«Шындық көп айтыла бастады». Депутат Мәжілістің жұмысы жайлы

30 Маусым 2023, 10:35 1265

Депутат Дәулет Мұқаев Мәжіліс депутаттарының жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда айтты.

Оның айтуынша, сегізінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінде мәжілісмендер бұрын-соңды болмаған белсенділік танытты.

Қазіргі таңда Мәжілісте шындық көп айтыла бастады. Бұрын мұндай мәселелер көп айтылмайтын. Жабулы қазан жабулы күйінде қалатын. Мен үнемі шындық айтылуы керек деп айтамын. Онсыз болмайды. Әрине, біз айтқанмен мәселе бірден шешіле қоймайды. Біз де сұраймыз, айтамыз, үкіметке жеткенше, олар шешім қабылдағанша, соған сәйкес нормалар қабылданғанша уақыт кетеді. Сондықтан мен де халықтың талабын түсінемін. Бірақ 6 және 7 сессиямен салыстырғанда, қазіргі таңда шындық көбірек айтыла бастады. Шындық іздеп өзіміз де шырылдай бастадық, - деді депутат.

Сонымен қатар ол биыл депутаттық сауалдардың қатары көп болғанын атап өтті.

Депутаттық сауал болғандықтан, бізде арнайы сценарий де жоқ. Әр партия өзінің депутаттық сауалдарын жолдайды, тіпті 40 депутаттық сауал бір-екі рет кезекте тұрып қалған жағдайлар да болды. Бұл енді біраз уақыт қой. Сондықтан 20-25 сауалға дейін шектеу қойылған болатын. Сауалдарымыз арқылы Үкімет мүшелері бізді ести бастады. Кейбір мәселелерде бізбен санасатын болды, - деді мәжілісмен.

Дәулет Мұқаев «неліктен мәжілісмендердің барлығы бірдей белсенді болмады?» деген сұраққа қатысты пікір білдірді.

Мәжілістегі 98 депутат ол да партада отырған 98 оқушы сияқты елестететін болсақ, мектепте де тіпті, лекция залындағы студенттер арасында да біреуі сөйлейді, біреуі сөйлемейді, біреуі сабақ айтады, біреуі сабақ айтпайды. Кейбір адамдар сөйлеуге қатты белсенді болмауы мүмкін, бірақ заң жобасын талқылаған кезде немесе баптарға қатысты көп нәрсені де білуі мүмкін. Біз телевизия саласында жүргеннен кейін, әлеуметтік желіде белсенді болғандықтан, көпшіліктің алдында сөйлеуге үйреніп қалғанбыз. Сондықтан ол жағынан маған қиын болмады, - деді Мұқаев.

Миражан Махан
Бөлісу: