Шымкенттегі өнеркәсіп кәсіпорындарының жағдайы қалай?

12 Қыркүйек 2023, 05:34 913

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің міндетін атқарушы Ілияс Оспанов Шымкент қаласындағы өндіріс орындарының әлеуетін бағамдап қайтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол «Бал-Текстиль» ЖШС мен «Әлем-БТ» ЖШС, MEGA Smart ЖШС, «АГФ Групп»ӨК» және «Мақта-Целлюлоза» ЖШС фабрикаларында болып, жұмыс процесімен танысты. 

Сапар барысында кәсіпорындардың технологиялық жағдайына әрі оларды жаңғырту деңгейіне талдау жүргізілді. 

Айта кетерлігі, ауқымды өндіріс орындарының бірі «Бал-Текстиль» жіп өңдеу және кілем шығару фабрикасы бүгінде 300 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сонымен қатар вице-министр жалпы құны 1800 млн теңгені құрайтын «Әлем-БТ» ЖШС шұлық фабрикасына барды. Бұл жерде жылына 20 млн жұп шұлық өндіріледі. 

Зауыт 2015 жылы пайдалануға беріліп, 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған. Ал, 2016 жылы іске қосылған Mega Smart ЖШС жобасының жалпы құны 545 млн теңге. 

Өндіріс орнында жылтыр плиталар мен жиһаз шығарылады. Зауытта  шығарылатын өнім нарықта жоғары сұранысқа ие. Жылтыр плиталарды Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспорттау мәселелері пысықталуда.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің м.а. Ілияс Оспанов 1300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашқан «Жұлдыз» индустриалды аймағында да болып қайтты. 

Өнеркәсіп 2023 жылы құны 41 млрд теңге болатын 12 жобаны қосуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге 2012 жылы өз жұмысын бастаған «АГФ Групп» ӨК» ЖШС тігін фабрикасы да назардан тыс қалмады. Фабрикада өндірілген өнім көлемі 8 268 млн теңгені құрайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: