Шынайы тарих жасау үшін қорытындыға үлкен дәлелдермен келу керек!

16 Қазан 2014, 03:36

Тағы бір ескерерлік жайт - ірі ел тарихшыларының іргелес ел тарихына дұрыс мəміле жасауы.

Тарихты ғылым деп шынайы таныған тарихшы жаратылыс саласының ғалымдарынан, олардың лабораторияда не сыртта мол деректерді немесе экспонаттарды жиып, қолына сенімді материалдарды түсіріп барып, сосын сан толғаныстан кейін ғана қорытынды жасайтынынан үйренулері керек. Егер мұндай жағы олқы болса, тарихи материалдық таянышы кем болса, нағыз кəсіби де шынайы тарихшылар қисыны келген, əдісі керемет, сөзі шешен шығармаларды да қабыл алмайды.

Тағы бір ескерерлік жайт - ірі ел тарихшыларының іргелес ел тарихына дұрыс мəміле жасауы. Ертедегі Қытай шекара өңірлеріндегі ұлттарды, елдерді, аумақтарды зерттейтін Жилин университетінің тарихшысы, профессор Жаң Бочюан айтқандай, əр мемлекеттің “тарихтағы ұлттары мен шекара өңірі, əсіресе шекарадағы ұлттары мен өңірі əрі ішкі шекара тарихын зерттейтін, əрі іргелес мемлекет тарихына қатысты мəселе болғандықтан, бұл екі жақты байланысты дұрыс шешу керек. Зерттеу барысында шындықты іс жүзінен мұқият іздейтін рух болса ғана, тарихтағы халықтар ара баянды достық барыс-келісті басты ағым етіп, тарихтан қалған сыңаржақтылық пен араздықты жойса ғана, зерттеуге сиымды стиль бітіп, ол дұрыс бағытпен дамитын болады. Ертеде, елшілер жіберісу болды. Бірақ мұны біртұлғаның ішіндегі бағыныштылармен теңестіре салуға мүлде келмейді. Ол - іс жүзінде таптық қоғамдағы екі мемлекет үстем табы арасындағы экономикалық, мəдени байланыстың бір формасы ретінде қаралуға тиісті. Сонда ғана бұл бір тұлғаның іші мен сыртындағы ұлт пен мемлекетке қаратылған байланысты зерделеу мен бір жақтылы етуге ана ғұрлым пайдалы болады” .

Иə, сөз болғалы отырған Ұлы Дала төсіне кімнің атының тұяғы тимеген. Егер Ескендір Зұлқарнайынның, Еділ (Аттилла) патшаның, Түрік қағанатының, Шыңғыс қағанның, Араб жауынгерлері мен діндарларының, Патшалық Ресей армиясының, т. б. атының тұяғы тиген жерлердің тарихын сол елдің бүгінгі тарихшылары өз еліне тарта не тиесілі ете жазса, тарих əділдіктен айрылып қана қоймай, ғылым санатындағы абыройдан мүлде жұрдай болар еді. Амал не, бүгінгі заманның өзінде де, əлі сол нысайда жүрген “тарихшылар” кезігіп қалады. Меніңше (Жаң Бочюанның ойын апара түссек), бүгінгі мемлекеттердің ішінара адамы көтерген ертеңдік əділетсіз мүдде үшін, немесе ол елдердегі бір топ жұрттың ұлттық сыңаржақ сезімдеріне жағу үшін қалам тербеп, тарихтың түп шындығын олай не бұлай өзгертсек, тарихтың түп келбетін бұрмаласақ, бұл əділеттің ақ жолынан таймайтын бүгінгілердің, болмағанда сол жолдағы ертеңгілердің сынына, тіпті нəлетіне қалар едік. Мұндайдан сақ болуымыз керек.

Əйгілі тарих ғалымы М. Қ. Қойгелдиевтің “Қазіргі бірден-бір маңызды мəселе тарих ғылымын саясаттан аршып алу. Біз осы мəселені орнықты шешпей, тарихты ғылым дəрежесіне көтере алмаймыз”  деуі де осыны мегзейді. Тарихқа əрі ғылымисыз, əрі демократиясыз талқы, шындыққа баруға ес қатпайтындықтан, жақсылық əкелмейді. Əсіресе бірер беделдінің не бірер топтың қабағына қарағыштаған талқы тіпті де солай болмақ.

Олжас Сүлейменов сықылды ғалымдар, “Ең бастысы, қазақ халқының боямасыз ғылыми тұжырыммен дəйектелген, оқшау жағдайда дамымаған, Ежелгі Əлемнің көптеген этностарымен иық тіресе отырып дамыған тарихын қалпына келтіру. Тарихтың шынайы соқпағы қашан да алыс, бірақ сол мақсатқа апарар жол алғашқы қадамдарымыздан, дəлірек айтсам, ақиқатқа бағытталған қадамдарымыздың алғашқы аяқ алысынан басталады” дегенде де осы ойды ескертіп отыр.

Иə, Д. Əлімғазының жоғарыда айтылған “Алысты жақсы көргіміз келсе, биікке ұмтылайық, аспан асты кең. Тарих – биіктіктің, тереңдіктің һəм ар-ұжданның ғылымы екенін есте ұстайық”  дегенін жадыма мықтап сақтаған мен де сол тарихтың түп келбетін іздеуге, табуға, көрсетуге қолымнан келгенінше талпынып отырмын.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: