Шымкентте жаңа туған нәрестеге күрделі екі ота жасалды

28 Қаңтар, 21:49 476

Шымкент қалалық Перинаталдық орталығында жаңа туған қыз балаға екі күрделі ота жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

2100 грамм салмақпен ауыр жағдайда дүниеге келген сәби қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған. Дәрігерлер оған туа біткен жүрек ақауы, II дәрежелі жүрек жеткіліксіздігі, ойық жаралы некротикалық энтероколит және туа біткен ішек өтпеушілігі сияқты ауыр диагноздар қойған.

Балалар хирургы мен кардиохирургтың қатысуымен сәбиге бір мезетте екі күрделі ота жасалды. 34 аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген шала туған нәрестеден жатырішілік инфекция мен жаңа туған баланың гемолитикалық ауруы да анықталған.

Қазіргі уақытта сәби неонаталды хирургия бөлімі мамандарының жіті бақылауында. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.

2024 жылдан бері Шымкент қалалық Перинаталдық орталығында неонаталдық хирургиялық оталар жасалып келеді. Осы уақыт аралығында ішкі ағзаларында ақауы бар 40-тан астам нәрестеге күрделі ота жасалған.  

Орталық бас дәрігері Гүлбану Сыздықованың айтуынша, 2024 жылы мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылған. Пренаталдық ультрадыбыстық скринингке арналған жоғары деңгейлі аппарат пен бір күндік клиникада скрининг жүргізуге арналған криптор аппараты сатып алынған. Сонымен қатар, акушер-гинекологтар, неонатологтар және реаниматологтар шетелдерде кәсіби білімдерін жетілдірген. Осы шаралардың нәтижесінде, нәресте өлім-жітімі 1,5 есеге, ал ерте неонаталдық өлім-жітім 2 есеге төмендеген.  

Орталықтың маңызды жетістіктерінің бірі – госпитальдық фармация бөлімінің ашылуы. Бұл бөлім дәрігерлердің тағайындаулары бойынша дәрі-дәрмектерді уақтылы және сапалы дайындауға, олардың тиімді қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.  

2024 жылы консультациялық-диагностикалық бөлімде 8 116 жоғары қауіп тобына жататын жүкті әйел қаралған. Орталықтың жетістіктері мен жаңашылдықтары аймақтағы ана мен бала денсаулығын қорғауға үлкен үлес қосуда. 

Асқар Таудай
Бөлісу: