Шымкентте жаңа ипподром пайдалануға берілді

20 Наурыз 2023, 19:11 1555

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында лентасы қиылған ипподромда Great Qazaq Games этнофестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Бозарық елдімекенінде салынған ипподромның ашылу салтанаты Qazaq Great Games — «Ұлы қазақ ойындарынан» басталды. Салт ат мінген қыз-жігіттер ипподромның жарыс жолында шауып өтіп, қыз қуу, теңге ілу, атқа мініп түрлі трюк көрсетті. Сосын күн мен түн теңеліп, дүние жаңаратын Әз Наурыз мейрамының бейнелейтін сахналық қойылым болды.

Бұдан кейін ипподромның жарыс жолынан Қазақстанның төрт бұрышы: батыс пен шығыс, солтүстік пен жергілікті оңтүстік өңірінің делегациясынан құралған көш керуені салтанатты рәсіммен жүріп өтті. Керуен қатарында өнерпаздар мен спортшылар бар. Әр керуенді сол аймақтан шыққан эстрада не дәстүрлі әншілер бастап жүрді.

Мерекелік қойылым соңы ипподромның ресми ашылуына ұласты. Ипподромды BI Group құрылыс компаниясы салған. Сондықтан BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев ортаға шығып сөз сөйледі.

 Бір жарым жыл бұрын Шымкент қаласына жаңа ипподром салып береміз, деп уәде еттік. Міне, Наурыз мерекесі қарсаңында сол уәдені орындап, ипподром құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отырмыз. Бұл еліміздегі ірі ипподром кешені болып отыр. Сенім білдіргендеріңізге рахмет, — деді Айдын Рахымбаев.

Осы тұста еске салайық, жаңа ипподромды BI Group компаниясы өз қаржысына салды. Дәлірегі, Шымкенттің ескі ипподромы орналасқан жерді тұрғын үй құрылысын салуға алып, соның қайтарымына осы ипподромды салып беріп отыр. Бұрынғы ипподром жері Жайлаукөл аймағы мен Наурыз алаңы маңындағы ат шаптырым жерде орналасып, КСРО заманында сол кездегі Қазақстан Компартиясы Шымкент облыстық комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған еді. Қазір тарихи ипподром орнына көпқабатты тұрғын үй түсіп жатыр.

Жаңа ипподромның ашылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов сөз алды.

Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық спортты дамытуға әсер беретін үлкен нысанның ашылуына куә болып отырмыз. Біріншіден, тек қаламыздың ғана емес, еліміздің ұлттық ат спортын дамытуға елеулі үлес қосатын осы ипподромды салып беріп, қалаға сыйлағаны үшін BI Group компаниясының басшылығына қала жұртшылығы мен өз атымнан үлкен алғыс айтамыз. Бүгінгі іс-шараға ел дамуына атсалысқан ақсақалдарымыз, түрлі сала өкілдері келіп отыр. Жалпы «Наурыз Шымкенттен басталады» деген мерекелік іс-шарамыз жыл сайын өтіп, тұрақты әрі дәстүрлі іс-шараға айналады, деп ойлаймыз, — деді М.Әйтенов.

Содан кейін BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев атшабардың символы тағаны қала әкімі Мұрат Әйтеновке сыйлады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен

Жаңа ипподромда 1 500 көрермен сыятын трибуна, ат ұстайтын манеж, ветеринар бөлімі, автотұрақ пен дәмхана бар. Мұнда тек қалалық, республикалық емес, әлемдік деңгейдегі ат спорты жарыстарын өткізуге болады екен.

Осылайша, ипподром ресми ашылып, Great Qazaq Games этнофестивалі де басталды. Фестивальге 1000-нан астам қазақстандық және 100-ден астам шетелдік спортшы, өнерпаз, аспаз бен ісмер қатысып жатыр.

 Этнофестиваль төрт бағыт, атап айтқанда, Ulttyq oiyn (аламан бәйге, көкпар, топ бәйге, аударыспақ, құнан бәйге, қазақ күресі, теңге ілу, жамбы ату, садақ ату), Ulttyq tagam (бауырсақ, қымыз, сірне, шұбат, жент, қуырдақ, ет), Ulttyq oner (терме, жыр, қобыз бен домбырада күй, дәстүрлі ән, жетіген, айтыс, би) және Ulttyq kiim (қамзол, сәукеле, қалыңдық киімі, тақия, шапан, ерлер киімі үлгілері) бойынша сайысқа түсіп жатыр, – дейді Great Qazaq Games этнофестивалінің бас продюсері Жан Мұханов.

Еске салайық, 20 наурызда «Ұлы қазақ ойындары» 22 наурызда аяқталады. Сол күні ақтық кезең ойындары өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 100 млн теңге. Кіру — тегін. Ипподромға жеңіл көлікті өткізбейді, қала ішінен қатынайтын автобус арқылы жетуге болады.  Жолақысы — адам басына 70 теңге. Автобустар Қажымұхан атындағы Орталық стадион маңайынан әр 15 минут сайын жүреді.

EL.KZ
Бөлісу: