ШЫМКЕНТТЕ ТҮРІК ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІК ӨКІЛДЕРІ ЖАСТАРМЕН БИЗНЕСТЕГІ ТӘЖІРИБЕЛЕРІМЕН БӨЛІСТІ

12 Ақпан 2019, 04:16 2340

Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының «Халықтық бренд» жобасы аясында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген түрлі этнос өкілдері көпшілікке өздерінің бизнестегі тәжірибелерімен бөлісіп келеді.

Осы жолы қалалық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі болып табылатын табысты кәсіпкерлер жастар үшін арнайы шеберлік сабағын өткізіп, табысқа жетудің құпиясы жайлы айтып берді. 

Жиынды ашқан қалалық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов алдымен жобаның маңызына тоқталып, бүгінде этномәдени бірлестіктер мәдени шаралар өткізумен ғана шектелмей, аймақтың экономикалық әлеуетін арттыруға лайықты үлес қосып келетінін айтты.

«Фиркан» ЖШС супермаркеттер мен кондитерлік өнімдер желісінің басын біріктіріп отырған танымал компания. Онда бүгінде мыңнан аса адам еңбек етеді. Компанияның коммерциялық директоры Идрис Аскаров жиында алдымен компанияның алғашқы құрылған күнінен бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын баяндап берді. Қазіргі кезде кәсіппен айналыса жүріп білім жинақтауды дағдыға айналдырудың маңыздылығын да сөз етті.

Ал, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды даму басқармасының бөлім басшысы Үсен Исаев бизнес негіздері бойынша оқу, бизнес-жоспар жасап кәсіпті ілгерілету, бизнес бастамаларды қаржыландыру бағытындағы мемлекеттік қолдауларға тоқталды.

Еркін де ашық сипатта өткен басқосуда кішігірім кәсіптен бастап үлкен бизнеске дейінгі жолда керекті кеңестер берілді. Бастаған істе нақты жетістіктерге жетуде біліммен қатар, жаңа технологияны дұрыс қолданып, инновациялық даму жүйесінің болуы қажеттігі сөз болды.

Бөлісу: