Шымкентте теміржол вокзалын қайта құру жұмыстары биыл аяқталады

28 Маусым 2023, 07:20 1137

Шымкентте теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге қайта құру жұмыстарының барысын қадағалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Шымкент әкімдігінің мәліметінше, реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір сағатына 2 мың адамды құрайды.

Қайта құрудан кейін вокзал сағат сайын 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады, - делінген мәліметте.

Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір бірінші, екінші қабаттың демонтаждау жұмыстары басталды. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қалаға сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Перизат Саденова
Бөлісу: