ШЫҰ саммиті: Қандай өзгерістер күтуге болады?

1 Шілде, 13:09 864

3-4 шілде күндері Астана төрінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Қазақстанға қай мемлекеттің көшбасшылары келеді? Қандай мәселелер талқыға салынады? Саммиттен не күтуге болады? Осы сұрақтар төңірегінде El.kz ақпараттық агенттігінің тілші сараптап көрді.

Саммитке Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы мен терроризмге қарсы құрылымның атқарушы директоры қатысады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, БҰҰ бас хатшысы мен ТМД, ЭЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, АҚИҰ и ЕЭК халықаралық ұйымының басшылары бас қосады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саммиттің «Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбында өтетінін нақтылап өтті.

Шанхай ұйымының негізгі мақсаттарының бірі – аймақтағы бей­бітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Мұны аталған күн тәртібі анық көрсетеді. Бұл саммит әлемдік архитектоникада өте маңызды орын алатын ортақ ұйымымыздың тарихына жаңа парақ болып енеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымына бүкіл әлем көз тікті. Қызметімізге басқа державалар қызығушылық танытады, көптеген сұрақ қояды. Мен 1996 жылы сәуірде ШЫҰ құруға қатыстым. Ол кезде бұл ұйым «Шанхай бестігі» аталатын. Содан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымының рухы қалыптасты. Біз Азиядағы, Еуразия құрлығындағы, жалпы әлемдегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті сақтау жолындағы ықпалдастығымыздың негізгі қағидаттарын дәйекті түрде нығайтып келеміз. Бұл – өте дұрыс қадам! – деді Президент.

Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүше мемлекеттерінің алдына нақты тапсырмаларды айқындап берген еді. Әсіресе ұйым кеңістегіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелеріне ерекше назар аударуға шақырды. Бұған Ресейдегі Крокус-Сити холдағы лаңкестік акті, Дағыстандағы бәзбіреулердің атыс ашуы сияқты қаралы оқиғалардың талқыға салынуына сеп болды.

Іс-шара барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ауқымды мәселелерді ортаға салады. Сонымен қатар, Беларусь мемлекетінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіруі туралы шешім қабылданады.

Мамыр айында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь өз тарапынан «Шанхай рухын» одан ары күшейтіп, ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатынына сенім білдірген еді.

Саммит қарсаңында Елордада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Белгілі болғандай, іс-шара барысында балабақшалар жабылып, мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік секторлардың қызметкерлері қашықтан жұмыс түріне көшіріледі. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ел көшбасшылары жиналатын ірі халықаралық шара кезінде қауіпсіздіктің күшейтілген шаралары қабылданады. Қаланың белгілі бір аудандары жабылады деп күтілуде.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы туралы не білеміз?

Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихы сонау 1996 жылдан бастауын алады. Президенттер кездесуі деңгейіндегі алғашқы отырысынан 28 жыл ішінде белді де беделді халықаралық ұйымға айналып отыр. Ресми жұмыс тілдері - орыс және қытай тілдері. Ұйымның екі тұрақты органы бар. Бас хатшылық Бейжіңде, ал Аймақтық лаңкестікке қарсы ұйым Ташкентте орналасқан.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы - үкіметаралық халықаралық ұйым.

Басты мақсаты – мүше мемлекеттердің арасындағы сенім мен әріптестікті нығайту, саясат, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салада тиімді ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік жасау. Білім беру, энергетика, транспорт, туризм, қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде әріптестікті нығайтуға септігін тигізу.

Ұйымға мүше мемлекеттер «шанхай рухы» идеясы мен өзара сенім, тиімді ынтымақтастық, тепе-теңдік, екіжақты ақыл-кеңес, көптүрлі мәдениетке сыйластық таныту және келісім принциптерін ұстанады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихы

Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуы туралы 2001 жылдың 15 маусымында Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы өкілдерінің Шанхайдағы бас қосуында белгілі болды.

Алғашқыда аты аталған елдер, Өзбекстанды қоспағанда, «Шанхай бестігіне» кірді. Ол шекара аумағындағы әскери салада сенімділікті нығайту (Шанхай, 1996) мен екіжақты қарулы күштерді қысқартуға негізделді (Мәскеу, 1997). «Шанхай бестігін» әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты ілгерілететін өңірлік құрылымға айналдыру 2000 жылғы 4 шілдеде бекітілген Душанбе декларациясында мәлімделді. Оған Қазақстан, Қырғыз Республикасы, ҚХР, РФ, Тәжікстан қосылды. Нәтижесінде серіктестік қарым-қатынасты қалыптастыруға, шын мәнінде, қолғабыс етті. Кейіннен «бестікке» Өзбекстан қосылып, салдарынан Шанхай ынтымақтастық ұйымы болып атауы өзгерді.  

Әуелде ШЫҰ міндеттері Орта Азиядағы экстремизм, сепаратизм мен террористік актілерді болдырмауға бағытталған өңірішілік қарым-қатынасқа негізделген-тін.  2020 жылдың шілде айында Санкт-Петербордағы ШЫҰ мемлекет басшылары бас қосқан саммитте Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясына қол қойылды. Ол 2003 жылдың 19 қыркүйегінде күшіне енді. Бұл - ұйымның принциптері мен мақсаттарын нақтылайтын жарлық документ. Ұйым 2008 жылы Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға белсенді қатысты.

Уақыт өте ШЫҰ экономикалық бағдарға бет бұрды. 2003 жылдың қыркүйегінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің үкімет басшылары 20 жылға бағытталған жан-жақты сауда-экономикалық серіктестік бағдарламасына қол қойды. Осылайша, ШЫҰ-ның екі мақсаты айқындалды. Ұзақ мерзімді мақсат – ұйым кеңістігінде еркін сауда аймағын орнату. Қысқа мерзімді мақсат – сауда мен инвестиция салаларында қолайлы жағдай жасау процесстерін күшейту.

2015 жылы 10 шілдеде Уфа қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Үндістан мен Пәкістанды мүшелікке қабылдау процедуралары іске қосылды. Беларусь Республикасы ШЫҰ жұмысында бақылаушы-мемлекет статусына ие болды. Сондай-ақ, Әзірбайжан, Армения, Камбоджа мен Непал ШЫҰ отбасына диалог серіктестері ретінде қабылданды.

2017 жылы 8-9 шілдеде Астана қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында Үндістан мен Пәкістан нақты түрде мүшелікке өтті.

Ал 2023 жылдың шілде айында Нью-Делиде Иран Ислам Республикасы мүше ел статусын иеленді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысына қандай мемлекеттер қатысады?

Қазіргі уақытта ұйымға 9 ел мүше. Олар: Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Бұдан бөлек Ауғанстан, Беларусь және Моңғолияның бақылаушы-мемлекет статусы бар.

Уақыт өте ұйымның ауқымы кеңеюде. Ұйымның диалог серіктесі ретінде 14 ел тіркелді. Мәселен, Әзірбайжан, Армения, Бахрейн, Мысыр, Камбоджа, Катар, Кувейт, Мальдив, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия және Шри-Ланка.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмыс процессі қалай ұйымдастырылған?

ШЫҰ-дағы шешім қабылдаушы ең жоғарғы орган - Мемлекет басшыларының кеңесі. Ол жыл сайын бас қосып, барлық маңызды мәселелерді талқыға салады.

Сондай-ақ, Үкімет басшыларының кеңесі де дөңгелек үстел басында кездесіп,  жан-жақты серіктестік стратегиясы мен өзекті экономикалық сұрақтарды талқылау және жыл сайынғы ұйым бюджет нақтылау үшін жиналады.

Мемлекет басшылары мен  Үкімет басшылары кеңесінің отырысынан бөлек, парламент, құқық қорғау ведомстволарының, жоғарғы және арбитражды сот басшылары, қауіпсіздік кеңесінің хатшылары, бас прокурорлар, сыртқы істер, қорғаныс, төтенше жағдайлар, экономика, көлік, мәдениет, білім және денсаулық сақтау министрлері деңгейінде кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

ШЫҰ-ның үйлестіру механизмі ретінде ШЫҰ ұлттық үйлестірушілер кеңесін айтуға болады.

Ұйымның тұрақты жұмыс істейтін екі органы бар – Пекин қаласындағы хатшылық пен Ташкент қаласындағы (Өзбекстан) Аймақтық терроризмге қарсы құрылымның атқару комитеті.

Бас хатшы мен Атқарушы комитетінің директоры Мемлекет басшыларының Кеңесімен 3 жыл мерзімге тағайындалады. 2022 жылдың 1 қаңтарынан бұл орындарда Чжан Мин (ҚХР) мен Мирзаев Руслан Эркинович (Өзбекстан) басшылық етіп келеді.

ШЫҰ – жаңарып келе жатқан халықаралық қауіпсіздік архитектурасы негіздерінің бірі. Сондықтан біздің Ұйым өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін өзара келісілген әрі нақты қадамдардың үлгісін көрсетуге тиіс, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев  «Ақорда» резиденциясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуі барысында.

Айта кету керек, биыл саммит Қазақстанда 5-рет өткізілмек ниетте. Бұған дейін 2017 жылы Астанада саммиттің кезекті отырысы ұйымдастырылған болатын. Жиында бас қосқан ел көшбасшылары бақылаушы мемлекеттер мен диалог бойынша серіктестермен өзара тиімді әріптестікті орнатуды мақсат тұтты.

Мемлекет басшылары ШЫҰ шеңберінде ынтымақтастықтың басты бағыттарына қатысты ойларымен бөлісті. Сонымен қатар Ауғанстан, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Украинаға қатысты аймақтық әрі халықаралық мәселелердің шешімін табуды көздеді.

Көрші мемлекеттердегі саммит те осыған ұқсас сипатта өтті. Мәселен, 2019 жылы 14-15 маусым күндері ұйым саммиті Бішкек қаласында өтті. Кездесу барысында әр ел басшылары түрлі мәселелерді көтерді. Алдымен өз мүдделерінен шығатын тақырыптарды талқыға салды. Мәселен, Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди медицина, туризм, энергетика, Ауғанстан және аймақтағы қауіпсіздік жайлы айтып өтті. Ал Пәкістан басшылығы өз елінің инвестициялық нарықтағы тартымдылығы мен Қытаймен еркін экономикалық дәліз салғанын жеткізген еді.

2022 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының 27-саммиті өтті. Кездесуде аймақтық, жаһандық, геосаяси жағдайлар мен экономикалық әріптестікті нығайту мәселелері талқыланып, өзекті мәселелерге басымдық берілді.

Қазақстан ШЫҰ-ға 2023 жылдың шілде айынан төрағалық етеді. Белгілі болғандай, Астанадағы саммиттен кейін төрағалық Қытайға өтеді.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: