Шымкенттік полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған аруды құтқарып қалды

4 Шілде 2023, 05:02 1024

Шымкенттік полицейлер өз-өзіне қол жұмсамақ болған аруды құтқарып қалды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тұран АПБ-ның “102” арнасына көпқабатты үйдің терезесінен жас қыз секіргелі тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу патрульдік полиция полкінің автоэкипажы жіберілді. Тәртіп сақшылары келген кезде қыз ғимараттың сыртқы қабырғасында орналастырылған кондиционер блогында отырған.

Инспектор Бектұрсын Балықбаев пен Ержан Сағындықов оны секірмеуге үгіттеп, райынан қайтаруға тырысып жатқанда Жүнісқожа Қоңырбаев қолайлы сәтті пайдаланып, оны ұстап алып, пәтерге тартып кіргізді.

Қала тұрғыны зардап шеккен жоқ, онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Белгілі болғандай, ол жеке мәселелеріне байланысты өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Қызмет барысында түрлі жағдайларға тап боламыз. Әрқашан азаматтарға көмектесуге және олардың қауіпсіздігін қорғауға басымдық береміз. Бүгін дер кезінде орын алуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алдық. Біз үшін бұл ерлік емес, бұл біздің жұмысымыз. Антқа адалдық дегеніміз – адамдарды қорғау және құтқару, – дейді Жүнісқожа Темірханұлы.

Перизат Саденова
Бөлісу: