14 Желтоқсан 2016, 03:59
Анара Абжанованың қарапайым адамдардан екі айырмашылығы бар. Біріншіден ол — талантты суретші. Екіншіден — Анар туғаннан есту, сөйлеу қабілетінен айырылған жан. Осыған қарамастан ол ерекше сезімтал жан. Сезімталдығының айқын дәлелі — оның суреттері.
2007 жыл — Анар Абжанова Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясын «Станоктік кескіндеме» мамандығы бойынша тәмамдады. Оқуды енді бітірген жас суретші АҚШ-та өткен TheArtist’sMagazine, FactorsofVisualArt халықаралық жарыстарда жүлде алды. Осыдан кейін Анарды Азиядағы бірнеше жарыста «үздік суретші» деп мойындады.
Анар жас болса да, атақты суретші. Оған жыл сайын алыс-жақын шетелдерде көрме өткізуге ұсыныстар түседі. Бұл жолы да осы үрдіс жалғасын тапты. Беларусь елшілігі Анардың жұмысына тамсанып, оны келер жылы отандарына шақыруды уәде етті.
Айпақшы, Анардың жеке өмірінде өте жағымды жаңалықтар орын алған екен. Жақында ол тұрмыс құрып, балалы болды.
Анар бұған дейін берген сұхбатында «сурет салмай бір күн де өмір сүре алмаймын» деген болатын. Оның сүйікті жанры — пейзаж.
Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры:
— Ұлттық музейдің бір бағыты — жас таланттарды қолдау. Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Осы жылдардың ішінде қаншама жас таланттар шықты. Солардың ішінде шоқтығы биік, өзіндік өрнегі бар суретшіміз — Анар Абжанова. Мен бұл қыздың екі ерекше қасиетін атап айтқым келеді. Біріншіден таланты, екіншіден еңбекқорлығы. Сондықтан Анардың жұмыстарын Ұлттық музей төріне қоюға біз өзіміз мүдделі болдық. Оның ерекеше бояулармен сіңіскен ғажайып туындылары үшін замандастарымның атынан рахметімді айтқым келеді.
Анатолий Ничкасов, Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі:
— Бұл шын мәнінде нұрлы туындылар екен. Беларусь Балтық теңізіне жақын мемлекет болғандықтан, күннің көзін өте аз көреміз. Сондықтан біздер үшін мұндай туындылар таптырмас қуат көзі десем артық айтқаным емес. Анардың шуақты туындылары бойымызға ерекше күш-қуат береді. Анар Абжанованың жеке көрмесі Беларусь елінде де өтсе екен деген тілегіміз бар.
Кескіндеме және гарфиканың техникалық әдістерін шебер меңгерген ол құрылысы және түсі бойынша әдеттен тыс әсем және эмоцияға бай күтпеген және біртума туындылар жасайды. Оған қала тіршілігі де, мүлгіген тыныштық орнаған жазира дала да, шаңқай түстегі жарық та, ымырт жабылған кездегі көмескі түстер де, жаздың аптап ыстығы да, қыстың қытымыр аязы да бірдей шабыттандырады.
Суретшінің пейзаждары мыңдаған күн шуақтарынан, үнемі өзгеріп тұратын нәзік пішіндердің, көлеңкелердің тізбегінен тоқылғандай әсер береді. Анара Абжанова жұмыстарын өзіне тән және танымал нақышпен жасайды. «Тау гүлдері», «Сакура», «Жасыл бақ» картиналарында бастан өткерген сезімдердің сұлулығы, романтикасы және сәттері бейнеленген. «Кешкі әсер», «Қарағай орманындағы таң» пейзаждары ғажап сыршылдығымен ерекшеленеді. Көрме желтоқсанның онына дейін жалғасады.
Рүстем ӘЛПИ