Шыңжаң ислам институты: мың студент оқитын білім ордасы несімен ерекшеленеді

20 Қыркүйек, 18:39 888

Қытайдағы мұсылмандардың басым бөлігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында тұратыны белгілі. Мұнда өмір сүретін он ұлт өкілі мұсылмандықты ұстанады. Сондықтан да Ислам жайлы білім беретін көне институттардың бірі осы округтің орталығы Үрімшіде орналасқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстаннан ат терлетіп барған тілшілер қауымын ұйымдастырушылар осы Шыңжаң ислам институтына алып барды. Мұнда түрлі ұлт өкілдері, соның ішінде өзіміздің қарадомалақтарымыз да білім нәрімен сусындауда. Бір қызығы, кімнің қай ұлт өкілі екенін басындағы тақиясына қарап ажыратуға болады. Ал делегацияны Шыңжаң ислам институтының ректоры әрі Шыңжаң ислам қауымдастығының төрағасы Әбдурахып Түмірнияз өзі қарсы алып, оқу ордасы жайлы түрлі сауалдарымызға жауап берді.

Ректордың айтуынша, институттың екі корпусы бар, алғашқысы 1987 жылы салынған. Студенттер саны көбейген соң осыдан он жыл бұрын, 2014 жылы жаңа корпус құрылысы басталыпты. Ол 2017 жылы аяқталып, сол жылы-ақ қолданысқа берілген. Соның арқасында институттың жалпы аумағы бұрынғымен салыстырғанда 5,5 есеге өскен. Ал аумақтағы құрылыс көлемі 50 мың шаршы метрді құрайды.

Мұнда 1000 студент оқиды. Жаңа корпус құрылысына 279 миллион юань жұмсалса, соның ішінде 250 миллион юань Бейжің бюджетінен, қалған 29 миллионы жергілікті бюджеттен бөлінді. Шыңжаңда 8 филиалымыз бар, сол филиалдардағы білім алушылардың жалпы саны 1900 адам. Яғни біздің институт пен училищелерімізді қосқанда 10 оқу ордасы бар. Тағы бір училищеде діни қызметкерлер қысқа мерзімді тағылымдамадан өтеді, - деді институт ректоры.

Мұнда оқу корпусы, кітапхана және мінәжат ететін зал, асхана бар. Студенттер және оқытушылар тұратын жатақханалар да бөлек-бөлек салынған. Білім алушылар үшін спорт залы да қарастырылған.

Ислам институты колледж және бакалавриат деңгейінде білім береді. Қалған филиалдарда орта кәсіби білім алуға болады. Ал мұнда оқуға қабылданатындар арнайы іріктеуден өтеді.

Біз жыл сайын қанша бала қабылдайтынымыз туралы ақпарат жариялап, өзге өңірлердегі училищелерге таратамыз. Сонан соң іріктеудің бірнеше кезеңі және емтихандар ұйымдастырылады. Абитуриенттер барлығына ортақ емтиханнан өтеді. Үміткерлердің арасынан ең үздіктерін таңдап аламыз, - деп қосты Әбдурахып Түмірнияз.

Оқу ордасы басшысының сөзіне қарағанда, Шыңжаң ислам институтының оқу бағдарламасы мынадай үш кезеңнен тұрады:

- діни білім беру және Құран мен хадистерді жаттау, өзге де ислам доктриналары мен дәстүрлерін зерттеу. Бұл оқу бағдарламасының 70 пайызын құрайды;

- саяси-идеологиялық білім беру: заңдар, құқықтану, діни қызметті реттеу туралы ережелер, қоғамды дерадикализациялау және тағы басқалар;

- Қытай тарихын, Қытайдағы ислам тарихын, қытай тілі мен шешендік өнерді қамтитын тарихи-мәдени бағыт. Сонымен қатар араб тілі оқытылады.

Біздің студенттер бакалавр немесе колледж деңгейінде білім алып шығады. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң студенттеріміздің басым көпшілігі мешіттер мен ислам орталықтарында имам ретінде жұмыс істеп, діни рәсімдерге қатысады. Бұдан бөлек оқу орнының сегіз филиалында немесе Шыңжаңдағы 105 ислам қауымдастығында қызмет ете алады. Әрі қарай білімін жалғастырғысы келетіндер Бейжіңдегі ислам институтына магистратураға немесе аспирантураға түсуіне болады, - деді ректор.

Ал кітапхананың өзі үш бөліктен тұрады. Кітапхананың алғашқы бөлігінде тарихи, мәдени, саяси, діни секілді тоғыз бағыт бойынша түрлі кітаптардың 50 мыңнан астам нұсқасы сақтаулы.

Кітаптар негізінен ұйғыр және қытай тілдерінде жазылған. Құранның ұйғыр және араб, сонымен қатар қытай және араб тілдеріндегі нұсқасы бар. Бұл кітаптардың нақты авторлары жоқ. Оның бәрін ислами білім беру комитетінің өкілдері жазып, редакциялап, сонан соң оқу ордаларына жеткізіледі, - деді ректор.

Одан бөлек кітапханада онлайн білім алуға болады. Мұндағы компьютерлерде 38 кітап бар, студенттер солар бойынша да оқиды.

Сонымен қатар Шыңжаңда өмір сүретін түрлі ұлт өкілдерінің газеттеріне арналған бөлме де қарастырылған. Олардың арасында «Жас қазақ» газетін де көзіміз шалып қалды.

Оқу ордасының аумағында құлшылық ететін бөлек зал да қарастырылған. Ораза кезінде мұнда ауыз бекітетін және ауызашар уақытында тамақ беріледі.

Мұнда студенттеріміз намаз оқу ережелерімен, қимыл-қозғалысымен іс жүзінде таныса алады. Одан бөлек діни дәстүрлерді үйретеміз. Айталық, сәби дүниеге келгенде, оған азан шақырып ат қояды немесе неке қию рәсімі, сондай-ақ адамды ақтық сапарға шығарып салу секілді рәсімдерді дұрыс атқару жолдарын түсіндіреміз, - дейді Әбдурахып мырза.

Ал студенттердің бәрі тегін оқиды. Одан бөлек студенттердің 90 пайызы жылына 4 мың юань көлемінде шәкіртақы алады екен. Ал соңғы курста оқитын студенттер Қытайдың өзге өңірлерінде патриоттық бағдарламадан өтеді. Ректор білімін шетелде жетілдіретін студенттер бар екенін де жоққа шығармады. Себебі кезінде өзі де Мысырда оқып келген екен.

Оқу ордасы басшысы мұнда кез келген адамның діни ұстанымы қорғалып, діннің таралуына мүмкіндік жасалса да, Қытайдың ең алдымен құқықтық мемлекет екенін ұмытпау керек дегенді алға тартты. Тиісінше мұнда барлығы заң аясында жүзеге асырылуы қажет дегенді қосты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: