Шымкентте «Sen» атты жас әйелдер форумы өтті

7 Наурыз 2023, 20:27 1367
Шымкент қаласында SEN 1-ші қазақстандық жас әйелдер форумы өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған форумға Шымкент қаласының іскер әйелдері қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
 
Форум ұйымдастырушылары «Өзіңе сен, отбасыңа сен, еліңе сен – сенің қолыңнан бәрі келеді!» деген ойды жастарға жеткізуді көздейді.
 
- Өмірдің әрін де, нәрін де кіргізетін, тіршілікке мән сыйлайтын абзал жандар, бұл – әйелдер қауымы. Мерекенің бастауы да, шаңырақтың шаттығы да, мейірімнің ұясы да, әсемдіктің қайнар көзі де – Сіздер. Қазақ қыздарының тарихта қалдырған ізі аз емес. Міне, осындай ардақты аруларымыздың даңқты жолын Сіздер абыроймен жалғап келесіздер, – деген Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласында әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашылғанын атап өтті.
 
М.Әйтеновтің айтуынша, отбасы институтын, көпбалалы аналарды, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығына айналып отыр.
 
Айта кетейік, форум қатысушыларының арасында «Бизнес инкубатор» байқауының жеңімпазы атанған студент қыздар, «Атамекен», «Даму» корпорациясынан грант ұтып алған әйелдер, өзінің отбасылық бизнесін енді ғана бастаған көпбалалы аналар бар. Олар форум аясында көшбасшы әйелдердің табысқа жету жолдарымен танысады. Өз кезегінде табысты, іскер әйелдер өзін өзі дамыту, карьералық өсу, қаржыны басқару, денсаулықты күту мен жеке өмірге қатысты пайдалы кеңестерімен бөліседі.
 
Ұйымдастырушылар бұл форум Қазақстандағы жас әйелдердің дамуына қолдау көрсету бағытындағы нақты қадам боларына, жас әйелдердің өз күші мен мүмкіндіктеріне деген сенімін нығайтатынына, олардың отбасының маңызы мен ел дамуындағы әйелдер қауымының рөлі қаншалықты маңызды екенін түсінуіне көмектеседі деп есептейді.
EL.KZ
Бөлісу: