ШЫҰ елдері көлік жөніндегі арнайы жұмыс тобын құруға ниетті

24 Қараша 2023, 03:35 532

Пәкістан премьер-министрінің бастамасымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің көлік ведомстволары өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция өтті. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қатысушылар өз елдерінің инфрақұрылымдық жоспарларын ұсынып, ШЫҰ-ның бүкіл өңірінің көліктік өзара байланысын одан әрі нығайту бойына өз ойларын ортаға салды.

Кеңес барысында өзара байланысты дамыту және тиімді көлік дәліздерін құру мақсатында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы тұжырымдамасының мемлекет басшылары бекіткен маңыздылығы атап өтілді, - делінген мәліметте.

Бұдан басқа, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ірі стратегиялық порттары мен логистикалық орталықтарының әріптестік желісін құру және оның жұмыс істеуі тұжырымдамасының жобасын келісу, сондай-ақ көлік секторын дамытуды талқылау және проблемалық мәселелерді жедел шешу үшін көлік жөніндегі арнайы жұмыс тобын құру қажеттілігі туралы мәселелер қаралды.

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы әлемдегі ірі және перспективалы ұйымдардың бірі болып табылады. ШЫҰ елдерінің жалпы аумағы Еуразия аумағының 65% құрайды, халықтың жалпы саны планета халқының жартысына тең.

Перизат Саденова
Бөлісу: