Жемқорлықпен күрес өзіңнен басталады

18 Ақпан 2019, 11:00 5082

Бақдәулет Жанділдаевпен сұхбат

Бақдәулет – еліміздегі жалғыз сыбайлас жемқорлыққа қарсы (қозғалыс атауы «Қарсы») жастар қозғалысының төрағасы. Сонымен қатар, «Жас Отан» жастар қанаты Астана қаласының филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

– Қазақстандағы жалғыз ғана жемқорлыққа қарсы жастар қозғалысын басқарып отырсыз. Бұл қозғалыс қашан құрылған және немен айналысады?

– 2017 жылы жастар ұйымдарының басшылары бас қосқан жиынға қаладағы барлық белсенді жастар да келген болатын. «Қарсы» жастар қозғалысы қоғамдық бірлестігінің сол кездегі төрағасы 2008 жылы құрылған осындай ұйым бар екенін айтып, осы бағытта жұмыс жасауға шақырды. Мен келістім. Ол кісі төраға болып қалды, ал мен атқарушы директор ретінде екі ай қызмет атқарып көрдім. Ұйымды алып жүре алатын қабілетімді барынша көрсетіп, осы істің тұтқасын ұстап қалдым.

Есте бірден сақталып қалу мақсатында ұйым «Қарсы» деп аталған. Бұл бірлестіктің негізгі жұмысы – жастарды жемқорлықпен күресуге шақыру ғана емес, нашақорлық, алкоголь, темекі шегу секілді зиянды әрекеттермен күресіп, алдын алуға күш салу. Сонымен қоса, қазіргі күннің басты проблемаларының біріне айналып отырған діни экстремизммен күрес бағытын да шет қалдырған жоқпыз.

– «Қарсының» аясында қандай нақты жобалар іске асырылды?

– Біздің қоғамдық бірлестік жастар қозғалысы болғандықтан, қаржыландыру мәселесіне байланысты ауқымды жобалармен мақтана алмаймыз. Астана қаласының деңгейінде «Жастар нашақорлыққа қарсы», «Жастар жемқорлыққа қарсы» деген секілді шаралар өткізіп келеміз. Шаралар аясында түсіндірме жұмыстарын, дебат ойындарын, әртүрлі байқаулар ұйымдастырамыз. 2018 жылдың қараша айында жас рэперлер арасында сайыс өткіздік. Бұл байқауға 1200 көрермен жиналды. Яғни, біз жастарды қызықты формат арқылы жаппай ақпараттандыра алдық дей аламын. Қазір тұс-тұстан ағылып келіп жатқан ақпарат заманы болса да, кейбір қажетті дүниелер діттеген жеріне дұрыс жетпей жатады. Сол себепті, біз оңтайлы тәсілдер іздеп, жас буынға керек нәрселерді санасына құю үшін тұрақты жұмыс істеп келеміз.

Кейбір кездесулерде тек спикерлерді сөйлетіп қоймай, міндетті түрде тақырыпқа сай ойын өткізіледі. 5-10 минуттық лекциядан кейін арнайы түсірілген мемлекеттік органдардан рұқсат алынған бейнебаяндар көрсетеміз.

– Қоғамдық бірлестікте тұрақты қанша адам жұмыс атқарады?

– Қоғамдық бірлестікте тұрақты штат саны жоқ. Жеке өзім ғана тіркеуде тұрмын. Ал Астана қаласында тұрақты түрде көмектесіп, тегін жұмыс жасап жүрген 120 еріктіміз бар. Одан бөлек, 500-600 жастың қолдауына жүгіне аламыз. Оның қатарында мектеп оқушылары, колледж студенттері, тіпті қара жұмыс жасап жүрген жастар да бар.

– Бұл ұйымнан бөлек, «Астана – адалдық алаңы» жобасының сарапшысы екенсіз, жобаның ерекшелігі неде? Қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

– 2018 жылдың 7 ақпан күні сол кездегі Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шлекбаев меморандумға қол қойды. Бұл меморандум негізінде пилоттық жүйеде «Астана – адалдық алаңы» жобасы бастауын алды. Сол күннен бастап, осы жобада сарапшы болып келемін. Біздің міндетіміз – қоғамдық негізде жұмыс жасайтын жобаға көмек көрсетіп, өзіміздің ұсыныстарымызды жеткізу. Бір жылы ішінде бірнеше жақсы шаруалар атқарылды. 5 қазан күні Елбасы Н.Назарбаев өзінің жолдауында осы жобаның тиімділігін атап өтіп, барлық аймақтарда осындай кеңсе ашуға тапсырма берді. Қазіргі кезде, Астана, Алматы қалаларын есепке алғанда 17 аймақта «Адалдық алаңының» кеңселері ашылды. «Астана – адалдық алаңы» жобалық менеджмент негізінде жұмыс жасайды. Қоғам белсенділерден, қоғам қайраткерлерінен құралған сарапшы топ белгілі тақырыпты көтеріп, анализ жасаймыз, зерттейміз. Одан кейін ғана мемлекеттік органдарға өз ұсынысымызды айтамыз. Халықтың мұң-мұқтажын ескереміз. Яғни, халық пен мемлекеттік орган ортасындағы көпірміз.

– Сонда нақты қандай тақырыптар көтерілді?

– Ең бірінші, құрылған күннен бастап, денсаулық сақтау саласы мен білім беру жүйесіндегі мәселелерге назар аудардық. Атқаратын қызметімізді ауруханалар мен емханалардан бастап, олардың жұмысына оптимизация жасадық. Мәселен, кірген бойда түсініксіз ілініп тұратын стендтерді алдыртып, орнына онлайн таблоларды қойдық. Одан кейін навигация жүйесін қолға алдық. Яғни, травматология кабинеті мен мүмкіндігі шектеулі жандарды емдейтін кабинеттерді жоғары қабаттан төменге түсірдік. Себебі, кей емханаларда жүйелі жұмыс жасайтын заманауи лифт жоқ. Тағы бір атқарылған жұмыс – мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты азайттық. Мәселен, емханалардың техникалық қызметкерлерге жұмсайтын қаржысын есептей келе, оларды тендер арқылы басқа компанияларға бердік. Бұл жұмыстың нәтижесінде, денсаулық сақтау жүйесінде 300 млн. теңге қазынада қалып отыр.

№10 емхананы мысал ретінде алып, басқа емханаларды соның негізінде оптимизациялауға тырыстық. Себеп – ол емхананың жаңадан қолданысқа берілуі, халықтың тығыз орналасуы және жаңа технологияларға бейімділігінің жоғары болуы.

Емханалар мен ауруханалардан кейінгі жұмысымыз білім беру мекемелері болды. Өзіңіз білетіндей, Астана қаласында оқушылар саны өте көп. Соған орай, кей мектептер 2-3 ауысыммен бала оқытуға мәжбүр. Ал кейбір білім ордаларының басшылары үлкен кабинеттерде отыр. Біз сол кабинеттерді оқушыларға қажетті лаборатория, робототехника сыныбына айналдырып, директорларды шағын кабинеттерге көшіріп жатырмыз. Және олардың барлығы бірінші қабатта отыруға міндеттелуде. Мектеп директоры сол мекемеге жауапты адам болғандықтан, кез келген ата-ана немесе басқа да келушілерге қолжетімді жерде отыруы керек деп есептейміз.

– Тағы бір өзіңіз сарапшы болған «Адал жол» жобасы бойынша қандай істер атқарылды?

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен тығыз жұмыс жасайтынымды айттым. Міне, солармен бірлесе, жобалық менеджмент саясаты бойынша біраз іс атқарылды. «Адал жол» да соның аясында іске асқан жобаның бірі. Жолаушылардың көбі мейрам күндерін есептемегенде былайғы уақыттың өзінде темір жол билеттерін таппай жатады. Осы істің артында не тұрғанын білу мақсатында арнайы зерттеу жүргіздік. «Жасырын сатып алу» арқылы да билеттерді сатып алдық. Сонда байқағанымыз,  жолсеріктердің өздері көптеген билеттерді қалталарына басып, мұқтаж жандарға екі есе бағамен сатады екен. Немесе жол-жөнекей билетсіз жолаушыларды алып, пайда түсіруге әбден еттері үйренген.

– Дәл осындай қанша оқиғаға куә болдыңыздар?

– Мен сізге нақты қанша екенін айта алмаймын, себебі, ол есептік көрсеткіш арнайы органдардың дерекқорына кеткен.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыс жүргізіп жатқан азамат ретінде айтыңызшы, бұл дертті қалай ауыздықтауға болады?

– Бізде халықтың сана-сезімінде сыбайлас жемқорлық түсінігі дұрыс қалыптаспаған. Мәселен, жол көлік полициясы тоқтата қалса, кішкене ақша ұсынып, жазадан оңай құтылып кетудің жолдарын іздейміз. Міне, нағыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлық! Бұл орайда, пара беруші де, алушы секілді заң бұзушы болып саналады. Яғни, біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білуіміз керек. Түсіндірме жұмыстарын жүргізген уақытта бізден көптеген адамдар «жемқорлық неге көп?» деп сұрап жатады. Ал өздері соның бір мүшесі болып жүргендерін мойындағысы келмейді. Кейбір жерлерде заң бойынша өзімізге тиісті нәрселерді талап ете алмайтындығымыз да бар. Менің ойымша, сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін алдымен цифрландыру керек деп есептеймін. Екінші, өзім айтып кеткендей, адамдардың сана-сезімін өзгерту керек, миымызда жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырғанымыз дұрыс. Жол полициясына пара бергенше, айыппұлды жаздырып алып, бюджетке құйған дұрыс емес пе? Мүмкін ол біреудің өмірін құтқаруға жұмсалатын шығар.

@astana.gov.kz

– Өткен жылдың соңында «Елорда жастар сыйлығы» байқауында «Үкіметтік емес ұйымдар» (жастар саясаты саласындағы) номинациясында жеңімпаз атандыңыз. Бұл атқарған жұмысыңыздың жемісі болар?

– Бұл номинацияға ұсыныс берер кезде атқарған жұмысымызды қала, республика деңгейінде көрсеткіміз келді. Өткен жылғы жасаған шаруаларымыз өз бағасын алды деп есептеймін. Бұл номинация соның айғағы ғана.

– «Жас Отан» жастар қанатының Астана қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасарысыз. Бұл бағытта қандай істердің басы-қасында жүрсіз?

– «Жас Отан» жастар қанатының жұмыс жасап келе жатқанына он жылдың жүзі болыпты. Әлі де жаңа көптеген жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Қазір жұмыс форматын өзгертіп, форум, конференциялардан алыстап, пайдалы істермен айналысуды бастамақпыз. Алда жасайтын жұмысымыздың бірі – Астана қаласында республикалық колледжерді біріктіретін білім беру холдингімен меморандумға қол қоймақпыз. Бұл келісімшарт негізінде тұрмысы төмен, сондай-ақ, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім балаларға және белсенді жастарға тегін оқу гранттарын бөліп бөреміз. Нақты қанша грант екенін дәл айта алмаймын, десе де, жиырмадан кем болмайды деп отырмыз. Олар қазіргі кезде ауадай қажет лифт шаруашылығы және экскалатор, техник-механик, дәнекерлеуші секілді мамандықтарды алып шығады. Оқуын аяқтаған соң, жұмыспен қамтамасыз ету де біздің жоспарда. Бұл жобадан бөлек «Жас AP University» жобасын бастап жатырмыз. Ол аты айтып тұрғандай университеттегі жастармен саясат, бизнес, журналистика және көшбасшылар мектебі бағытында жұмыс жасайтын болады. Яғни, осы төрт бағытта өз ісінің үздік мамандарымен кездесулер ұйымдастырылып, лекциялар өткізіледі. Атап айтар екі үлкен жобамыз осы. Одан бөлек, қарттарымызға мекен-жайлық көмегіміз бар. Аз қамтылған отбасылардан шыққан, жасы 18-ге толмаған, мүмкіндігі шектеулі балаларға да әртүрлі іс-шаралар кешені өткізіліп тұрады.

– Әңгімеңізге көп рақмет, ісіңізге табыс тілейміз!

(Суреттер Б.Жанділдаевтың жеке мұрағатынан алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: