СІМ-де еліміздің адам құқықтары жөніндегі міндеттемелері талқыланды

31 Қаңтар 2023, 17:41 1211

Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңес органының биылғы жылғы бірінші отырысында Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелері және олардың елдің сот жүйесінің қызметінде орындалуын қамтамасыз ету қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Отырысқа ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы, Жоғарғы соттың, Конституциялық соттың, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің, мүдделі министрліктердің, қазақстандық құқық қорғау үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ алаңның қонақтары – БҰҰ Даму бағдарламасы, ЕҚЫҰ, Еуропалық одақ, ЮСАИД сияқты халықаралық әріптестердің, сондай-ақ Астанадағы бірқатар елшіліктерінің өкілдері, жалпы 60-тан астам адам қатысты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ҚР сыртқы саяси ведомствосы басшысының атынан құттықтау сөзін оқыды және Қазақстан адам құқықтарын қорғау саласында бірлесіп жұмыс істеу үшін қоғаммен ашық және тең құқылы диалог саясатын ұстанушы болып қала беретінін атап өтті. «Біз халықтың әл-ауқаты мен адам құқықтарын сақтау мызғымас құндылықтары болып табылатын әділ, құқықтық мемлекет құру жолымен жүруді жалғастырамыз. Алдағы 2023 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған елеулі саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар жалғасады, онда шенеуніктердің озбырлығына және билік тарапынан елемеуге орын жоқ», – деп атап өтті Р. Василенко.

Мемлекеттік органдардан КС, ЖС, ӘМ және ҚР СІМ өкілдері баяндамашылар ретінде қатысты.

Конституциялық соттың спикері жаңа сот органының жұмыс тәжірибесі мен тетіктеріне арналған егжей-тегжейлі баяндама ұсынды. Жоғарғы соттың өкілі қатысушыларды озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, сот жүйесін реформалауға бағытталған заңнамадағы новеллалармен таныстырды.

Әділет және сыртқы істер министрліктерінің өкілдері адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар туралы Үкімет Жоспарын іске асыруға арналған шолулар жасады.

Азаматтық қоғамнан «Қадір-қасиет» ҚБ басшысы сөз сөйлеп, азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін одан әрі арттыру, олардың құқықтарын тиімді сот арқылы қорғауды қамтамасыз ету және сапалы сот төрешілер корпусын қалыптастыру мақсатында қылмыстық заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар жасады.

Ашық және сындарлы сипаттағы пікірталасқа азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың өкілдері белсенді қатысты. Күн тәртібіндегі тақырыптарды талқылау барысында отырысқа қатысушылар қылмыстық сот төрелігін одан әрі жетілдіру бойынша құнды ұсыныстар мен ұсынымдар талқылады.

EL.KZ
Бөлісу: