Шымкенттегі “гүл ұрлау операциясы”: Тағы бір қызметкер сөгіс алды

15 Тамыз 2023, 10:10 1288

Шымкентте дүкеннен гүл шоғын күшпен алып кеткен ер адамның жанында болған лауазымды қызметкер анықталды, деп хабарлайды El.kzақпарат агенттігі. 

Желіде таралған бейнежазбадан гүл ұрламақ болған адамның жанында Түркістан облысы Еңбекші аудандық Мемлекеттік кірістер басқарма басшысының орынбасары Данияр Елқонды болғаны белгілі болды. Ол қатаң сөгіс алған. 

Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 34-тармағына сәйкес Д.Елқондыға Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жаза қолдану мақсатында материалдар Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысына жолданды. Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер азаматтармен сыпайы қарым-қатынас орнатып, дөрекілікке, ар-намысты қорлауға, әдепсіздікке жол бермеуі керек, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 8 мамырда ер адам флористті қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен. Ол 1989 жылы туған Б. есімді азамат. Әкесі жоқ, анасы зейнеткер.

Тұран АПБ-ның 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқтығын айтып, арыз жазудан бас тартқан.

Бұл жайтқа қатысты Тұран АПБ-да ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен «Жәбiрленушiнiң өмiрiне н/е денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау» сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат ағымдағы жылдың 19 мамырында отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау АПБ-ның бұрынғы қызметкері екені анықталды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: