ШЫҰ қатысушы елдер жоғары оқу орындарының кітабы таныстырылды

5 Шілде, 03:38 622

Астанада ШЫҰ университеттерінің «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» атты халықаралық симпозиумы өтті, депп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ауқымды іс-шараға ҚР президентінің кеңесшісі Болат Ақшолақов, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚХР білім министрі Хуай Цзиньпэн, Жібек жолы университеттері альянсының басшылығы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Сиань Цзяотун университетінің ректоры Чжан Лицюнь, Астана IT университетінің ректорының міндетін атқарушы Серік Өмірбаев және 20 жоғары оқу орнының ректоры қатысты.

Іс-шара барысында президент кеңесшісі Болат Ақшолақов сөз сөйлеп, ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында бірқатар маңызды келісімдерге қол қою ынтымақтастықты нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Қазақстан ШЫҰ аясындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастыққа үлкен мән беріп, оны дамудың ортақ мақсаттарына қол жеткізудің негізгі құралы деп есептейді. Қазақстан ШЫҰ шеңберінде ұйым мүшелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамалар мен бағдарламаларды ұсына отырып, ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға белсенді атсалысады. Біз ғылыми және білім беру әлеуетімізді дамыту үшін тәжірибе алмасудың, білім берудің және бірлескен зерттеулердің маңыздылығын баса назарда ұстаймыз, - деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Симпозиум аясында «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітапқа енген мақалаларда жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері көтеріледі. Көптеген жоғары оқу орындары ШЫҰ шеңберінде ғылым мен білім бойынша жемісті серіктестікті дамыту тәжірибесімен бөлісті, - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры.

Кітапта ШЫҰ-ға қатысушы елдердің білім-ғылым, халықаралық ынтымақтастық саласындағы ортақ табыстары мен бірлесе атқарған жұмыстары орыс, ағылшын, қытай тілінде баяндалған.

Жинаққа Ресей Халықтар достығы университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Мәскеу мемлекеттік Заң университеті, Самарқан мемлекеттік университеті, Ташкент мемлекеттік техникалық университеті, Тәжік ұлттық университеті, Қырғызстан халықаралық университеті, Беларусь мемлекеттік университеті, Сиань Цзяотун университеті және басқа оқу орындары ректорларының мақалалары енген.

Сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше елдердің білім және ғылым жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Шаранының ұйымдастырушылары: Жібек жолы университеттері альянсы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Сиань Цзяотун университеті, Астана IT университеті.

Зарина Арман
Бөлісу: