Еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Кения Республикасының Қазақстандағы қоса атқарушы Елшіcі Питер Мутуку Матукидің сенім грамоталарының көшірмесін қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің орынбасары кениялық дипломатты жауапты қызметке тағайындалуымен құттықтап, екі ел арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту жолында табыс тіледі. Өз кезегінде П. Мутуки жылы қабылдау үшін алғыс айтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін растады.
Кездесу барысында тараптар Астана мен Найроби арасындағы саяси диалогтың қарқынды дамуын жоғары бағалап, бұл қарым-қатынастар өзара достық пен серіктестік қағидаттарына негізделген сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды одан әрі дамытуда айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар дипломаттар алдағы биік және жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесін талқылап, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жандандыруға келісті. Атап айтқанда, сауда, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы әріптестік мәселелері қарастырылды.