Өсімдік – жанға шипа, дертке дауа

18 Қараша 2021, 15:36 30871

Дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеттері

 

Емдік шөптер ерте заманнан жанға шипа. Олардың түрлі ауруға ем екенін халқымыз ежелден білген. Бүгін біз шипалы өсімдіктерге тоқталып, олардың емдік қасиеттері туралы Тезекбай Сәдиевтің «Ем шипа» еңбегін негізге ала отырып, жұмыршақ, су қалампыр, қалақай, мыңжапырақ, қызылтаспа, шеңгіл, сүттіген сынды өсімдіктерге кеңінен тоқталамыз.


 

Жұмыршақ

 

Жұмыршық крест гүлдері тұқымдасына жататын өсімдік. Биіктігі – 50 см, сабақтары бұтақты, гүлі ақ, жемісі үшбұрышты бұршақ тәріздес болып келеді. Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен таралған. Алакөлде орман ішінде Тентек, Жаманты, Ырғайты, Шынжылы өзендерінің жағалауларында, шалғын аймақтарында көптеп кездеседі. Сабағы, жапырағы, гүлі пайдаланылады.

Құрамында итоцид бар. Ол қан тоқтатады. Құсуға, лоқсуға қарсы емдік қасиеті де бар. Жұмыршық мал дәрігерлігінде қан аққанда, өкпе, бауыр, бүйрек ауруларына қолданылады. Медицинада етеккір көп келгенде, туберкулездің тесілген формасын емдегенде, геморройға қарсы және жатыр эррозиясына көптеп қолданылады. Сондай-ақ ол қан қысымын төмендетеді, несеп жүргізеді, жараны жазады және тыныштандырады, қанды тазартады. Сондай-ақ ревматизм, бүйрекке тас байланғанда, басқа қан құйылғанда, жүрек қатты соққанда, қан түкіргенде, өтке, қуыққа тас байланғанда қайнатып ішеді. Ол үшін 100-200 гр кептірілген жұмыршақ шөбін 1 литр суға 15 минут қайнатып, сүзіп ас қасықпен 4-5 рет ішеді. Және де 10%-дық спиртке 70 гр жұмыршақ шөбі салын 7 күн бұқтырады.Оны 20-25 тамшыдан күніне 3 рет ішеді. Ал мал дәрігерлігінде тұнбасы қолданылады. Мөлшеріне келер болсақ ірі қара мен жылқыға 15-60 мл, қой-ешкіге 5-12 мл, доңызға 3-10 мл, итке 0,5-2 мл, тауыққа 0,2-0,5 мл мөлшерде қолданылады.

 

Су қалампыр

 

Су қалампыр бір жылдық өсімдік, жапырағы ұзын сүйір, гүлдері ұсақ жасыл, ақшыл түсті. Биіктігі 30-60 см. Таралуы: егіс алқабында, өзен жағалауында, шабындықта, бақшада арам шөп ретінде көптеп кездеседі.

Геморрой ісіктерін жазу үшін, жүйкені тыныштандыру, ауруды басу үшін қолданылады. Безгек пен гинекологиялық ауруларды жазады. Асқазаннан, ішектен және жатырдан қан кеткенде жедел түрде тұнбасын ішеді. Медицинада 1 ас қасық шөбін 1 стақан қайнаған суға салып 1 сағат тұндырады. Оны 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішеді. Ветеринарияда су қалампырдың жапырағы мен шөбін тұнба ретінде шошқаға 1-5 мл, итке 0,2-2 мл қолданылады.

 

Қалақай

 

Қалақай Қазақстанның барлық жерінде өседі. Алакөлде, Белбұлақта, Бөгенбай Қайыңда, Ынталы-Тың оңтүстігінде, Тентек өзенінің жағасында кездеседі. Жапырағы, сабағы, тамыры, ұрығы қолданылады. Қалақай көп жылдық өсімдік. 

Гүлде қышқылдар, глюкозидтер, тұздар және К дәрумені бар. Әйелдерде климакс басталғанда, фибромиома ауруларында, әйелдер босанғаннан кейін жатырды өз қалпына келтіру үшін қолдаылады. Онымен қоймай өкпе плевритіне, қан азайғанда, диабетпен ауырғанда қалақайдың тұнбасын ішеді. Оның қақырық түсіретін, асқазан тазартатын қасиеті бар. Мұрыннан, ауыздан қан кеткенде тұнбасын ішеді. Сүйелге, шаш түскенге, сіңір тартылғаға ем болады. Емшек сүтін молайтады. Ветеринарияда А, К, С, В витаминдері жетіспегенде, буаз малдарға беріледі. Мөлшеріне келер болсақ жылқыға 10-15 гр, итке 0,7-1 гр, қойға 10-25 гр, құсқа 3-10 гр беріледі. Күрке тауықтар ұнтақ шөбін жесе жұмыртқа беруі артады. Қалақайдан мал уланып қалуы мүмкін, өйткені ол ацидофил-нейтрал өсімдік. Құрамында азот өте көп. Улануды қайтару үшін асқазан жуылып натрий гидрокарбонаты беріледі. Жылқыға 5-15 грамм, сиырға 15-100 грамм, қойға 15 грамм мөлшерде ішкізеді.

 

Мыңжапырақ

 

Мыңжапырақ – көпжылдық өсімдік. Қазақстанның барлық жерінде өседі. Алакөлдің жағалауында, шабындықта, Шұбартүбекте, Қаратұмала, егіс алқабында кездеседі. Тоқжайлау, Жабық, Сарқамыс, Еспембет, Бөгембай сайларында кездеседі. Емдік мақсатта шөбі мен гүлдері қолданылады. Медицинада қан тоқтататын, қабынуға қарсы қолданылатын өсімдік ретінде танылған.

Құрамында ахилен алколоиды, эфир майы, хамазулен бар. Дененің ыстығын басады, қанды ұйытады, тәбет ашады. Оның 15 грамм гүлін 200 грамм суға салып 15 минут қайнатып 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішеді. Қан ағар кезінде, оның дайын экстарктысын 40-50 тамшыдан күніне 3 рет ішеді. Ветеринарияда өкпе қабынғанда өкпедегі микробтарды өлтіру үшін, іш өткенде қабынуларды басу үшін ішкізеді. Асқазанның ферменттік жағдайын қалпына келтіреді. Мөлшеріне келер болсақ бұзауға 1:10 қатынасымен 2.5-30 грамм, қойға 5-10 грамм, итке 0,5-1 грамм беріледі.

 

Қызылтаспа

 

Қызылтаспа ТМД-ның барлық территориясында өседі. Алакөл ауданының барлық жерлерінде кеңінен таралған. Емдік мақсатта шөбі мен тамыры пайдаланылады. Емдік қасиеті: қызыл таспа шөбі ісікті басады, қан тоқтатады, қан қысымын төмендетіп несеп бөліп шығарады.

Іш өткенде, бауырға, қуыққа тас байланғанда, өкпе туберкулезіне, бүйрек қабынуына таптырмайтын ем. Медицинада қызылтаспаны 1:10 қатынасымен тұнба ретінде қолданылады. Ол үшін 10 грамм, қызыл таспа шөбін 200 грамм қайнаған суға салып 3 сағат тұндырады. Шай сияқты шыққан ерітіндіні 1 ас қасықпен күніне 3 рет ішіеді. Оны көбінесе плеврит, пневмония, гастрит, цистит және бронхиттарды емдеуге қолданады. Бүйрек тасын ерітіп ішек құртын түсіреді. Безгекке, балалардың көк жөтеліне пайдаланып, жараларға жағады, тамырынан көк бояу алынды.

 

Тас шөп

 

Тасшөп өсімдігі Көкшетау ормандарында, Алатау беткейлерінде, қарағай аралас ормандарда және құмда өседі. Емдік мақсатқа сабағы мен гүлі, жапырағы пайдаланылады.

Медицинада қақырық түсіруге, жүйкені тыныштандыруға, ұйқы қапқанда, іш ауырғанда, туберкулез ауруына, бүйрекке, қуыққа тас байланғанда шөбін қайнатып ішеді. Ол іштің кебуін басады. Көз ауруларын емдеу үшін 60 грамм тас шөпті 1 литр суға 10 минут қайнатып, суыған соң көзді жуады. Ас шөп мал дәрігерлігінде 1:10 қатынасымен тұнба ретінде пайдаланылады. Мөлшері: жылқыға 20-60 грамм, қойға 10-15 граммға дейін, бұзау мен құлынға 20-30 грамм, қозыға 5 грамм беріледі.

 

Шеңгел

 

Шеңгел Алакөлдің барлық өңірінде кездеседі. Емдік мақсатқа тамыры қолданылады. Оның іш жүргізетін, бүйрекке, бауырға, қуыққа тас байланса оны ерітіп жіберетін қасиеті бар. Геморройды 9 күнде жазады. Ол үшін 30 грамм туралған тамырын 1 литр суға салып 0,5 литр қалғанша қайнатып сүзеді. 

Оны 2-3 ас қасықпен күніне 3 рет ішеді. Созылмалы аурулардан айығу мерзімі 3-4 жетіге дейін жүзеге асады. Ветеринарияда: шеңгел тамырының тұнбасы 1:5 қатынасымен денесі қатты ісінген малға береді. Мөлшері: жылқыға, сиырға 75-100 граммға дейін,мбұзау мен құлынға 50-75 граммға дейін, қойға 30-50 грамм береді. Күніне 3 рет бергенде ісік 3 күнде қайтады.

 

Сүттіген

 

Сүттіген – улы өсімдік. Сазды, ылғалды жерлерде өседі. Оның «батпақ сүттігені» деген түрі Жайпақта, Молақта, Шұбар-түбекте, Бесағашта, Қасқыржотада, Жабық, Тоқжайлау тауларында, Үйгенде, Шіліктіде, Мырзабекте өседі. Оны іш өткізу, несеп жүргізу, ішек құртын түсіру және қатерлі ісікті емдеу үшін пайдаланылады.

 

Жолжелкен

 

Жолжелкеннің емдік мақсатта жапырасы, ұрығы, тамыры қолданылады. Алакөлде ылғалды жердің бәрінде өседі. Құрамында К, Р витаминдері, шайыр, лимон жас еритонцидтер бар. Медицинада қолданылуы: жолжелкенді жараға және улы жәндіктер шаққанда қолданады. 

Ол тәбет ашып, асқазан, бауыр, бүйрек ауруларын жазады, қан тоқтатады, іріңді ісікке шиқанға, дизентерияға, көз ауруына, геморройга, туберкулезге қатерлі ісікке, асқазан қыжылдағанда, жүрек айнығанда қолданылады. 250 грамм жолжелкен шөбін 2,5 литр суға қайнатып 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішеді немесе 1 шай қасық жолжелкен шөбін 50 грамм қайнаған суға тұндырып, сүзіп 1 ас қасықтан күніне 2-3 рет ішеді. Ветеринарияда: іш өткенде, өңешке суық тигенде, іріңді жараға, асқазан ауруына 1: 20 қатынасында тұнбасы пайдаланылады. Мысалы 40 грамм жолжелкен шөбін 1 литр суға 15 минут қайнатып іш өткен малға береді. Мөлшері: салмағы 40-50 кг болатын бұзау, құлынға 200-300 мл-ден күніне 3рет береді. Қозыға 30-50 мл, ірі қараға 40-30 мл, жылқыға25-60 мл, қойға 10-15 мл, итке 0,5-1 мл, мысыққа 0,1-0,3 мл мөлшерде беріледі.

 

Бұрыш жалбыз

 

Бұрыш жалбыз Алакөлдің барлық өңірінде өседі. Емдік мақсатқа oның шөбін, гүлін, жапырағын пайдаланады. Онымен асқазан, жүрек ауруларын емдейді. Құрамында ментол болғандықтан ауыз қуысын емдеуге, тамақ шаюға, өңешке суық тигенде қолданады. Қышқылы асқазан ауруын емдеу үшін 15 грамм мыңжапырақ шөбін, 30 грамм шай шөбін, 15 грамм бұрыш жалбызын қосып, олардың 2 ас қасығын 400 грамм қайнап тұрған суға 2 сағат бұқтырып шығарады.

 Шыққан шайды күніне сүзіп 1-2 ас қасықтан ішеді. Асқазан қышқылы төмендеген жағдайда 20 грамм бұрын жалбыз, 15 грамм пайдаланылады. Мыңжапырақ 10 грамм, дәріхана түйме гүлі, 10 грамм укроп жемісі, 15 грамм саздың ақ шөбі, 10 грамм шүйгін тамыры, 10 грамм жемісін 1 литр су құйып 12 сағат жылы жерге қойып тұндырады.Таңертең 1 стакан ішеді, әрі қарай 2 сағат сайын ішіп отырады. Бұрыш жалбыздың ресми медицинада қолданылып жүрген тұнбасын жүрек айнығанда 10 тамшыдан 2 уақыт ішеді. Малдарды емдеу үшін 40 грамм жапырақ ұнтағын 1 литр қайнаған суға салып, 20 минут тұндырады, салмағы 50 келі іші өткен бұзауға, құлынға 200-300 мл-ден күніне 3-4 рет ішкізеді. Үш күнде іш өтуі тиылады. Оны ірі қараға 40-80 грамм, жылқыға 25-60 грамм, қойға 10-15 грамм береді.

 

Сәбіз

 

Қазақстанның барлық жерінде өседі. Ас қорытуды жақсартады, емшек сүтін молайтады, бүйректегі тасты срітіп түсіреді, ішті босатып несеп жүргізеді. Қан азайғанда қанды толтырады. Шаршағанда көңіл-күйді жақсартады. Бойды, шашты өсіреді. 

Жүректің талма ауруына сәбіз жемісінен алынған дукарин қолданады. Ресми медицинада дайын түрде сатылатын «Дукарин» таблеткасын жоғарыдағы ауруларды емдеу үшін 1-2 таблеткадан күніне 3-4 рет аш қарынға ішеді. Мал дәрігерлігінде сәбіздің тамырын бұқа мен айғырға 0,5-1,5 кг дейін, ірі қараға 0,3-0,8 кг беріледі. Іштегі желді айдауға, бүйректегі тасты түсіруге оның 1:10-ға қатынасымен жасалынған жапырағының тұнбасын береді. Жүрек ауруларына кеңінен қолданылады.

 

Қылща

 

Қазақстанның таулы аймақтарында таралған. Алакөлдің жабық, Тоқжайлау сайларында өседі. Қылщаны демікпеге, бронхитке, наркозбен уланғанла ояну үшін, қан қысымы төмендегенде, көздің қарашығын ұлғайту үшін де қолданылады. Медицинада күніне 0,025-0,05 грамм мөлшерінде күніне 2-3 рет беріледі. Балаларға: 0,002-0,003 грамм 2-5 жастағыларға 0,003-0,01грамм, 6-12 жастағыларға 0,01-0,2 грамм күніне 1 рет ішкізеді. Оны жүрек баяу соққанда (брадикардия) жүрек блокадасында тамырдан егеді. Оның 0,06-0,08 граммын хлорлы натрий ерітіндісімен қосып тамырға тамшы ретінде егеді. Оның 0,4-1 мл, 5 %-дық ерітіндісін тері астына егеді. Ветеринарияда қылшаның 1:40, 1:50 қатынасы ретінде тұнбасы мен қайнатындысы қолданылады. Көк бұтақтарын жылқы мен сиырға 20-50 граммнан, қой, ешкі, шошқаға 5-10, итке 1-3 граммнан қолданылады.

 

Женьшень

 

Женьшень – Алтай, Зайсан тауларында кездеседі. Уссурий тайгасында, Қиыр Шығысында кездеседі. Жүйке, жүрек ауруларына, қан азайғанда, асқазан, бүйрек ауруларына, арықтағанда, өкпе туберкулезіне, диабетке, қан қысымы төмендегенде, жыныс бездерінің қызметі нашарлағанда, тонус көтеру үшін, күш-қуаты тасыту үшін беріледі.

Медицинада: женьшень тамырының ұнтағы 0,25 граммнан күніне 3 рет беріледі. Оның 10 грамм тамыр ұнтағын 60 %-дық спирттің 100 граммына қосып 7 күн ашытады. Содан соң оның 15-20 тамшысын күніне 3 рет ішеді. Ветеринарияда: женьшень тұнбасы мен экстракт 1:10 қатынасы мөлшерінде айғыр, бұқа, қошқар, текелерге 10-20 тамшыдан күніне 3 рет беріледі.

 

Марал тамыры

 

Марал тамыры Жоңғар Алатауында, Жабық, Тоқта, Сарыкер, Сарыбөктер, Шолақ жайлауларында өседі. Емдік мақсатта марал тамырын наркоздан оянуға, ұйықтататын дәрілердің күншін қайтаруға, денені қоздырып күш-қуат жию үшін беріледі. 

Арықтағанда қан қысымын жоғарлату үшін, өте сергек жүруге қолданылады. Медицинада: марал тамыры экстракт 1:1 қатынасымен жасалған 20,0 мл. дәрісін 15-20 тамшыдан күніне 2 рет ішеді. Мал дәрігерлігінде: марал тамырын 10 грамм 70 %-дық 250 мл. этил спиртіне салып, 1 апта тұндырады. Оны ауырған сиырға 15 мл, қойға 10 мл ,бұзауға 8 мл, қозыға 3 мл суға араластырып, күніне 3 рет береді. Тамырдың 1:20 судағы тұнбасын пайдалану үшін 10 грамм тамырға 200 грамм су қосып сиыр мен жылқыға 50-70 мл күніне 3 рет береді. Ол қыста арықтаған малдарға жақсы әсер етеді.

 

Алтын тамыр

 

Таралуы: Алтай, Алатау тауларында кездеседі. Алакөлде Шолақ, Селті, Сарыбектер тауларында, Жабық тауының оңтүстігінде, орманды беткейлерінде бұлақ жағасында өседі. Қан қысымы төмендегенде, жүйке жүйесі нашарлағанда, ұмытшақ болғанда, бүйрек, қуық, жатын, бауыр ауруларында, көз ауруларында, жыныс қызметтің әлсіреуіне қарсы қоздырғыш дәрі ретінде қолданады. 

Медицинада алтын тамыр экстрактын 1:1 қатынасын 40 %-дық 200 грамм спиртке, 200 грамм тамыр ұнағын салып, 10 күн ашытады. Оны 10 тамшыдан күніне 2-3 рет ішеді. Мал дәрігерлігінде: 10 грамм алтын тамырды 250 грам 70 %-дық спиртке салып 10 күн қараңғы жерге ашытады. Дайын тұнбаны жылқыға 5-10 мл, бұқаға 5-10 мл, қошқарға 3-5 мл-ден күніне 3 рет береді. Тамырдың судағы 1:20 қатынасындағы тұнбасы кеңінен қолданылады. Ол үшін 50 гр тамырды 1 литр суға салып, 30 минут тұндырады. Оны ірі малға 75-100 грамм, ұсақ малға 20-30 грамм береді.

 

Таушымылдық

 

Таушымылдық таулы, орманды алқаптарда кездеседі. Алакөлде Еспенбет, Көмек, Белбұлақ сайларында, Ойжайлау, Жабық, Тоқжайлау жайлауларында қорым құздарында өседі. Ол улы өсімдік. Медицинада 1:10 қатынасымен 70%-дық спирттік тұнбасымен камфораме, никотинмен уланғанда, тырысуды басу үшін, ми шайқалғаннан қалған жүйке ауруларының белгілерін емдеу үшін қолданылады. Оның әсері жақсы. Жүйкені тыныштандырады. Тәбетті ашады. Асқазан сөлінің қышқылы арттырып ауырғанды басады. 

Бір шай қасық кепкен тамырын 3 стақан қайнаған суға салып, жарты сағат тұндырып, сүзеді. Оны 1 ас қасықтан күніне 3 рет тамақтан 10 минут бұрын ішеді. 30грамм таушымылдық тамырын 300 грамм 70 %-дық спиртке ағытып, сүзіп, 40 тамшыдан күніне 3 рет ас ішерден бұрын қабылдайды. Оны ішкенде адам жайланып, рахат сезінеді. Басы ауырғаны басылады. Көңілдегі уайым-қайғы, қорқыныш жойылады. Ұйқы жақсарады. Таушымылдық улы болғандықтан сақтықпен қолдану керек. Мал дәрігерлігінде таушымылдық тұнбасын 1:10 қатынасымен пайдаланады. Ол асқазан ауруларының созылмалы түрлерін емдеуге өте қолайлы. 10 грамм туралған тамырын 1 литр қайнаған суға салып 2-3 сағат тұндырылады. Тұнбаны жылқы мен ірі қараға 3-4 грамм, бұзауға 1-2 гр, қозыға 0,3-0,5 грамм беріледі.

 

Киік оты

Киік оты Күнгей Алатау, Тянь-Шань тауларында, Алакөлдің Жабық, Тоқжайлау тауларында өседі. Ресми медицинада киік оты шөбін, гүлін асқазан сөлінің азайғанына немесе оның мүлде бөлініп шықпауына қарсы қолданылады. Адамның көңіл-күйі нашарлап, еңсесі түскен кезде, жабыркағанда ішеді. Оны жөтелге, суық тигенге, тыныс органдарының ауруына, демікпеге қарсы, сондай-ақ етеккірдің келуін реттеу үшін де қолданылады. Киік отынан жасалған дәрi майды дененің салданған мүшесіне жағады. Асқазан сөлі бөлінбей қойғанда екі ас қасық шөбін 1 стақан ыстық суға бықтырып, қақырық түспей қойғанда ішеді. Оны тамақтың алдында 3-4 рет ішеді. Киік оты мал дәрігерлігінде тер шығаратын, тыныштандыратын, қақырық түсіретін, құртты өлтіретін, қара күйе мен құмырсқаның дамуын тежейтін дәрі ретінде қолданады. Оның 1-2 ас қасық шөбін 400 мл. қайнаған суға салып 30 минут бұқтырады, сүзіп 1 стақаннан күніне 2-3 рет іштіреді. Қышыма мен қотырды кетіру үшін шөбін 2-3 литр қайнаған суға салып тұндырады. Оны экзема, теміреткі сияқты тері ауруларына бұлау ретінде қолданады.

 

Құлмақ

 

Құлмақ Алматы, Талдықорған облысының орманды алқаптарында кеңінен таралған. Алакөлде қуыста, Тоқжайлау сайларында, Қаратұма, Шұбартүбек аралдарында тал, бұта арасында, Алмалы, Көмек тауларында өсед. Құлмақты тәбет ашуға, жүйкені тыныштандыруға, ауруларды басуға және қуыққа суық тигенде қолданады. Құлмақ жемісінің 1-2 үгітілген ас қасығын 250гр. қайнаған суға салып қайнатып, күніне 30 гр. 2 рет ішеді. Улы өсімдік болғандықтан құлмақты көп мөлшерде қолдануға болмайды. Сондықтан пайдалану алдында өте сақ болу керек. Мал дәрігерлігінде қой, ешкі, ит ауруларын емдеу үшін жоғарыда көрсетілген мөлшерде беріледі.

 

Шай

 

Шай Қазақстанда өспейді. Оңтүстік Шығыс Азияның тропикалық және субтропикалық аудандарында өседі. Грузия, Колхида ойпатында өсіріледі. Биіктігі 10 метрге жететін мәңгі жасыл өсімдік. Оның жартылай бұта түрлері де бар. Химиялық құрамы: шай жапырағында 9-35% заттар, оның 26 % ертілетін, 9,88 ерімейтін заттар. Шай жапырағының құрамындағы алколойдтар:

 

1. Кофейн – 2,5 % 1,3,7 (триметил ксантин)

 

2. Теофиллин

 

3. Триобримин

 

Ксантин, одени, гиносалтин, изaтин, лицетин, нуклеопротейдтер, нуклеотида-деггин, темір, марганец С, В, В, К, РР, витаминдері мен эфир майы бар. Оның сабағы мен тамырында, тұқымында салониндер 10 пайызға жетеді. Шайдың тұқымында көптеген шыны май, 32%-крахмал, 8%-белок болады. Медицинада шайдың құрамындағы кофеин ми қабындағы қозу процесін қолдайды. Шайды сопақша мидың қызметі төмендегенде, жүрек қызметі нашарлағанда, артериялық қан қысымы төмендегенде, жіті жұқпалы ауруларда, қатты шаршағанда, жабырқағанда, қайнатып ішеді. Шайды сергектік үшін наркоздың заттарымен уланғанда, ми қан айналымы бузылғанда, амиде оперил немесе салицилаттарды қосып ішеді. Шайды нитраттар мен титраглицеринмен қоса қолқа тамырларының тарылуына қарсы, атеросклероз, ұмытшақ аурулары кезінде пайдаланады. Өкпе ауруларына, демікпеге, жүрек баяу соққанда оның жиырылуын жиілетін қан қысымын төмендетуге шай құрамындағы эуфиллин жағымды әсер етеді. Кофейнның мөлшеріне келер болсақ ересектерге берілетін жоғарғы мөлшері 0,3 грамм. Ал тәулік бойы ең көп мөлшері 1,0 грамм. Балаларға екі жасқа дейін кофеин берілмейді. 3-4 жастағы балаға 0,05 грамм, 5-6 жастаағы 0,06 грамм, 7-9 жастағы балаға 0,075 грамм, 10-14 жастағы балаға 0,075-1,0 грамм беріледі. Есіңізде болсын 1 стақан 200 грамм шайдың құрамында 0,02-0, 1 грамм кофеин болады. Мал дәрігерлігінде шаймен төлдердің тышқақ ауруларын емдейді. Ол үшін 1 шай қасық улайды. 500 грамм қайнаған суға бұқтырып суытып, 0,5 стақаннан күніне 2-3 рет береді. Оның бактерияларды жоятын қасиеті болғандықтан көз ауруларында емдейді.

 

Көктерек

 

Көктерек талдар тұқымдасына жататын өсімдік. Биіктігі 10 метр, жапырағы ұзын сопақша келеді. Гулдерінің шеттері тілімделген. Ол наурыз, маусым айларында гүлдейді. Текелі тауында, Тоқжайлау сайларында, Қарақуыста жиі кездеседі. Химиялық құрамы: көктеректе эфир майы, алма қышқылы популин мой, салициті, глюкозиді, саликог ферменті бар. Ем үшін медицинада көктерек бүрін, қабығын, гүлін, жапырағын пайдаланады. Олардың тұнбасы мен қайнатындысы мерез ауруына, іштегі іріғді емдеуге, тіс ауруларына, қуықтың, бүйректің қабынуына, асқазан, геморрой ауруларын емдеуге қолданады. Тіс ауырғанда көктеректі өзегіне дейін тесіп, сол жерге тұзсебеді. Сонан соң оттан суырып алып қуыстағы тұз сепкен шырынынан ауырган тіске басады. Онымен ауыз шаяды. Мерезді емдеу үшін 10 грамм үгітілген қабықты 100 грамм суға 6 сағат тұндырып, содан соң 10 минут қайнатады. Олы 3 қасықтан күніне 3 рет ішеді немесе 10 граммнан қабық үгіндісін 100 граммнан спиртке салып 7 күн ашытады да тұнбадан 25-30 тамшыдан күніне 2 рет ішеді. Көктеректің тағы бір қасиеті щонтанай безі ауырғанда жапырағынан, бүрінен және қабығынан бұлау жасап 7-8 минут қабылдайды.

 

    Қара ағаш

 

Қара ағаш – жапырақтары сопақша, гүлдері ақ сары, жемісі сопақша жаңғақ, биіктігі 10 метрден астам ағаш. Қазақстанның барлық территориясында кездеседі. Химиялық құрамы толық зерттелмеген. Дәнінде белок, май бар. Қара ағаштың емдік қасиеті ертеден белгілі. Оның қабығынан, жапырағынан дайындалған тұнбаны іш өткенде, қуық, зәр жолдары қабынғанда және жатыр, тері аурулары мен қызба науқасқа шалдыққанда ішеді. Оның 1:100 қатынасындағы қабығының тұнбасын қолданады. 1 грамм қабығын 100 грамм қайнаған суға 15 минут қайнатады. Тұнбаны 2 ас қасықтан күніне 2 рет ішеді.

 

    Шайқурай

 

Бұл сары гүлді көп жылдық өсімдік. Сабағының биіктігі – 30-60 см. Жапырақтары доғалдау, әрі сопақша, гүлдері сары түсті. Әрбір гүлінде 5 үшкір тостағанша болады. Маусым, шiлде айларында гүлдейді. Шайқурай бүкіл Қазақстан өңірінде кең таралған. Химиялық құрамы: шайқурайда эфир майы, иверт қанты, каротин, никотин қышқылы және С витамині бар. Қолдануына келер болсақ дәрі жасауға шайқұрайдың кептірілген шөбі, гүлі, жапырағы қолданылады. Оны бауырға тас байланғанда, іші өткенде, қуық қызметі бұзылғанда, әйелдердің бірқатар аурулары кезінде кейбір қабыну процестеріне іріңді ісіктерге, жараға, ревматизмге қарсы қолданылады. Бауыр мен өтке байланған тасты емдеуде қолданылады. Шайқурай тұнбасын күніне 1 рет аш қарынға 1 стақан ішеді. Шайқурай мал дәрігерлігінде кеңінен пайдаланылады. Оның 1:10 қатынастағы тұнбасын сиырға 10-20 грамм, жылқыға 5-10 грамм, қой-ешкіге 1-2 грамм, доңызға 1-2 грамм, итке 0,5-1 грамм беріледі. Бұзаулардың іші өткенде 100 грамм шай құрай шөбін, 50 грамм мыңжапырақпен қосып, 750 грамм суға қайнатады. Бұл қайнатындыны 4 қасықтан күніне 3 рет ішкізеді.

 

Адыраспан

 

Адыраспан – көп жылдық, исі жағымсыз улы өсімдік. Сабақтары көп бұтақты жапырақтары кезектесіп орналасқан. Бұтақтарының басында ақ немесе сары гүлдері болады. 

Дәндері үш ұялы қорап ішінде орналасқан. Маусым, шілде айларында гүлдейді. Қазақстанның барлық жерінде өседі. Алакөлде Қарақұмда, тау бөктерлерінде, ескі қораның айналасында, егіс алқаптарында өседі. Мал дәрігерлігінде адыраспан тұнбасымен малдың қышыма қотыры, түрлі экземаларды емдейді. Тұнба 1:10 қатынаста жасалынады. 200 грамм ұнтақталған адыраспан шөбі 3 литр жылы суға салынып, 2 сағат тұндырылады. Сонан соң бәсең отқа 3 минут қайнатады. Жылы тұнбаны малдың терісіне қышымасына жағып, жуып емдейді. Өте улы өсімдік болғандықтан, абай болған жөн.

 

 Ақтал

 

Ақталдың биіктігі 6-7 метрлік, ірі, сәнді ағаш. Жапырақтардың астында ақталдың «сырғалары» болады. Ол Қазақстанның барлық жерінде, Алакөлде Тентек, Ырғайты өзендерінің жағасында көлеңкелі ормандарда өседі. Дәрілік мақсатқа ақталдың қабығы керек. Оның құрамында флавондар, салицин глюкозиды, С витамині бар. Ақтал қабығының тұнбасын іш өткенде, ревматизмге шалдыққанда, өкпе ауруларын емдеуге қолданады. Ұнтақталған қабықтың 10-15 грамм ыдысқа салып, үстіне 1 стакан қайнаған ыстық су құйып, тұндырады. Тұнбаны 1 ас қасықтан күніне 3 рет ішеді.

 

Дәруменді өсімдіктер

 

Итмұрын

 

Итмұрын бойы 1,5-2 метр бұтадан тұрады. Бұтақтары қызыл қоңыр, тікенді. Жапырақтары кезектесіп орналасқан. Ұзындығы 4-9 см. Гүлдері күлгін, қызыл. Мамыр, маусым айларында гүлдейді. Жемісі қорапша. Таралуы: итмұрын көл жағасында, шабындықтағы бұта арасында Жабық, Текелі тау сайларында өседі. Химиялық құрамында аскорбин қышқылы 1200-1500 мг. болады. Онымен қоймай кемирсрол, изокверцетин кездеседі. Өсімдікте С, К, Р, витаминдері бар. Итмұрын жемісі медицинада қыр-құлақ ауруына қарсы, С витамині жетпегенде қолданылады. Оны өт жүргізетін дәрі ретінде бауыр ауруларының барлық түріне, өт жолдарына тас байланғанда, асқазан, он екі елі ішек ауруларына көптеп қолданады. Асқазан кекіртіп ауырғанда, асқазан асты безі қабынғанда, ұйқы қашқанда, ұмытпақ болғанда, итмұрын жемісін қайнатып ішеді. Итмұрыннан жасалған аскорбин қышқылы, холосас, галоаскорбин деген медициналық преператтар бар. Итмұрын жемісінің 20 грнaн. Шыны ыдысқа салып, оған 2 стакан су құйып 24 сағат тұндырып, сүзіп күніне жарты стақаннан 2 рет ішеді. Ескерту: Итмұрын жемiсiнiң көктамырдың түйілуіне (левит) пайдалануға болмайды. Мал дәрігерлігінде итмұрын тұнбасын 1:10 қатынасы пайдаланады, 50 грамм қүрғақ жемісін 0,5 литр суға салып, 10 минут қайнатады. Оны іші өткен бұзауға 100-150 грамм, қозыға 30-50 грамм күніне 2-3 рет ішкізеді.

 

Қызылмия

 

Қызылмия биіктігі 50-80 см. көп жылдық бұршақ тұқымдас өсімдік. Сабақтары тік, мықты. Гүлдері көк, гүл шоғы сирек, жемісі қоңыр бұршақ. Уралда, Көкшетауда, Алтайда, Жетісуда, Алакөл, Балқаш ойпатында орман шетімен сазды ылғалды жерлерде көп өседі. 

Химиялық құрамы: қызылмизда глицеризинглюкозиттері, протейндер, қант, аццы заттар, витаминдер бар. Қызылмияның күзде қазылған тамырын қолданады. Тамыр тұнбасы қақырық түсіреді, жараны жазады, зәр айдайды және түйілгенді жазады. Оның тағамнан болатын аллергияға емдік қасиеті бар. Өкпе туберкулезіне, бронхитке өте жақсы әсер етіп, адамды аурудан айықтырады. Қызыл мия тамыр тұнбасын ішіп арықтауға да болады. Ол үшін 1:15 қатынасында 30 грамм тамырды 500 грамм қайнаған ыстық суға салып 30 минут тұндырады. Тұнбаны сүзіп 30 граммнан күніне 2 рет ішеді. Мал дәрігерлігінде қызылмия тамырының тұнбасын қолданады. Оның 40 грамм тамырын 700 грамм қайнаған суға салып, 0,5 сағат тұндырып, сүзіп, бұзауга 50-70 грамм құлынға 50-60 грамм, қозыға 10-15 грамм күніне 2 рет ішкізеді.

 

   Қара андыз

 

Қара андыз – күрделі гүлдер тұқымдас биіктігі 1-2 метрге жететін көп жылдық өсімдік. Сабағы түзу, жуан, бұтағы бар. Төменгі жапырағының диаметрі 40-50 см, гүлдері ірі, сары күнбағар сияқты. Қара аңдыз сазды көлеңкелі жерде өседі.

Қара андыз Алакөл өңірінде Ақтүбекте, Тоғызтүбекте, Құпатқалда, Шұбар түбекте, кеңінен тараған. Химиялық құрамы: сабағы мен тамырында эфир майы, жапырағында ащы зат бар. Ем үшін қара андыздың гүлі қолданады. Оның тұнбасы тәбет ашады, ас қорытуды жақсартады. Ағзадағы зат алмасуды реттейді, тер шығарады. Ішек құртын және қақырық түсіреді. Өт жүргізіп, жүйкені тыныштандырады. Халық медицинасында қара аңдыз қайнатындысы мен тұнбасын туберкулезінде асқазан ішек жолдары ауыруын емдеуге, іш өткізуге және өт жүргізуге қолданады. Ол геморрой, әйелдер ауруына қан қысымының жоғарлауына өте пайдалы. 30 грамм қара аңдыз тамырын 1 литр ыстық суға 7 сағат бұқтырады. Тұнбаны 0,5 стақаннан күніне 3 рет ішеді. Аурудан әлсіреп жаңа тұрғанда босанғаннан кейін күш-қуат жинап тез ширay үшін жарты литр суға 50 грамм қара андыз тамырын салып, қараңғы жерге 5 күн тұндырады. Оны 30 граммнан күніне 3 рет ішеді. Қара аңдыз гүлін, тамырын сондай мөлшерде шошқа майымен араластырып, май дәрі жасап қышыған жерге җағады. Мал дәрігерлігінде: қара аңдыз тамырының қайнатындысын 1:10 қатынасында дайындайды. Оны төлдің ішінен қан кеткенде бұзауға 20 грамм, қозыға 12 грамм, құлынға 15-20 грамм ішкізеді. Тұнбаны бұзаулардың қылау, ақтышқақ сияқты жұқпалы ауруларына қолданады. Белгілі бір мөлшерде қолданылады.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: