Шымкенттіктерге Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының шарттары түсіндірілді

19 Қараша, 06:25 423

Солтүстік Қазақстан облысынан Шымкент қаласына арнайы делегат келді. Мақсат - тұрғындарға ерікті қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтары мен мүмкіндіктерін таныстыру, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған бағдарлама Қазақстанның еңбек ресурстарын тең бөлу, Солтүстік өңірлердегі халық санын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жүзеге асырылуда.

Кездесуде делегат мүшелері  Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрмыс жағдайлары, мемлекет тарапынан ұсынылатын жеңілдіктер мен қолдаулар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Оның ішінде: тұрғын үймен қамтамасыз етілетіндігі, жеке үй немесе пәтер алу үшін субсидиялар берілетіндігі де айтылды. Айта кетейік, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударғандарға баспана алғанға дейін 12 ай тұрғын үйді жалдау ақысы мен коммуналды төлемдер субсидияланады. Ал жұмысқа орналасу бойынша еңбек мобильділігі орталығы әртүрлі саладағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынылып, жұмысқа орналасуға көмектеседі. Кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін қаржылық және кеңестік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ, көшіп барғандар үшін білім беру саласы бойынша   мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде орындар қарастырылған.

Жиын барысында Шымкент тұрғындары ұсыныстарға  үлкен қызығушылық танытты.

Қала әкімдігі солтүстіктен келген делегаттар арасында  2016 жылы Шымкенттен  Солтүстіктің  Мағжан Жұмабаев ауданына ерікті қоныс аударған ұстаз Нұржамал Тамбаева да бар екенін атап өтті. Ол тұрғындармен кездесу барысында еліміздің солтүстік өңірі шымкенттіктердің бар әлеуетін ашатынын жеткізді.

Мамандығым – еңбек пәнінің мұғалімі. 2016 жылы Мағжан Жұмабаев ауданына өз еркіммен қоныс аударып едім. Жұмысқа орналасуда еш қиындық болған жоқ. Шымкентте қарапайым мұғалім болсам, маған ол жақта директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін ұсынды. Кейіннен аудандық білім бөлімінде басшылық қызметтерді атқардым. Зейнетке шыққан соң да аудандағы елдімекеннің біріндегі мектепте директор қызметін ұсынып еді, қабыл алдым. Жалпы Солтүстік Қазақстан жұмыс істеуге ниетті азамттың барлығына керемет мүмкіндік, - деді Нұржамал Мәметқызы.

Айта кетейік, аталған бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар аудандық мансап орталықтарына жүгініп, толық ақпарат алуға болады.

Зарина Арман
Бөлісу: