Шымкенттің Славян мәдени орталығы және оған басшылық еткен тұлғалар: 28 жылғы жүйелі жұмыс

14 Тамыз 2019, 11:48 2396513

Оңтүстік Қазақстан облысының славян мәдени орталығы 1991 жылы ұйымдастырылып, әділет органдарында тіркелген. Бұл өз қызметін Орталықтың Жарғысына және Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асыратын қоғамдық ұйым.

Оңтүстік Қазақстан облысының славян мәдени орталығын құруға бастамашылық жасаған – оның тұңғыш төрағасы, археолог ғалым, публицист, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің алғашқы жинағының авторы Николай Павлович Подушкин.

Н. Подушкин Облыстық славян мәдени орталығының төрағасы қызметін босатқаннан кейін, оның жеке өтініші бойынша осы қоғамдық бірлестіктің басшысы ретінде облыстық қуыршақ театрының директоры – Валентин Иванович Малюченко сайланды.

1991 жылдан бастап 2009 жылға дейін үйлестіру кеңесінде төрағаның орынбасары қызметін атқарып, мәдени орталық жұмысының негізгі проблемалары, оларды шешу жолдары мен әдістерінен хабардар болған азамат.


Есептік-сайлау конференциясында және жаңадан сайланған үйлестіру кеңесі басқармасының алғашқы отырыстарында қызметтің негізгі бағыттары белгіленді. Активтің өзін-өзі іске асыруы және белсенділігі негізінде жоспарлар жасалып, онда славян халқының қажеттіліктері толық ескерілді.

Басым бағыт – отандастарды шоғырландыру және біріктіру болып анықталды. Бұл ретте славян орталығы тек этникалық славяндар мен этникалық ресейліктерді ғана емес, сонымен қатар Ресейдің оқу орындарын бітірген немесе сонда жұмыс істеген басқа да ұлт өкілдерін, Ресей мәдениеті мен тарихын, А. Пушкинннің тілін дәріптейтін адамдарды біріктіруге баса назар аударылды.


Соңғы жылдардағы маңызды іс-шаралар ретінде жыл сайын «Қазақ Романсиадасы» атты халықаралық романс орындаушылар конкурсын өткізу, ол бүгінгі таңда Орталық Азия мен Қазақстандағы орыс және қазақ романстарының танымал орталығына айналды. Осы орайда Ресейдің өнер қайраткері, «Романсиада» Мәскеу халықаралық конкурсының көркемдік жетекшісі Галина Преображенская хаттарының бірінде: «Бүкіл Ресей романсы қоғамдастығының атынан Оңтүстік Қазақстан облыстық славян мәдени орталығының төрағасы Ю.Г. Кирюхинге орыс және қазақ мәдениетінің игілігіне адал қызметі, керемет ұйымдастырушылық қабілеті, Шымкенттегі конкурста қалыптасқан шығармашылық көңіл-күй үшін шын жүректен алғысымды жеткізгім келеді. Әрине бұл алғысым Юрий Георгиевичпен қатар оның сенімді әріптестері мен мықты командасына да арналады»,- деп жазады.


Ю. Кирюхиннің басшылығымен облыстық әкімдіктің, «Единство в разнообразии» журналының, «Южный Казахстан», «Рязанские ведомости» қоғамдық саяси газеттері редакциясының қатысуымен ұйымдастырылған Халықаралық поэзия байқаулары кеңінен танымал бола бастады. Осы байқаудың мақсаты – орыс тілінде жазатын Орталық Азия мен Ресей әдебиетшілері арасында шығармашылық байланыстарды тереңдету, өңірлердің орыс-славян және ұлттық интеллигенциясының мәдени мұрасын сақтау, оны жас ұрпаққа жеткізу болып табылады.


Орталық Басқармасы жастармен тиімді жұмыс жасай бастады. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтының ректораты және Дүниежүзілік тарих кафедрасымен бірлесіп, «Жаңа ұрпақ» атты студенттер мен оқушылар арасында Олимпиадалар өткізді. Бұған облыстың жоғары оқу орындарынан мыңнан астам студенттер мен оқушылар қатысты. Жеңімпаздар сыйлық ретінде Ресейдің тарихи орындарына тегін саяхатпен марапатталды.


«Өткен жылдар повесі жастардың қаламымен», «Ата-бабаларымыздың ойын-сауықтары» атты мәдени-ағарту бағдарламасы, Славян жазуы мен мәдениеті күндеріне арналған оқушылар арасындағы шығармалар конкурсы, Пушкин, Лермонтов, Есенин оқулары жастар арасында қызығушылық тудырды.


Облыстық славян мәдени этнобірлестігінің белсенді көмегімен А. Пушкин атындағы кітапхана жанында Ю. Кирюхиннің бастамасымен құрылған Ұлттық әдебиет орталығында Оңтүстік Қазақстанның көпұлтты мәдениеті мен өнеріне үлес қосқан белгілі қайраткерлердің мерейтойларын атап өту дәстүрге айналған.


Алға қойған жоспарды іске асыруға ат салысқандар - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, облыстық орыс драма театры, опера және балет театры, Шымкент қаласының Оқушылар сарайы, кәсіпкерлер, облыстың спорт қайраткерлері. Ақпаратты сүйемелдеушілер - «Южный Казахстан», «Рабат» газеттері, «Отырар» телекомпаниясы және тағы басқалары.


2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Ю. Кирюхин қоғамдық келісімді нығайтуға және елімізде халық бірлігін қамтамасыз етуге қосқан сүбелі үлесі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерекелік медалін алды.


Бұған дейін, 2014 жылы қазанда Ю. Кирюхин Ресеймен достықты және ынтымақтастықты нығайтуға, шетелде орыс тілі мен мәдениетін сақтауға және танымал етуге қосқан қомақты үлесі үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Жарлығымен Александр Пушкин медалімен наградталды.

2016 жылы Астана және Қазақстан Митрополиті Александр діниаралық төзімділікті, бейбітшілік пен келісімді сақтауға қосқан үлесі, шіркеулік еңбектері үшін Ю. Кирюхинді епископ Верненский Пимен орденімен наградтады.


Бұдан басқа, Кирюхин тағы да сегіз мерекелік медальдармен наградталған.

Ю. Кирюхин – Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Шымкент қаласының Құрметті азаматы.

Айтпақшы, ағымдағы жылы бейбітшілік, мейірімділік пен келісім адамы Юрий Кирюхин 75 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихы мемлекеттік архивінде өлкенің, облыстың, қаланың дамуына елеулі үлес қосып, халық арасында құрметке бөленген адамдар туралы құжаттар молынан сақталған. Осы құжаттар арасында 75жасқа толып отырған Юрий Георгиевич Кирюхиннің де құжаттары жетерлік.


Юрий Георгиевич үлкен өмір мектебінен өткен адам. Ол Талдықорған қаласында туған. Мектеп аяқтағасын, каменщик ретінде жұмыс істеп, кешкі мектепте білім алады. Кейін Орал педагогикалық институты, Армия қатары, Шымкент пединституты болды. Тағдырдың жазуы бойынша ол физика пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаған № 20 Титов атындағы мектеп пен оның зейнеткерлікке шыққаннан кейін жұмыс істейтін жерінің мекенжайы бірдей болды (Славян мәдени орталығы бір кездері № 20 мектеп ғимаратында орналасқан).

Жас маманның ұйымдастыру қабілеті, еңбексүйгіштігі мен табандылығы көзге түсіп, оны Шымкент облыстық комсомол комитетіне инструктор ретінде шақырады. Кейіннен ол кәсіби-техникалық білім беру секторының меңгерушісі, насихат және мәдени-бұқаралық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады.


Юрий Георгиевич партиялық жұмысы кезінде адамгершілік, идеология, әскери-ұлтжандылық, интернационалдық тәрбиеге ерекше назар аударып, жауапкершілікпен қараған.

1991 жылғы 1 наурыздан бастап Шымкент облыстық халық депутаттары кеңесінің қаулысымен Ю. Кирюхин облыстық «Южный Казахстан» газетінің бас редакторы лауазымына тағайындалды.

Юрий Георгиевич зейнеткерлікке шыққан соң демалысқа кетпеді, ол Оңтүстік Қазақстан облыстық славян этномәдени орталығының төрағасы болып, тілдің, ұлттық мәдени құндылықтардың, ұлтаралық келісімнің сақталуына зор үлес қосты.


Ю. Кирюхин Ресей елшілігі мен консулдығымен тығыз байланыс орната отырып, оңтүстік өңірдің интеллектуалды және мәдени дамуы үшін «Содружество» атты ұлттық әдебиет орталығын құрды, ауқымды әрі қызықты мереке, конкурстар, фестивальдар ұйымдастырды.

Юрий Георгиевичтің энциклопедиялық білімі жеткілікті, дегенмен ол әрқашан ізденіс үстінде. Әрдайым жаңалыққа жаны құштар бола тұра, мінезі өте сыпайы, тәрбиелі, нағыз интеллигент адам.

2016 жылғы ақпанда Юрий Георгиевич Облыстық славян мәдени орталығының төрағасы өкілеттігін «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Марина Лимаренкоға тапсырды. Бұл ретте ол «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан филиалының жетекшісі қызметін сақтап қалды.


2018 жылғы 5 қазанда балалар және жасөспірімдер орталығында Шымкент қаласы славян қоғамдық ұйымдары өкілдерінің жиналысы өтті.

Жиналыс негізінен славяндардың қалалық мәдени орталығы үшін құрылтай жиналысы болды. Ю. Кирюхин мен Түркістан облыстық славян мәдени орталығының төрағасы Марина Лимаренко, Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Денис Пономаренко, «Отандастар» құқық қорғау ұйымының төрағасы Александр Подвиг, Қазақстан Республикасы православиелік ағарту қоғамы облыстық филиалының жетекшісі Алина Соловьева қатысушыларды проблемалық мәселелерді шешіп, көптеген қоғамдық бірлестіктердің жұмысын дұрыс бағыттауға шақырды. Барлығы жұмылып Жаңадан құрылған Қалалық славян орталығы жұмысының негізгі бағыттарын анықтады. Оның Басқармасының құрамына бірауыздан 7 белсенді адам сайланды.


Еліміздің үшінші мегаполисінің Славян мәдени орталығының жетекшісі лауазымына Шымкент қаласы Балалар және жасөспірімдер орталығының директоры Наталья Романова ұсынылды. 


Оны бәрі бірауыздан қолдады. Романованың басшылығымен жаңа қызықты жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырыла бастады.

Романова Наталья Сергеевна 1957 жылы туған, білім жоғары, педагогикалық еңбек өтілі – 41 жыл.

Н. Романованың бастамасы бойынша Шымкент қаласы Білім басқармасының «Оқушылар сарайы» ЮНЕСКО Клубы Қазақстандық Ұлттық Федерациясының құрамына өтті.

Оқушылар сарайы ұжымының қызметі Білім және ғылым министрлігі тарапынан жоғары бағаланып, осы мекеме мектептен тыс білім берудің «Алтын кітабына» енгізілді.


Романова Наталья Сергеевна бастамашыл, шығармашыл, сауатты басшы. Күнделікті еңбегімен жас буынды ұлтжандылыққа, төзімділікке, жауаптылыққа тәрбиелеу ісіне белсенді үлес қосып келеді. Н. Романованың бастамасымен құрылған «Мектеп жастары қауымдастығы» – балалар қоғамдық бірлестігі жас ұрпақты тәрбиелеудегі қарымды қадам. Бұл бірлестік бүкіл қала мектептерінің көшбасшылары мен белсенділерін тәрбиелейді.


Романова Наталья Сергеевна «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі», Ы. Алтынсарин төсбелгілерімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық бірлік Алтын медалі» қоғамдық наградасымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталды.


Этносаралық келісім мен бірлікті насихаттауға бағытталған көптеген облыстық, қалалық іс-шаралар сценарийлерінің авторы, түрлі фестивальдар мен конкурстар ережелерін әзірлеуші.


Наталья Сергеевна 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденімен және 2019 жылы «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісімен наградталды.


Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Әсем Жұмабекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Әсем Жұмабекова
Бөлісу: