына жатады. Ал егер бұл есірткі бизнесі оқу орындарында жасалған немесе есірткі контрабандасымен байланысты болса, онда кінәлі адамға өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасы беріледі. Біз әкімдік қызметкерлерімен бірге есірткі жарнамасының алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп отырамыз. Жыл басынан бері қалада 7 мыңнан астам есірткі жарнамалайтын граффити жойылды. Сондықтан есірткімен тек құқық қорғау органдары емес, қоғам болып күреспесек, үлкен проблемаға айналуы мүмкін»,-  деді қалалық ПД бастығының орынбасары.

(Фото: istockphoto.com)

Айта кетейік, былтыр Шымкентте бір отбасының үш адамы есірткі таратумен айналысқаны үшін ұсталған болатын. Яғни, 22 жастағы ұл бала өз анасы мен оның азаматтық некедегі күйеуін осы қылмысқа тартқан. Олар Telegram мессенджері арқылы интернет-дүкенін ашып, сол арқылы тапсырыс қабылдап келген. Тапсырыс берушілерге тауарды жеткізу үшін қала аумағында жасырып кетіп жүрген, ол үшін тағы екі сыбайласын жұмысқа қабылдаған. Сот үкімімен барлығының кінәсі дәлелденді. Қылмысты ұйымдастырушы жас жігіт 18 жылға сотталды. Ал қалған төрт адамның әрқайсысына 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. 

Сорақысы сол, бүгінде есірткі жасырып кетушілермен қатар адам санасын әп-сәтте улайтын бұл затты қолданушылардың да көбі – жастар. Синтетикалық есірткіге тәуелді болғандардың басым көпшілігі есірткіні алғашында қатарластарымен қызық үшін дәмін татып көргендер. Көп ұзамай оның шырмауына қалай түсіп қалғанын өздері де байқамай қалғандар. Солардың бірі – 25 жастағы Марина (есімі өзгертілді). Шымкенттік бойжеткеннің айтуынша, есірткіні тұтынуына сүйіктісі себеп болған. Қыз бен жігіт болып кездесіп жүрген жігіті күндердің күнінде синтетикалық есірткіні алып келіп, дәмін көруді ұсыныпты. Марина алғашында көк түсті ұнтақтың есірткі екенін білмегенін, күмән тудырған затты тұтынудан бірден бас тартқанын алға тартты. Бірақ сүйіктісі оның не екенін түсіндіріп, «Бір рет тұтынсаң, ешқандай өзгеріс болмайды. Өмір бір-ақ беріледі, бәрін көру керек. Сондықтан бас тартпа» деп көндіріпті. Құлай ғашық болған ер адамы жаман жолға түсіре қоймас деген үмітпен сол кезде алғаш рет есірткінің дәмін татқан. Ол кезде Марина небәрі 18 жаста болған. Арада көп уақыт өтпей сүйіктісі қайта-қайта кездесуге шақырып, есірткіні тұтыну жиілеп кетіпті.

Маринаның айтуынша, жас жігіт есірткіні өзі мүлдем тұтынбаған екен. Тек сүйікті бойжеткеніне жеткізіп беруші болған. Уақыт өте Марина улы затты кәдімгідей іздей бастағанын айтады. Сөйтіп жүріп, кездесіп жүрген жігітімен арадағы байланыс үзіліп, Марина күйзеліске түскен. Кейін басқа ортамен араласа бастаған ол ондағы қатарластарының да есірткі  тұтынушылары болғанын айтты. Отбасында жалғыз қыз болған оны анасы тура жолға түсіру үшін қолдан келгенін барын жасаған. Тіпті үйде жалғыз өзін қалдырып, есікті сырттан құлыптап кетіп жүрген. Бірақ ағзасы есірткіні қалап тұрған бойжеткен түрлі амалын таптым деп отыр. Анасының мәжбүрлеуімен оңалту орталығында ем қабылдаған. Алайда ол кезде нәтиже болмаған көрінеді. Ем қабылдап шыққан соң Марина есірткіні қайта іздегенін айтты. Сол баяғы ортасына қайта қосылып, есірткіні тұтынуды қайта бастаған. Кейінірек бойжеткен психологиялық тұрғыда күйзеліске түсіп, өлім туралы ойлай бастадым деп отыр. Өмірден түңіліп, қоғамға деген қызығушылығы таусылған ол оңалту орталығына өз еркімен келген.

Есірткіні алғаш тұтынғанымда ешқандай өзгерісті байқамадым. Екінші, үшінші рет қолданғанымнан соң қалай тәуелді болғанымды өзім сезбей қалдым. Кәдімгідей іздеп тұрдым. Егер қажетті дозаны таппасам, денем қалтырап, өз-өзімді ұстай алмай қалатынмын. Мұнан соң апатияға түсіп, өмірді бағалау дегенді ұмыта бастадым. Ашушаң болып кеттім. Жоқ жерден ұрыс шығарып, айналамның шырқын жиі бұзатынмын. Өз эмоцияңды ұстай алмайсың. Мәселен, біреудің басында қайғылы жағдай болып жатса, сен оны күліп қабылдайсың. Ал той-думан болса, керісінше, көңіл күйің түсіп, тоқтаусыз жылайсың. Кейін өлім туралы ойлай бастадым. Бір күні өз-өзіммен іштей сырластым. Анамды ойладым. Бүкіл әлем сенен теріс айналса да жаныңда қалатын жалғыз адам – анаң.  «Мен не істеп жүрмін өзі? Неге мен? Өмірді неге бағалай алмадым?» деп өз-өзімді қолға алуым керек деп шештім. Бірінші кезекте, анамның үмітін ақтағым келді. Әрине, жас емеспін. Бірақ тура жолға түсу - ешқашан кеш емес,-деді бойжеткен Марина.

Бір жылға жуық оңалту орталығында ем қабылдаған бойжеткен бүгінде есірткі дегенді мүлдем іздемейтінін айтты. Қазіргі таңда өмірдің жаңа парақтарын бастаған. Марина есірткі қолданған бірнеше жылда нашақорлық жақсылыққа апармайтынын анық түсінген.

Ем қабылдап жүрген алғаш айларда қиналғаным рас. Себебі ағзам есірткіні іздеп тұрды. Бірақ ішкі ерік-жігерімнің арқасында оны жеңе алдым деп ойлаймын. Бастысы, өз қателігімді түсіндім. «Бір рет дәмін көрсем ештеңе етпес» деп жүргендерге айтарым, есірткі жақсылыққа апармайды. Сіз өз тағдырыңызды есірткі құрығына байлап бергеніңізді байқамай да қаласыз. Оның соңы не өлімге әкеледі, не түрмеге тоғытады. Сондықтан тура жолға түсу – өз қолыңызда,-деді бойжеткен.

(Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ)

Нарколог мамандары соңғы екі жылда синтетикалық есірткіні қолданатын жастар саны артты деп дабыл қағып отыр. Олардың айтуынша, есірткінің бұл түрін жастар бірнеше адам боп белгілі бір компанияда бірге қолданады екен. Олардың айтатыны бір – проблемамды ұмыту үшін алғаш дәмін көрдім.

Синтетикалық есірткіге тәуелді болып біздің орталыққа түсіп жатқандардың көбі – жастар. Олардың қатарында қыздар да бар. Бұлар бізге келіп, емделіп жүргендері. Ал өз тәуелділіктерін мойындамайтындары, жалпы емделуден қашатындары қаншама. Біз келіп түскен емделушінің диагнозына, жағдайының ауырлығына, қолданған есірткі түріне қарай жеке-жеке емдік шараларын тағайындаймыз. Ең алдымен абстиненция, яғни есірткі заттарын қолдануды кенет үзу кезінде осы заттардың әсерінің тоқтауынан туындайтын күйден арылу жолдарын жасаймыз. Мұнан соң ары қарай есірткіге құштарлықты басу жолдары жасалады. Егер емделушіде түрлі талдаулардан кейін патологиялық белгілер анықталып, қосымша аурулары болса бізде терапевт, невропатолог мамандарымыз бар, соларды шақырамыз. Олар қосымша өздерінің емін жүргізеді. Емделуші абстиненциядан шығып, толық өз-өзіне келген соң ары қарай психолог мамандарымен бірлесе жұмыстар жүргізіледі. Себебі нашақорлық немесе маскүнемдік болсын, екеуі де бұл мидың ауруы болып есептеледі. Онымен жалғыз күресу өте қиын. Сондықтан түрлі мамандармен бірлесіп команда болып жұмыс жүргізілу керек,-деді Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Балжан Сағындықова.

Айта кетейік, психикалық денсаулық орталығына келіп түсетін емделушілер екі топқа бөлінеді. Олардың бірі - ерікті, екіншісі еріксіз түрде емделетіндер. Ерікті түрде емделетіндердің емдік шаралары 25-30 күнге жалғасады екен. Одан кейін мамандар оларды емдік шараларын әрмен қарай жалғастыру үшін оңалту шараларына баруға мотивациялық тұрғыда кеңестер береді. Өйткені тәуелділік түп санаға патологиялық тұрғыда жазылып қалады. Ал тәуелділік бар жерде құштарлық қатар жүреді.

Адам синтетикалық есірткіні қолданып жүргенде бірнеше күндеп ұйықтамайды. Ал ұйықтамаған адамның миы демалмайды, миға оттегі бармайды. Ол адамда, әрине, психикалық бұзылулар болады. Ондай кезде көзге түрлі елестер көрінеді. Яғни, галлюцинация пайда болады. Мұндай адам қорқыныш дегенді білмейді. Биіктен секіріп кету немесе көліктің астына түсу сияқты өмірге қауіпті әрекеттердің қорқынышын сезбейді. Бізге келіп түскен мұндай науқастар арасында белгілі бір емдеу курстарынан өткен соң да қайта сол баяғы әдетіне салатындары бар. Ондай емделушілер соттың шешімімен еріксіз емге жабылады. Еріксіз түрде келіп түсетіндерге арналған емдік курстар 6 айдан басталып 2 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл науқастың жай-күйіне байланысты екен,-деді психиатр-нарколог.

Біріккен ұлттар ұйымының 2022 жылғы статистикалық дерегіне сүйенсек, соңғы 10 жылдықта әлем бойынша есірткі қолданушылар саны 20 пайызға артып, 296 млн адамға жеткен.  Ал Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің жыл басындағы статистикалық дерегінше, елімізде "Психоактивті заттарды қолдану салдарынан психикалық мінез-құлық бұзылысы" диагнозымен 108 722 адам бақылауда тұр. Оның  18 329-ы есірткі мен психотроптық заттарға тәуелділер екен.  Нашақорлардың 16 817-сі, яғни 91% -  ерлер. Қалған 9% әйелдердің үлесінде, яғни Қазақстанда 1 512 нәзік жанды улы затқа тәуелділер қатарында. Жалпы есірткі затына тәуелділердің 2 734-і  18 бен 29 жас аралығындалар болса, 66-ы балалар мен жасөспірімдер екен. Ал Шымкентте 1098 адам есеп тұр. Оның 29-ы синтетикалық есірткіге тәуелділер.Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған  бұл ресми статистика елдегі есірткіге тәуелділердің нақты саны емес. Себебі мұндай адамдардың көбі өз тәуелділігін,  нашақор екенін жасырады.

Осы ретте психолог мамандары ата-аналарға балаңыздың мінез-құлқындағы өзгерістерді бақылауда ұстау қажеттігін ескертеді. Мұндай жағдайда адам айналасына жиі агрессия танытады. Тез ашуланып, ортамен араласудан қалады. Бөлмесіне кіріп алып, қоғамнан оқшаулануға тырысады. Сондықтан әр отбасында улы заттың зардабы, соңы неге әкеп соғатыны туралы баламен ашық сөйлескен абзал. 

Жансая Ақбала
Бөлісу: